Үздік фототілші анықталды

Елордамызда «Хан Шатыр» сауда ойын – сауық орталығында «Ауыл» партиясы республикалық «Ауыл нақыштары» фотобайқауының жеңімпаздарын анықтады. Сондай – ақ байқаудағы ең үздік жұмыстардың көрмесі қойылды.
Биылғы байқауға еліміздің 20 өңірінен 678 қатысушыдан ұйымдастырушыларға 3366 фотосурет жолданды. Жұмыстар «Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж» секілді негізгі номинациялар бойынша қабылданды. Сонымен қатар биыл алғаш рет «Ауылдағы бақытты балалық» атты жаңа номинация енгізілді.
«Ауыл» партиясы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен шығарған «Ауыл нақыштары» көркем фотоальбомының ресми таныстырылымы өткізілді.
Іс – шара барысында театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Рахметоллаұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев, Қарақат Жақсылыққызы, Анас Ахатұлы фотоальбомның тұсауын кесті. Фотоальбомға биылғы байқауда ерекшеленген туындылар енгізілген.
Байқаудың тағы бір маңызды бөлігі – «Көрермендер көзайымы» номинациясы. Бұл номинация бойынша жеңімпаз Telegram желісіндегі дауыс беру нәтижесінде анықталды. Әлеуметтік желі қолданушылары 10 финалист арасынан өзіне ұнаған жұмысты таңдады. Аталмыш номинацияны Атырау облысының фототілшісі Маркс Қалқаманов жеңіп алды.
Сондай – ақ негізгі «Ауыл пейзаждары» номинациясында 3 – орынды Ерлан Омаров, 2 – орынды Мейірбек Тажкуранов және 1 – орынды Досжан Балабекұлы иеленді. Ал «Еңбек адамының фотопортреті» номинациясында 3 – орынды Қайсар Шерімов, 2 – орынды Тлеубек Шаяхмет алса, 1 – орынды Ержан Нұрпеисов жеңіп алды. Кезекті «Фоторепортаж» номинациясында үздік жұмыспен танылып, 3 – орынмен Азамат Хусаинов марапатталса, 2 – орынды «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров иеленді. Бұл номинацияда 1 – орынды Мейірбек Тажкуранов жеңіп алды. «Ауылдағы бақытты балалық» номинациясының жеңімпазы Батыс Қазақстан облысының фотожурналисті Мират Қоржынбаев атанды. Байқауда топтан қара үзіп шығып, шығармашылығымен көпті тәнті еткен Мақсат Шағырбаев «Ауыл нақыштары» республикалық фотобайқауының бас жүлде иегері атанды.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



