Мәдениет

Үш дарынның әндері әуеледі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық вокал бөлімі Ержан Серікбаев, Табылды Досымов, Арман Дүйсенов сынды әнші-композиторлардың шығармашылығына арналған еске алу кешін өткізді.

«Есіңде ме…» атауын алған кеште өмірден ерте өткен осы үш дарынның жүректерді тербейтін әндері әуеледі. Биыл – Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл болса, өмірден өткеніне 15 жыл. Соған орай ел бойынша әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Мәселен, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында табысты сахналанған «Сәйгүлік» музыкалық драмасы таяуда Steppe awards-2025 премиясында топ жарып, «Үздік спектакль» аталымын жеңіп алды. Табылды есімі қазақ өнері тарихына тұңғыш бард ақын ретінде де жазылды. Ол өз өлеңдерімен қатар Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Сағат Әбдуғалиев, Шәкизада Әбдікәрімов, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржан, Жанат Әскербекқызы, Әбубәкір Смайылов, т.б. белгілі ақындардың жырларына ән жазды. Табылдының талай туындысы елдің аузында. Кеште олардың бірнешеуін филармония солистері жаңғыртты.

Ержан Серікбаев пен Арман Дүйсенов… Бірі елуден енді асқанда, екіншісі осы жасқа да жетпей өмірден озды. Бірақ әндері шырқалып жүр. Ержанның шығармаларын өзімен қатар Лаки Кесоглу, Жеңіс Ысқақова, Жұбаныш Жексенұлы, Сәкен Қалымов, Шәкизада Байпатшанова, «Нұр-Мұқасан» дуэті, Мәдина Сәдуақасова, «Жігіттер» квартеті, Қайрат Нұртас, Ақылбек Жеменей, басқа да белгілі әншілер шырқады. Бұл қатарда «Сен үшін», «Үнсіз жүрек», «Інжу моншақ», «Мейлі» сияқты лирикалық туындылармен қатар «Жаса, Қазақстан», «Алға, қазақ жігіттері» секілді патриоттық әндер бар.

Арман Дүйсеновтің де туындыларын танымал әнші­лер салды. Мысалы,  «Тойға тілекті» Қарақат Әбілдина, «Ағажанды» Алтынай Жорабаева, «Шаттығым сенсіңді» Ұлықпан Жолдасов танытты. Композитор­дың қоржынында осындай танымал әндер баршылық еді. Осы кеште солар жаңғырды.

Бұл әндерді Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, Гүлнұр Оразымбетова, жас әншілер Фарида Жолдасова, Алтыншаш Мұқатаева, Мұратбек Хайролда, Ақбота Құснадин, Диана Май, Айдын Жұмабай, Әкімхан Мәженов, Құралай Мейрамбек, Қымбат Жамбылбек, Парасат Отан әуелетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button