Басты ақпаратЕл тынысы

Үнемдеуді санаға сіңіру керек

2021 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жыл ішінде елді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге тапсырма берген болатын. 2024 жылғы 11 маусымда Премьер-министр Олжас Бектенов халықты сапалы ауыз сумен 1,5 жыл ішінде толық қамту міндетін қойған. Бұл – ел үшін стратегиялық маңызы бар, халықтың тұрмыс сапасын тікелей айқындайтын маңызды міндет. Осы мақсатта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су ресурстарын тиімді пайдалану, су ысырабын азайту және үнемдеу технологияларын енгізу бағытында бірқатар нақты шараларды қолға алған еді.

Жуырда өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп беріп, ауыз сумен қамту саласындағы бүгінгі ахуал мен алдағы жоспарларды ортаға салды.

Қуандық Қажкеновтің мәліметінше, су жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілген. 2021 жылдан бастап тапсырма орындалу мерзімінде бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлінген, оның ішінде қалаларға – 314 млрд теңге, ауылдарға – 521 млрд теңге, жалпы 1,6 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға бағытталған. «Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толық шешілді. Осы қаражат есебінен 34 қала мен 756 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасының мақсатты көрсеткіші толық орындалып, еліміздің барлық елді мекендері – 90 қала мен 6087 ауылдық елді мекен, жалпы 7,5 млн адам 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген» деді вице-министр. Министр айтқан дерек бойынша, 4747 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған (ауылдық халықтың 96%). Тағы 1340 ауыл децентрализденген ауыз су жүйесімен қамтылған (ауылдық халықтың 4%).

Қазақстан су ресурстары жағынан бай мемлекеттер қатарында емес. Жыл сайын су тапшылығы мәселесі еліміздің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығына кері әсерін тигізіп келеді. Бұл – ел аумағының табиғи ерекшелігі ғана емес, сонымен бірге су ресурстарын тиімсіз басқарудың салдары. Мәселен, Қазақстан әлемдегі 179 елдің ішінде су қоры бойынша 66-орында тұр. Жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша 11-орында. Тұтынылатын судың жалпы көлемінің 4%-ы шаруашылық пен ауыз су қажеттілігіне, 26%-ы өнеркәсіп қажеттілігіне, 70%-ы ауыл шаруашылығына арналған.

Деректерге сүйенсек, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Оның үстіне соңғы кездері Қытай елі Ертісті бұрып, Ілені бөгеп алғалы елдегі су мәселесі арта түсті. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдері де әр жылы суды қысып беріп, төменгі ағарда отырған біздің елдің дихандары ұдайы зиян тартып келе жатқаны жасырын емес.

2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесіне арнайы тоқталып: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда» деп атап өтті.

Президент судың 40 пайызының құмға сіңіп, ысырап болатынын, инфрақұрылымның ескіргенін, цифрландырудың төмендігін, сала мамандарының тапшылығын ерекше атап, осы саланы реформалауға Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген еді. Жолдауда айтылғандай, су тапшылығы ендігі жерде табиғи апат немесе кездейсоқтық емес, ұлттық қауіпсіздіктің басты факторына айналды.

Су тапшылығы бүгінде Астанада да өткір сезіле бастады. Бас қаланың жылдам өсу қарқыны инженерлік инфрақұрылымның үлгеру мүмкіндігінен асып түсті. Қалада алғашқы су сүзу станциясы 1960 жылдары іске қосылса, екіншісі араға жарты ғасырдай уақыт салып, 2011 жылы пайдалануға берілді. Бірақ олардың қуаты халық саны мен құрылыстың қарқынды өсуіне сай келмей қалды.

2021 жылдан бастап «Астана» су қоймасынан су тартатын жаңа құбыр желісі мен №3 сорғы-сүзгі станциясының (3-ССС) құрылысы басталды. Қуаты тәулігіне 105 мың текше метр болатын бұл станция 2024 жылы іске қосылды. Қазір Астанадағы осы №3 сорғы-сүзгі станциясы (қуаты – 410 мың текше метр/тәу.) қала тұрғындарының су тұтыну қажеттілігінен толық шығып тұр. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде елорда тәулігіне 330 мың текше метрге дейін су тұтынады.

Алаңдаушылық тудыратын жайт – болашақта суды тұтыну көрсеткіші күрт өседі. Бас жоспарға сәйкес, Астананың суға деген тәуліктік сұранысы алдағы 10 жылда 700 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл – қазіргі деңгейден екі есе көп. Мысалы, 2007 жылы Астанада су тұтыну мөлшері 43,5 млн м³ болса, 2012 жылы – 60 млн м³, 2020 жылы – 105 млн м³, 2023 жылы 122 млн м³-ге дейін артқан. Яғни соңғы 15 жылда тұтыну шамамен үш есеге өскенін ескерсек, алдағы уақытта бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймайтыны анық.

Астананың бас ауруына айналған тағы бір мәселе – құрылыс қарқынының шектен тыс үдеуі. Елде жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі бойынша Астана бірінші орында. Жылына 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй және коммерциялық ғимараттар салынады. Бұл нысандарды сумен, жылумен, электр қуатымен қамту аса қиын.

Құрылыс тек құрылыс емес, ол судың да, энергияның да, инфрақұрылымның да тұтынушысын көбейтеді. Қаланың тығыздалуы, жаңа шағын аудандардың көбеюі – су тапшылығы мәселесін ушықтыратын басты факторлардың бірі.

Астанада су тапшылығын болдырмау үшін алдағы жылдарға жоспарланған ірі инфрақұрылым жобалары бар. Соның бірі – қуаты тәулігіне 210 мың м³ су беруге қауқарлы №4 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы. Бұл нысан Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан тартылатын екі құбыр арқылы сумен қамтылмақ.

Бүгінде «Астана» су қоймасы (жобалық көлемі – 410,9 млн м³) – қаланың басты су көзі. Ол Есіл өзенінің ағынына тәуелді. Көктемгі су тасқынының аз-көптігі қойманың толуына тікелей әсер етеді. Сондықтан қосымша ресурс ретінде Қаныш Сәтбаев каналынан 19,7 шақырым су құбырын тартып, Ертіс өзенінің суын Астанаға жеткізу өте маңызды шешім болар еді. Бұл мәселені мамандар үнемі айтып, жобасын жасағанымен, ол әлі күнге дейін жүзеге аспай келеді.

Су – тек Астана ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына ортақ мәселе. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) дерегінше, Орталық Азия елдерінде су тапшылығынан бұрын суды үнемсіз пайдалану өзекті болып отыр. Аймақ мемлекеттері суды тым көп, бейберекет жұмсайды. Мысалы: Түрікменстан жан басына шаққанда – 5319 м³, Қазақстан – 2345 м³, Өзбекстан – 2295 м³, Қырғызстан – 1989 м³, Тәжікстан 1895 м³ суды жыл сайын тұтынады. Оның үстіне бұл елдерде ауыл шаруашылығына пайдаланатын су мөлшері дамыған елдерден 2,5-3 есе артық. Судың 90 пайызы дәнді дақылдарды суаруға жұмсалады.

Ауыз судың сапасы да су тапшылығы мәселесіне айрықша әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, Астана тұрғындарының көбі ауыз судың сапасына көңілі толмай, үйіне сусүзгіш (фильтр құрылғысы) орнатып алған. Яғни ауыз су сапасының төмендігі халықты амалсыздан жеке фильтрлерге көшуге итермелеп отыр. Алайда мұндай құрылғылардың көбі суды тазартып қана қоймай, ысырап ету арқылы жұмыс істейді. Мысалы, кері осмос технологиясымен жұмыс істейтін кейбір сүзгілер 1 литр таза су алу үшін 3-5 литр суды ысырап қылады. Бұл экологиялық та, экономикалық та тұрғыдан тиімсіз. Әсіресе су ресурсы шектеулі ел үшін күрделі жағдай.

Ауыз су сапасына қатысты мәселенің түбегейлі шешімі – жеке сүзгілерге тәуелділікті азайтып, қоғамдық су тазалау жүйесін жаңғырту мен заманауи технологияларға көшіру. Мемлекет тарапынан орталықтандырылған су тазарту қондырғыларын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру, су сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп, оны ашық түрде жариялап отыру халықтың сенімін арттырып, фильтрлерге деген қажеттілікті төмендетеді. Сонымен қатар жеке сүзгілерді пайдаланушыларға су үнемдеуші технологияларды қолдануды ұсыну, тіпті ынталандыру су ысырабының алдын алудың тағы бір тетігі болмақ. Бас қаладағы су мәселесін шешуде бұл түйінге назар аударған жөн.

«Судың да сұрауы бар» дегендей, Қазақстанда суды үнемдеуге бет бұратын уақыт жетті. Әсіресе заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, судың ысырап болуының алдын алатыны анық.

Астана сияқты ірі қалалардың тұрғындары су үнемдеу мәдениетін күнделікті тұрмыста суды саналы пайдалану, су үнемдейтін технологияларды қолдану, ағып тұрған крандарды уақытында жөндеу, аз су қажет ететін көгалдандыруды дамыту және экологиялық білімді арттыру арқылы қалыптастырады. Яғни жеке жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік ұштасқанда ғана қаланың су ресурстарын тиімді сақтауға мүмкіндік береді.

Ірі қалаларда ластанған суларды тазалап, қайта пайдалану, құдықтардың тереңдігін бақылау, жерасты суын сақтау – осы бастан қолға алатын маңызды қадамдардың бірі. Өйткені XXI ғасырдың қымбат «тауары» – су. Яғни бұл ғасырда мұнай мен газ емес, ең құнды ресурс су болатыны анық. Сондықтан суды сақтау, қорғау, үнемдеу – тек Үкіметтің емес, әр азаматтың парызы. Астана – елдің жүрегі. Оның тынысы тарылса, Қазақстанның да болашағы бұлыңғыр. Сондықтан елордадағы су тапшылығы мәселесіне қазірден көңіл бөлмесек, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін…

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button