Үздік актер атанды

Жуырда елорданың «Жастар» театрының актері Бахыт Қажыбаев Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің халықаралық кинофестиваліне қатысып, «Набат операциясы» көркем фильміндегі басты рөлі үшін «Үздік актер» аталымын жеңіп алды.
Шынайы оқиға желісімен түсірілген бұл фильм Шәкен
Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Фильмнің қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов. Қоюшы операторы – Ернұр Рыспаев. Сценарий авторлары – Рашид Сүлейменов, Илхам Джалилов, Рустам Азаматов.
Аталмыш туынды 1992 жылдың 22 ақпанында орын алған қылмыстық оқиға туралы баяндайды. Қызылорда-Сарыағаш бағытымен шыққан автобустағы 30 жолаушыны түрмеден қашқан 5 қылмыскер кепілге алады. Фильмде басты кейіпкердің бірін Бақыт Қажыбаев сомдайды.
Актер көпшілікке «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян қазақ» фильмдері арқылы таныс. Қос туындыда да ол Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының бейнесін сомдады. Ал театрға келсек, 2007 жылдан бері астаналық «Жастар» театрының әртісі. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Драма және кино актері» мамандығы бойынша Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасын аяқтады. Астанада ұстазы ашқан аталмыш театрдың құрылуына атсалысты. Содан бері сахнада көптеген бейнені кескіндеді. Соның ішінде Ғабит Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде Қодарды, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясында Петручионы, Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» ноктюрнында суретшінің және т. б. кейіпкерлерді ойнады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ