ТЖМ жаңа туған нәрестені Астанаға жеткізді

Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа туған нәрестені Астанаға жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағының экипажы білікті дәрігерлермен бірлесіп, шұғыл санитарлық рейс орындады. Олар Павлодар қаласынан 7 күндік сәбиді және оның анасын Астанаға жеткізді.
Рейс 2 сағатқа созылды, ал нәресте арнайы медициналық көмек көрсету үшін «Жүрек» кардиохирургиялық орталығына жеткізілді.
Ұшу барысында ТЖМ қызметкерлері қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етті.
Бұл рейс ТЖМ авиациясының шұғыл жағдайларда, әр минут маңызды болған кезде, науқастарды жедел жеткізуді қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмысының бір бөлігі болды.
ТЖМ авиажасағы – төтенше жағдайларда жедел әрекет ететін маңызды күштердің бірі. Құтқару, іздестіру-құтқару, санитарлық авиация, аэровизуалды мониторинг, өрт сөндіру жұмыстары, шұғыл қызметтерді атқарады.
2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы 474 ұшу орындады.
Санитарлық авиация желісі бойынша 121 ұшу жүзеге асырылып, 121 пациентке дер кезінде көмек көрсетілді.
Көктемгі су тасқыны қаупі бар өңірлерде 36 ұшу ұйымдастырылып, 250 су тасқыны қаупі бар елді мекенге әуеден тексеру жүргізілді.
Аталған жұмыстардың барлығын ТЖМ әуе паркі жүзеге асыруда.
ТЖМ авиациясы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өз жұмысын жалғастырады.




