Мәдениет

Үш тұлғаның тағылымы

Астана қаласы Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесіне қарасты №12 көпшілік кітапханада «Абай, Мұхтар, Қайым – біртұтас әлем» атты дөңгелек үстел отырысы мен «Әлемдік ойдың алыбы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау. Оған елордадағы Байқоңыр ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері және кітапхана оқырмандары қатысты.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы» деген тұжырымын негізге алған ұстаз, ғалым, Білім беру ісінің үздігі Оқан Рахымбайұлы үш алыптың өнегелі өмірі мен рухани сабақтастығы жайында әңгіме өрбітті. Абайдың даналық сөздері мен идеяларына тоқталып, оны бүгінгі қоғамда рухани бағыт-бағдар ретінде ұсынудың маңызы жайлы айтты. Соның ішінде Абайдың, Мұхтардың және Қайым Мұхамедхановтың рухани сабақтастығын дәріптеу арқылы ұлттық таным мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясына тоқталды.

Жиында Абай Құнанбайұлының шығармаларын ұлттық идеологияның рухани өзегі ретінде насихаттау, Абай, Мұхтар және Қайым сынды үш ірі тұлғаның өмірі мен мұрасын жастар арасында кеңінен дәріптеу, Абай әлемі арқылы жастарды елге, ұлтқа адал қызмет етуге, адамгершілік пен парасаттылыққа тәрбиелеу, Мемлекет басшысының «Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деген бастамасын қолдау және оны жүзеге асыруға үлес қосу мәселелері талқыланды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button