Басты ақпаратЕл тынысы

Үкімет: үміт пен күдік…

Жуырда Мәжілісте Amanat партиясы фракциясының кеңейтілген жиыны өтті. Мәжіліс Төрағасы Ерлан ­Қошанов қатысқан, фракция жетекшісі Елнұр ­Бейсенбаев тізгіндеген алқалы отырыста Үкіметтің бүкіл құрамын бастап келген бас министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауларындағы басым бағыттардың орындалуы туралы баяндады.

Аттымыз түсіп, жаяуымыз жатып тыңдадық. Бас министрдің баяндамасын тыңдап отырсаңыз, Президенттің Үкіметтің алдына жүктеген күллі міндеттері баянды болып жатқандай әсерде қаласыз…

Бүкіл көрсеткіштер – жоғары…
«…өткен жылы шетелдік капиталдың қатысуымен 1,3 млрд АҚШ доллары сомасына 45 жоба пайдалануға берілді», «жалпыұлттық пулға құны 144 млрд АҚШ долларын құрайтын 1,1 мыңнан астам жоба кіреді», «жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің өсімі былтырғыдан 6,9%-ға асып түсті», «биыл 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды», «1,5 трлн теңгеге 190 жаңа өнеркәсіп жоспарлануда», «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 310 мың орындық 160 мектеп салынды», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде өңірлерде 540 медициналық мекеме салынды» дей ма-ау. Қысқасы, сықиған цифрлардан көңілің босайды.

Анығында солай ма? Солай да. Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Анығында, бұл – аз! Өйт­кені кезең – күрделі, проблема шаш етектен. Таяуда ғана өңірден келдік. Және аймақтарға өт-те жиі барамыз. Түрлі әлеуметтік ортамен жиі кезігеміз. Үкіметтің жұмысына көңілі алаң болып отырған жұрттың қатары жетерлік.

Әсіресе алабота басып тұрған әлеу­меттік салаларға. Жиында күні кеше ғана аймақтардан жоқ пен бардың, жер мен малдың, мұң мен зардың аманатын арқалап келген әріптестер Премьерден бастап, әрбір министрге сауал қоюға кезек алды. Тетікті ерте басқандарымыз регламенттің есігінен еніп үлгердік. Тамыры әлеуметтік тауқыметке байланған салмағы зілмауыр сұрақтардың басым көпшілігіне берілген жауаптар мардымсыз.

Жиын басында Мәжіліс Спикері, Amanat партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әр Жолдаудың артында халықтың СЕНІМІ, ҮМІТІ, АМАНАТЫ бар екенін баса айтты. Рас! Жауапкершілік – ортақ! Өйткені  Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынған төменгі Палатадағы жоғары басымдыққа ие біздің Фракция – Amanat. Әр министр тағайындаларда Мәжілістегі әр комитеттің босағасынан «жаңа түскен келіндей» имене басып кіріп, сенім квотасын алып, уәдені үйіп-­төгіп кеткені тағы бар. Айналып келгенде, Мемлекет басшысының алдындағы Қоғамның, Халықтың, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ бірдей. Депутаттың да, үкі тағып жіберген Үкімет мүшесінің де. Сол үшін де соқтасын шығарып сұрауға құқылымыз. Сұрадық та. Сондықтан Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Аманжол Әлтай, Ерлан Сайыров, Дүйсенбай Тұрғанов, Жұлдыз Сүлейменова, Әділ Жұбанов, Ринат Зайытов, Самат Нұртаза сынды әріптестер аянып қалған жоқ.

Қымбатшылықтан бастап Үкіметтің «қысыр» қалған жобаларының дені қылға тізілді. Кезек келгенде біз пақыр да омыраулап үндіршегімді микрофонға созып, қырдағы елдің жүздеген өтініштерінің бір парасын төрдегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға жеткіздім. Ауылдағы ағайын 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие беруге бағытталған жобаның тамыры құрғап тұрғанын айтқан. Бұл – Президент тікелей бақылап отырған сайлауалды бағдарламадағы халықтың негізгі үміт артқан жобасы ғой. «Ал құжатта жоспарланған әрбір басымдық қағаз бетінде қалып қоймауы керек. Бұл – саяси ұстаным, бұл – ұлттық жауапкершілік!

Негізгі тапсырма – жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке ынталандыру еді.  Не болды?.. 2023 жылы 9 мыңнан астам жас азамат, соның ішінде әлеуметтік осал топтар 2,5 пайызбен жеңілдетілген кредит пен өтеусіз гранттар алып, өз ісін бастағаны туралы айдың қиығындай ғана ақпарат бар.

Ал 2025 жылдың І тоқсанына жүргізілген мониторинг бұл бағытта жұмыс мүлде тоқтап қалғанын көрсетті.

Мемлекет жастарға үміт пен мүмкіндік береміз деді. Алайда жастарға арналған 2,5 пайыз жеңілдетілген микрокредит берілмей қалды. «Қос қолға бір күрек» бойынша жоспарланған 280 мың жастың тек 8 мыңы ғана жұмысқа орналастырылған. Бұл – 3 пайыз ғана. Сонда жастармен жасалған әлеуметтік келісім қайда қалды? Еңбек министрінің тартпасында қалды ма? Үкімет жастарға арналған ең маңызды бағ­дарламаларды неге бірінші болып қысқартады?  Жастармен жасалған мемлекеттің сенім келісімі осымен тоқтады ма, Светлана ханым!» дедік. Министр Қабыкенқызы болса «Жоқ» деді. Өйтіп-бүйтіп жауап берген болды. Жауабы мардымсыздау шықты. Бірақ, уәде берді.  Жобаға жан бітіретін түрі бар. Іргеде ғой. Іздеп, тауып сұрай береміз! Сұрай береміз. Әр министрден! Білімнен! Ғылымнан! Денсаулықтан! Мәдениеттен! Тілден! Діннен! Ауыл шаруашылығынан! Экологиядан! Энергетикадан! Көліктен! Жолдан! Әуеден! Жерден! Судан! Оттан! Соттан! БӘРІНЕН! БӘРІНЕН! БӘРІНЕН! Елдің АМАНАТЫН етекте қалдырмаймыз! Өкіметке де, Үкіметке де жеткіземіз!

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button