Ел тынысы

Үшінші сессия: нәтиже қандай?

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды. «Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл – бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың маңызды кезеңі, межелі белесі.

Шын мәнінде, қазіргі сайланым Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де, дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы Президент реформаларының алғы шебінен көрінді» деді жабылу салтанатында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, Парламент депутаттары әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеді. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. «Парламенттің күнделікті жұмысы, ең әуелі, осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған бас­ты міндеттері біздің жұмысқа серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің Сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды. Сессия барысында біз әлеуметтік сая­сат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік» деді Мәжіліс төрғасы.

Осы орайда ол бұл қадамдар еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапқанын атап өтті. Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. «Биылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлемі де, оны алушылар саны да артты. Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарланған. Кейінгі 5 жылда стипендия екі есе дерлік өскенін атап өткен жөн. Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстемеақы қарастырылды. Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді. Аталған шараның бәрі азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді» деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері депутаттар жолдаған сауалдарға меморгандардың берген жауабы көңілден шықпайтынын ашық айтты. «Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. Біз Үкіметпен бірге осы мәселелерді жүйелі шешуіміз керек. Келесі сессияда Үкімет мүшелерін арнайы шақырып, жоғарыда айтылған мәселелерді талқылау жоспарымызда бар» деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы мемлекеттік органдар мен депутаттық корпустың бірлескен жұмысының жақсы үлгілері де бар екенін айтты. «Мысалы, ауыл халқының табысын арттыруда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, ауыл әкімдерін оқытуда және азаматтардың шамадан тыс қарыз алуы проблемаларын шешуде ортақ жұмысымыздан елеулі нәтиже көріп отырмыз. Сайлаушылардың талап-тілектері бойынша Үкімет есебін тыңдауға арналған отырыстарымыз да өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Өңірлерге сайлаушылармен кездесуге барған сайын депутаттар халықтың бір жарым мыңнан астам мәселесі мен аманатын арқалап келеді. Осы сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елді мекенге барып, азаматтармен 1 200 кездесу өткізді. Онда көтерілген барлық мәселе Үкімет алдына қойылды. Біз оларды бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бойынша, арнаулы жалпы отырыста талқыладық» деді ол.

Сондай-ақ палата басшысы Үкімет Парламентке хат жазу арқылы мәселені шешуді әдетке айналдыра бастағанын мәлім етті. «Конституция бойынша, депутаттармен қатар Үкіметтің де заңға бастамашылық етуге құқы бар. Алайда заң жобасын өздері әзірлеу орнына, министрліктер мәселені депутаттардың түзетулері арқылы немесе Парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдыра бастады. Үкімет регламенті бойынша, түзетулерді заң жобасын Мәжілісте талқылау кезеңінде енгізу туралы норма бар. Бірақ министрліктер тарапынан ол нормаға тым жиі жүгіну орын алып отыр. Кейде ондай түзетулер тіпті жалпы отырыс өтетін күні келіп түсіп жатады» деді Мәжіліс спикері. Оның айтуынша, осы сессияда аталған тармақ бойынша Үкіметтен келіп түскен хаттар саны екі есе артты. «Ал бұл тармақ ерекше жағдайларда, Мемлекет басшысының шұғыл тапсырмаларына немесе дереу шешуді қажет ететін маңызды мәселелерге ғана қолданылуы керек. Негізінде мұндай маңызды мәселелер Үкімет қабырғасында жан-жақты пысықталып, терең зерттеліп, хат түрінде емес, заң жобасы ретінде рәсімделіп барып Парламентке түсуге тиіс. Мұның бәрі заң жобаларының Парламенттен өтуін қиындатады және сапасын төмендетеді» деді Ерлан Қошанов.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button