Қоғам

ҰБТ-2025: Қазақстанда тестілеудің негізгі кезеңі басталды

Бүгін негізгі ҰБТ-2025 басталды, тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген (2024 жылы 186 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш қалдырған). Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ға жуығы орыс тілінде, 266 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.

«Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 4589 адам, оның ішінде елордада 323 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр – оны түлектердің 16,5%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженерлер, мұғалімдер, энергетиктер, құрылысшылар және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Танымалдығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медиктерге бағытталған «Биология-Химия» (15,6%) және IT саласына қызығушылық танытатын талапкерлерді тартатын «Математика-Информатика» (9,7%)», – деді ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы ҰБТ-ға тиімді дайындық үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, әрбір пән бойынша нәтижелерге жеке тақырыптық талдау енгізілді. Бұл түлектерге әр ҰБТ-дан (қаңтар немесе наурыз) кейін өздерінің осал тұстарын жедел анықтап, мақсатты түрде пысықтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, тіпті тестілеудің бірінші мүмкіндігінен кейін талапкерлерге дайындықтарын күшейтуге және келесі ҰБТ кезінде жоғары көрсеткіш көрсету мүмкіндігін арттыруға жеткілікті уақыт бар.

Дайындық деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделу үшін онлайн сынақтан өту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында дайындық үшін барлық қажетті материалдар жарияланады: ұсынылатын оқулықтардың тізімі; тесттің толық жоспары; Қазақстан тарихы және дүниежүзілік тарих бойынша 100 маңызды тарихи күндердің тізімі; информатика бойынша терминдер глоссарийі; қазақ және орыс әдебиеті бойынша әдеби шығармалардың тізімі. Бұл ресурстардың барлығы талапкерлерді ҰБТ-ға сенімді және сәтті дайындық үшін құралдардың толық жиынтығымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әрбір адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Мазмұны бойынша апелляцияға өтінішті тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде, ал техникалық апелляция бойынша өтінішті тестілеу барысында беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Талапкердің жеке кабинетінде Республикалық апелляциялық комиссия отырысының мерзімі көрсетіледі. Республикалық апелляциялық комиссия отырысы басталғанға дейін апелляция өтінішін жеке кабинетінде қайтарып алу мүмкіндігі бар. Апелляция өтінішін қайтарып алғаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде бір жұмыс күні ішінде қолжетімді болады.

Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-ға түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.

Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button