Үкіметте көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері қаралды

Онда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елдегі көші-қонды бақылауды жүйелеу жөніндегі шаралар туралы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы баяндады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді. Халық көп келген өңірлер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары болды.
Премьер-министр жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграциялық ағындардың күшеюі жағдайында халықтың көші-қон мәселесі аса маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Ол үшін нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселелер бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында соңғы 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны бір жарым есеге артқанына назар аударылды. Осыған байланысты көші-қон процесстерін ашық және дәл есепке алуды қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Премьер-министр ол үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу, мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдету қажеттігін баса айтты.
Еңбек және әлеуметтік қорғау, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Одан бөлек Олжас Бектенов қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметін реттеу мәселесінің маңызды екенін атап өтті. Жыл соңына дейін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін лицензиялау бөлігінде тиісті заңнамалық өзгерістер әзірлеу міндеті қойылды.
Үкімет отырысының соңында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына дейін Үкіметке Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасын енгізу тапсырылды. Ол әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі өңірлік саясат тұжырымдамасымен сәйкес болуға тиіс;
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына этникалық көшіп-қонушыларға елге келгенге дейін алдын ала сауалнама жүргізу құралдарын енгізу міндеті қойылды.
«Бұл қандастардың жеке және кәсіби артықшылықтарын бағалауға мүмкіндік береді. Оларды еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге назар аудартылды», — деп атап өтті Олжас Бектенов;
- ІІМ мен барлық мүдделі мемлекеттік органдарға көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік шараларын қатаңдату тапсырылды. Одан бөлек, жалпы көші-қон саласындағы қауіпсіздік мәселелерін күшейту қажет.