Басты ақпаратРуханият

Үш алыппен қоштасу

Қазақ даласы ежелден асылдың сынығының зері біткенде, адамның асылының демі біткенде топырағына жасырып, бауырына басудан жеріген емес. Біз солай да арғы-бергі тарихымызда талай алыппен қоштастық. Қолына найза ұстаған батырын да, елдің сөзін ұстаған биін де, жүрегіне жыр ұялаған ақынын да ақырғы сапарға шығарып салған сайын халықтың өзі бір сәтке тоқтап, табыттың салмағына қарап тағдырдың салмағын өлшеуден танған емес. Осылайша, кеше бір уыс топырақты Мұхтар Әуезовтің рухына арнап салсақ, енді бірде Мұқағалидың басында дұға оқыдық, Төлеген Айбергеновтің тасында жыр оқыдық. Осылайша әр буын өз алыптарымен қоштасып, әр ұрпақ өз жұлдыздарын соңғы рет көкке шығарып салып келеді. Бұл да қазақтың әруақ сыйлау салтының бір парасы болса керек. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың тағдыры да сол дәстүрден алыс емес.

«Жазушылар одағына келген күннен бастап біз де талай ағаны қарсы алып, талай тұлғаны соңғы сапарына шығарып салдық. Біздің буынның үлесіне бір кездері көркем сөздің көшін бастаған Дулат Исабеков, Қадыр Мырза Әлі, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбаев сынды абыздардың соңғы сәттеріне куә болу бұйырыпты» деп бастады әңгімесін ақын, этнограф-ғалым, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.

Ол өмірдегі өзінің жақсы сыйласқан ағалары турасында әңгімесін сабақтай келіп, Дулат Исабековтің соңғы сапарына тоқталып, «Ол кісі жүрегі тоқтағанша өмірді юморлап, өліммен әзілдесіп жатты» деп еске түсірді.

– Бір күні Дулат аға ауырлап жатыр деген хабар жеткенде, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов екеуміз жанұшыра үйіне жеттік. Біз барсақ, үйдің алдында екі жедел жәрдем көлігі тұр екен. Есіктен кіре сала Мереке аға:

– Аға, қалайсыз? – деді.

Дулат аға жымиып:

– Жақсымын ғой, жақсымын… Жатырмын, міне, – деді еш алаңсыз.

Жанында Айман, Шолпан деген екі қызы отыр. Бәріміздің көңіліміз алаң. Оның үстіне ол кісі «Еңбек Ері» ғой. Сондықтан жоғары жақтан да «ерекше бақылауға алыңыздар» деген тапсырма берілгені байқалып тұр. Дәрігерлер қайта-қайта айналып келіп демін тыңдап жатты. Сол сәтте Дулат аға өзіне жауапты Людмила Ивановна атты дәрігерге қарап:

– Людмила Ивановна, менің нұрлы болашағым туралы не ойлайсыз? – деп әзілдеді.

– Мұны естіген дәрігер басын төмен салып, үнсіз қалды. Алайда сол әзілдің артында мәңгілікке үнсіздік тұрғанын ол кезде қайдан білейік. Ертеңінде Дулат аға үзіліп кете барды. Біздің оны соңғы рет көргеніміз сол болыпты, – деген Қасымхан Бегманов әрі қарай Қадыр Мырза Әлімен болған соңғы сәттерін де баяндап берді.

«Қадыр аға ауырлап, жедел жәрдеммен кетіп бара жатып, маған телефон соғып:

– Қайдасың, Қасымхан? – деді.

Мен сол тұста Иманғали Тасмағамбет қала әкімі болып тұрған кезде шығарып кеткен ақын-жазушылардың 100 кітабының Астанада өтетін тұсаукесеріне баруға дайындалып жатқанымды айттым. Сонда Қадағаң:

– А-а-а, мен емханаға кетіп барамын. Сен маған үйдің қаймағы, аяққа тәпішке, сүлгі, сабын, жылы шұлық, жеміс-жидек, жеңіл тамақ деген сияқты емханаға керекті заттарды алып келші, – деді.

Мен:

– Жарайды, аға, өзім әкеле­мін, – дедім де, дереу «Дәстүр» жур­­налының редакциясындағы Сәлия Әбдікәрімоваға хабарласып:

– Барлық жұмысыңды қоя тұр. Қадыр аға ауруханаға түсіпті, тамағын әзірлеп берейік. Күнделікті керек-жарағын жеткізіп тұрайық, – дедім.

Сәлия да еш қарсылықсыз «жарайды» деп келісті. Сөйтіп, ол екеуміз алып-ұшып емханаға жеттік. Келсем, Қадыр аға өз палатаcының алдында кілтін құлыпқа сала алмай абыржып тұр екен. Мен дереу жанына жақындап:

– Аға, мен салайын, әкеліңіз, – дедім.

Сонда Қадекең:

– Жап! Құлыпта! Біраз жүріп келейік, – деді.

Дәл сол сәтте орыс дәрігері де арбасын сүйреп жетіп келіп, Қадыр ағаны арбаға отырғызып, палатаға қайта кіргізбек болды. Мен де:

– Аға, жатсаңызшы. Сізге жүруге болмайды, – деп едім, сонда Қадыр аға:

– Енді өмір бойы жүріп келе жатырмын ғой. Келші, екеуміз қатарласып бір жүрейік, – деді. Сонымен екеуміз қолтықтасып, дәліз бойымен ақырын жүрдік. Жүріп келе жатып:

– Ал енді аман бол… Қашан келесің? – деп сұрады.

– Екі-үш күнде келемін, – дедім мен. Сөйтіп мен Астанаға жолға шыққанда, пойыздан түсер-түспестен Қадыр ағаның жары Салтанат апай хабарласып, оның комаға түскенін айтты. Мен дереу күні кеше ғана марқұм болған Мақсат Тәжмұратқа жағдайды айттым. Мақсат Жүнісбек Сұлтанмұратқа, ол кісі Иманғалиға жеткізіп, бәріміз жанталаса көмектескенімізбен, ажалға тоқтау бола алмадық. Қадыр аға содан оянбай кетті» деп күрсінді Қасымхан Бегманов.

Ақынның айтуынша, дәл сондай қасіретті сәт Темірхан Медетбекпен қоштасарда да қайталанған.

«Темірхан аға ауырып жатыр дегенді естіген сайын төраға Мереке Құлкенов екеуміз емханаға жиі бардық. Бір күні Шолпан жеңгеміз хабарласып:

– Дәрігерлер «қоштасатын уақыт келді» деп жатыр. Келесіңдер ме? – деді.

Біз дереу жеттік. Жансақтау бөлімінің алдында адам көп, екі адамнан ғана кіргізеді. Әупірімдеп жүріп бөлмесіне кірдік. Темірхан аға жасанды тыныс алу аппаратына қосулы, беті теріс қарап, денесі сіресіп жатыр екен. Кешегі айбатты Темкең, кезінде Премьер-министрдің орынбасарына «кеңірдегіңді жұлып аламын!» деп шапшыған асау мінезді Темағаң тар төсекте үнсіз ғана жатыр. Көрген бойда жүрегім шым ете түсті. Мереке аға еңкейіп:

– Темке, мен ғой, Мерекемін. Қасымхан да қасымда. Естісеңіз, белгі беріңізші, – деді.

Бір сәт үнсіз жатқан Темірхан аға басын сәл ғана қозғағандай болды, сол сәтте. «Естідім» дегендей белгі берді. Сол қозғалыс – оның өмірдегі соңғы ишарасы. Сәлден кейін-ақ қайран Темағаң мәңгілікке сапар шегіп кете барды» дейді Қ.Бегманов.

Әр алыптың соңғы демінде қасында болған ақын – қазақтың аса талантты ақыны Исраил Сапарбаевтың да ақырғы сәтінде бірге болғанын былай еске алды.

«Тағы бір сыйлас ағамыз – Исраил Сапарбаев. Ол кісімен Шымкенттен бері сырлас боп жүрдік. Өлеңдерін жатқа білетінмін. Соңғы сәтінде Мереке Құлкенов аға бастаған ақындармен бірге бардық. Қасында қызы мен медбикелер қарап отыр екен. Исраил ағам оларға әлсіреген дауысымен:

– Мен қазақ қыздарына қайран қалам! – деп ризалығын білдіріп жатып, ақырын үзілді…» деп еске алды Қасымхан Бегманов.

Жазып алған Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button