Басты ақпаратҚала мен сала

Өндірісі өркендеген елорда

Үш өнім ұсынған кәсіпорын

Елорданың ішінде ірі кәсіпорындар көрінбегенмен, қаланың шеткі аймағындағы №1 индустриялық парктің аумағында көптеген ірі өндіріс ошағы шоғырланған. Мұндағы отандық өндірісті дамытуға айрықша үлес қосып жатқан кәсіпорындарда мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ индустриялық паркте шетелдік инвесторларға да жұмыс жүргізуге жан-жақты жағдай жасалған.

Иә, бір мезетте үш түрлі өнім дайындайтын осы бір зауыт Астананың шетінде орналасқан. Арнайы бардық. Атауы да қызық. «Бірыңғай шоғырлану орталығы» ЖШС деп аталады. Демек, түрлі өнімді бір жерден шығаратын болған соң осылай аталған болар деп ой түйдік. Расымен де, қала маңындағы №1 индустриялық паркте бой көтерген бұл кәсіпорынның аумағы үлкен, 2 гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде өнім шығаратын цехтар мен қойма тұр. Ал күн сайын өндіріс орнының бір мүйісінен үлкен жүк көліктері дайын өнімді елдің түкпір-түкпіріне тасып жатыр. Тіпті көрші мемлекеттерге де тауар жөнелтілетінге ұқсайды.

«Біздің зауыт осы экономикалық аймақтан жер алып, 2018 жылы жұмысын бастады. Алғашқы өнімді де сол жылы шығара бастадық. Бүгінде екі ауысыммен 120 адам жұмыс істеуде. Жұмыскерлердің орташа жалақысы – 300-350 мың теңге шамасында. Екіншіден, біздің қызметкерлердің дені – 20-35 жастағы қыз-жігіттер. Қазір екі жыл болып қалды. Осы Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен меморандумға отырып, ондағы 3-4-курс жігіттерін тәжірибеден өткізуге қол жеткіздік. Яғни дуальды оқыту арқылы олар бізде жұмыс істеп әрі үйреніп, ең жақсысы, жалақы алып жүр. Тіпті олардың арасында оқуын бітіріп, бізде цех операторы ретінде қызметке тұрақтап қалғандар бар» дейді кәсіп­орынның инновациялық даму жөніндегі директоры Әлібек Шәріпов.

Бір құрылғының 13 түрі бар

Зауыт ішін аралап жүріп ал­ғашқы цехқа аялдадық. Мұнда бұғаттау-пломбылау құрылғысын өндіреді екен. Яғни теміржол саласындағы жүк тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін зат. Мысалы, бағалы заттар салынған контейнерлерді, мұнай құйылған цистерна, сауда заттары тиелген вагондардың рұқсатсыз ашылмауына арнал­ған тауарлар дайындалуда.


«Бұдан бөлек, бұғаттау-пломбылау құрылғысының қоймаға, сейфтерге, сондай-ақ коммуналдық қызметтегі су, газ, электр есептегіштерді рұқсатсыз ашудан қорғайтын түрлерін де өндіреміз. Басты тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. Олармен 1998 жылдан бері жұмыс істейміз, ол уақытта біздің өндіріс орны Алматы қаласында орналасқан еді. Қазір жылына теміржолдағы жүк тасымалына 10 миллионға жуық темір бұғаттау-пломбылау құрылғысын сатамыз» дейді Әлібек Шәріпов.

Оның айтуынша, дәл осы өнімнің пластик түрі де өтімді. Қазір Halyk Bank, Kaspi, Қаз­почта, ЭйрАстана сияқты алып компаниялар кәсіпорынның осы өніміне жиі тапсырыс береді. Айтпақшы, кәсіпорын бұғаттау-­пломбылау құрылғысының темір түрінен 3, ал пластик түрінен 10 түрлісін дайындауда.

Жақсы кәсіптің бірі – жануарлар «сырғасы»

Зауыт ішінде ауыл шаруа­шылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған «сырғалар» дайындайтын бөлек цех орналасқан. Мұнда көбіне ірі қара мен ұсақ малға арналған өнім шығады. Сонымен қатар бұл тауарға еліміздегі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты құрылымдар мен басқармалар басты тапсырыс беруші болып отыр.


«Бұл цехтың жұмысы да 2018 жылы басталды. Бір жылда 20 млн «сырға» өндіріледі. Оның
4 миллионы ірі қараға, қалған 16 миллионы қой мен ешкіге арналған. Өзіңіз білесіз, ірі қараға сиыр мен түйені жатқызамыз. Осы өнім экспортқа да шығады. Ресей, Грузия, Армения, Қырғыз­стан еліне жіберіп отырмыз. Бұған қоса, асыл тұқымды мал басына тағылатын радиожиілікті электронды құлақаспа «сырғалары» ТМД бойынша осы зауытта өндіріледі» дейді кәсіпорынның инновациялық даму жөніндегі директоры.

Оқырманға мына бір дерек әбден қызық болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министр­лігі бекіткендей, әр өңірдің төрт түлікті бекітілген сандық «сырғалау» жүйесі бар. Айталық, Түркістан облысы. Егер сол облыстан зауытқа тапсырыс түссе, «сырғаға» «Х» (өңірдің көлік сериясына ұқсас) таңбасы қойылады және оның жанына «1» не «2» деген сандық белгі түседі. Енді қараңыз, бұл жерде «Х1» белгісі Түркістан жайылымында жүрген сиыр түлігіне берілсе, «Х2» – сондағы ұсақ малға арналған шағын «сырға». «Х5» – түйеге, «Х4» жылқыға беріледі. Ескеретін бір жайт бар, жылқыға «сыр­ға» тағылмайды, оған арнайы тері астына чип қойылады екен. Ит-мысыққа да солай. Ол да осы зауыттан өндіріліп жатыр. Ал «Х3» белгісі кәдімгі «қорсылдаққа», яғни шошқаға арналған «сырға» болып есептеледі. Осылайша, еліміздегі әр өңірдің көлік сериясымен бірдей әріптік таңбасы арқылы мал басы бірдейлендіріп келеді.


Әлібектің айтуынша, дәл осы өнімді шығару үшін халықаралық сапа сертификаты қажет екен. Ол болмаған жағдайда, тауарды сату еш мүмкін емес. Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыса алмайсыз. Министрлік талабы сондай. Ал біз әңгімелеп отырған «Бірыңғай шоғырлану орталығы» ЖШС Италияға дәл осы өнім түрлерін жіберіп, әбден зерттеткенге ұқсайды. Артынша тауарды ұзақ тексерістен кейін сондағы халықаралық «ICAR» сапа ұйы­мы рұқсатын берген. Әрі бұл құжат 5 жылға жарамды.

Айта кетейік, «сырға» өндіретін жабдықтың барлығы – жаңа һәм заманауи технология. Оның ішінде Германия, Түркия және Қытай елінен келген құрылғылар жұмыс істеуде. Сондай-ақ бұл өнімнің шикізаты Қазақстанда жоқ, Еуропадан келеді.

Бір жылда 70 млн қап шығарады

Кәсіпорындағы үшінші өнім түрі – кәдімгі қап. Өзіміз білетіндей, 25 және 50 келілік затты қаптайтын өнімдер дайындалады. Оның шикізаты да (полипропилен) өзіміздің Атырау облысынан келеді. Ал серіктес­тік дайындау құрылғыларын шетелден арнайы алдырған.
«Ұн өндіретін диірмендердің көбі солтүстік өңірлерде ғой. Ақмола облысы, Қостанай немесе Петропавл облыстарын айтсақ болады. Негізі, қап шығару цехын Астанада ашу себебіміз де сол.

Жақын орналасып, тауарды жылдам жеткізуге үлкен мүмкіндік емес пе? Қазір 50 келіліктен жылына 70 миллион қап шығарамыз. Дәл осы өлшемге тапсырыс та көп түседі. Ұн, тыңайтқыш, тұз сияқты тауарларды қаптауға осы қаптың көлемі тиімді болып тұр. Ал 25 келіліктен 40 миллионға жуық қап дайындалады. Күріш, қант сияқты азық-түлік тауарларынан бөлек, цемент секілді құрылыс материалдарын қаптауға тапсырыс түсіп жатады» дейді Әлібек Қабдышұлы.

Бұл өнімге көбіне тапсырыс берушілер – астық компаниялары. Сондай-ақ тыңайтқыш өндіретін «Қазфосфат», «ҚазАзот» сынды ірі химия зауыттары да осы кәсіпорын өнімін тұтынып отыр.
Әлібек Шәріповтің айтуынша, зауытқа әлі де техникалық мамандық иелері керек. Түрлі станокпен жұмыс істей алатын немесе үйренуге талабы бар жастарды кәсіпорын басшылығы жұмыс барысын өздері-ақ үйретіп алатынын айтып отыр.

«Менің бұл зауытқа келгеніме 9 ай толды. Үй жануарларына тағылатын «сырғалар» дайындайтын цехта жұмыс істеймін. Яғни сол өнімді нөмірлеп, штрих-код қойып отырамын. Өзім Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне грантпен түстім. Биыл бітіремін. Мамандығым – инженер. Бізге дуальды оқыту арқылы зауытпен келісім болғанда, 25 студент болып осында ойланбастан тәжірибеден өтуге келдік. Мұнда көп нәрсені үйреніп қана қоймай, жұмыс істеп, жалақы да аламыз. Өз басым екі рет күндізгі, екі рет түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Екі күн демалысым бар. Бастысы – жұмыс та, ұжым да өзіме өте ұнайды» дейді цех операторы, 20 жастағы Ілияс Сейітов.

Ілияс жоғары оқу орнын бі­тіріп, диплом алған соң осы кәсіпорында тұрақты жұмысқа қалатын ниетін де жасырмады. Әрі ол қатарластарының «мұндай кәсіпорынға көптеп келсе» деген ойын ашық білдірді.

Айта кетейік, «Бірыңғай шоғырлану орталығы» ЖШС өз қызметкерлерін ұдайы қолдап отырады. Мерекелерде, сондай-ақ үлкен тапсырыстарды орындап бітісімен айлыққа қосымша сыйақы береді екен. Азық-түлік себеті қосымша таратылады. Қаладан келетін жұмысшыларға тасымал үшін арнайы екі шағын автобус қарастырылған. Қосымша қызметкерлерге арнайы жұмыс киімі беріліп отырады.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button