Тыңдарманды оқырманға қалай айналдырамыз?

Қоғамдағы пікір алуандығы әдебиет пен өнерде де айқын көрініс табуда. Бірі дініне, бірі тіліне, бірі көзқарасына байланысты кереғар пікір айтып, бірін-бірі терістеп жатқан уақытта әдебиетте де осы секілді қайшылықты пікірлердің болуы заңды. Сондай қайшылықтың бірі айтыскерлер мен жазба поэзия өкілдері арасында болып жатады.
Қолына қалам ұстаған кей ғұлама «Уай, айтыскер ме екен? Жайдақ өлең, қу домбырасын дыңғырлатып, айғайлағаннан басқа ештеңе тындырмайды» деген сыңайлы пікірде. Бұл айтысқа деген таза көзқарас пен шын сыннан гөрі менсінбеушілікке бейім. Ал енді бір топ керісінше жазба поэзияның бетін тырнауға әуес. Олар «қазіргі жастар түсініксіз, ұйқассыз бірдеңелер жазады, не айтып жатқандарын өздері де түсінбейді» деп қолын бір-ақ сілтейді. Дәл осы жерде үшінші тарап – жаңаша бағытта өлең жазып жүрген жастар да қарап қалмайды: «дәстүрлі поэзия дәуірі өтті, жаңа кезеңге аяқ бастық» деп өзіндік шекара сызуға тырысады. Бірақ әдебиет бір адамның жекеменшігі де, бір ауылдың жері де, бір адамның көлігі де емес. Әдебиет – кең әлем, онда құс та бар, қауырсын да бар. Мұндағы сөз әдебиет туралы емес, жалпы поэзия жайлы. Мүмкін мұнда айтыскерлердің өлеңін поэзияға жатқызғысы келмейтіндер бар шығар. Тіпті поэзияның өзін әдебиет емес дейтіндер де табылар. Алайда сөз ол туралы емес. Әңгіменің төркіні айтыс десе ішер асын жерге қойып жиналатын көрерменді оқырманға қалай айналдырамыз деген бағытта.
«Алтын домбыра» мен «Күміс домбыраға» жиналған халық не үшін «Күміс қалам» сияқты дуэльге жиналмайды? Халықтың деңгейін көтеріп, жазба поэзияның оқырманын көбейту үшін не істеп жатырмыз және не істей алмай жатырмыз? Неге жабық өтетін мүшәйраларды жаппай дуэльге айналдырмаймыз? Осы бағытта жауап іздеп көрелік.
Шындығында, мемлекет тарапынан айтысқа да, қалам ұстағандарға да қолдау жоқ емес, бар. «Алаш», «Айбоз» сынды әдеби сыйлықтар табысталып, түрлі деңгейдегі мүшәйралар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Алайда бір қауым сол мүшәйралардың әділ өтетініне шүбәлі. Ендеше мүшәйралардың әділетті өту жолы қандай? Бұл сұраққа кейбір әдебиетшілер ол үшін қазіргі сахналық форматтарға бет бұру керек шығар дейді. Мысалы, поэзия дуэльдері жаңа форма ретінде әділ әрі ашық пікірталастың, шығармашылық тартыстың алаңына айналуы мүмкін. Бірақ бір уыс топтың арасында өтіп жатқан поэзиялық сайыстарды жаппай дуэльге айналдыру оңай шаруа емес. Ол көрермені сан мыңдап жиналатын айтыс емес қой әрі оған бөлінетін қаражат пен инфрақұрылым да айтыс деңгейіндегі қолдауға жете бермейді. Сәйкесінше, жазба поэзияға арналған шаралар көбіне тар аяда өтіп, кең қоғам назарына іліге бермейді. Дегенмен бұдан түңілуге болмайды. Себебі әдебиетке деген сұраныс тек қаржыға, сахнаға немесе сыйлыққа ғана тәуелді емес. Ол – ішкі қажеттілік, рухани сұраныс.
Поэзияға – 100 мың доллар
Әлемдік деңгейде поэзияға арналған қаржылай сыйлықтар аз емес, олардың кейбірі беделі мен көлемі жағынан Нобель сыйлығына балама ретінде танылып жүр. Солардың бірі – «Ruth Lilly Poetry Prize» (АҚШ-тағы ең беделді поэзия марапатының бірі). 1986 жылдан бері беріліп келе жатқан бұл сыйлықтың қазіргі көлемі 100000 АҚШ доллары және ол өмір бойы поэзия саласында айрықша табысқа жеткен ақындарға табысталады. Тағы бір ірі марапат – «Griffin Poetry Prize». 2001 жылдан бері Канадада өтіп келе жатқан халықаралық сыйлық 130000 канадалық долларды (шамамен 100000 АҚШ доллары) құрайды және ағылшын тілінде жазылған немесе ағылшын тіліне аударылған үздік поэзия кітаптарына беріледі. Үшінші атаулы марапат – «Wisława Szymborska Award». Бұл сыйлық жыл сайын Польшада тапсырылады және көлемі 200000 злотыйды (шамамен 50000 АҚШ доллары) құрайды. Ол ең үздік поэзия кітабы үшін беріледі және Еуропадағы беделі жоғары әдеби марапаттың бірі. Ал Қазақстанда қазіргі таңда «Mesanat.kz» платформасы арқылы беріліп жүрген әдеби грант – отандық жазушыларға арналған маңызды қаржылай қолдаудың бірі. Бұл бастама, негізінен, проза жанрына бағытталған және қазіргі көлемі 500 АҚШ доллары шамасында. Аталған грант отандық әдебиетке қаржылай қолдау көрсетудің алғашқы үлгілерінің бірі болғанмен, әзірге поэзия саласын қамтып отырған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, поэзияға да осындай нақты қаржылай мотивация мен сыйақы жүйесі қажет. Себебі поэзия – ұлт руханиятының өзегі, оны қолдау соған сай болуы тиіс. Өзі айтыскер ақын, «Күміс қалам» жыр дуэлі жобасын ұйымдастырушы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Шымкент қаласындағы «Қаратау» өнер мектебінің директоры Біржан Байтуовтың пайымынша, анау андай, мынау мындай деп құр сынап отыра бергеннен гөрі ойға алған шаруаны үнсіз атқарып, нәтижесін көрсете білу әлдеқайда маңызды. Ол үшін әдебиет пен өнер саласында нақты қадам, жаңа формат, тың бастама қажет екенін алға тартып, өзі де сөзден іске көшудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
«Күміс қалам» әділет алаңы ма?
– Поэзия мен айтыс – қазақ сөз өнерінің қос қанаты. Екі түрлі бағытта дамыса да, түпкі мақсаты – халықтың рухани сұранысына жауап беру, қоғамдық ойды қалыптастыру, ұлттық дүниетаным мен тарихи жадыны сақтау, жаңғырту. Айтыс – ауызша импровизация өнері, сахналық әрекетке, көрерменмен тікелей қарым-қатынасқа, тапқырлық пен шеберліктің жарысына құрылған поэтикалық бәсеке. Ал жазба поэзия – терең пайым мен көркемдік тұтастықты, стильдік нақыш пен тіл өрнегін басты назарға алатын әдеби шығармашылықтың формасы. Осы екі өнердің аражігін ажырата алмау немесе бірінің талаптарын екіншісіне телу – көркемдік табиғатты қате ұғынудан туындайтын құбылыс. Кейде жазба поэзия өкілдерінің айтыс ақындарына көркемдік талап қоя отырып, «өлеңнің сапасы төмен» деген сияқты пікір білдіруі – айтыстың өзіндік ерекшелігін жете түсінбеуден туған сыңаржақ баға. Айтыстағы өлең мен жазба поэзиядағы өлең – поэтикалық мәтін, дегенмен бірдей нәрсе емес. Айтыста «тыңдалатын өлең» алға шығады, яғни оның қабылдануы көрерменнің эмоционалды реакциясына, сахнадағы әрекетке, дауыс ырғағына, орындаушылық шеберлігіне тәуелді. Ал жазба поэзияда «оқылатын өлең» басым, яғни ол жалғыздық пен ойдың, тілдің терең мағынасы арқылы оқырманмен ішкі байланыс орнатады. Сол себепті жазба поэзия мен айтыс бір-біріне баға берудің емес, қатар дамытудың, әрқайсысының өз миссиясын ескеріп, қолдаудың нысаны болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі дәуірдің талғамына, аудиторияның сұранысына сай қалыптасқан жаңа форманың бірі – поэтикалық дуэль форматындағы байқау. Мұндай жобалар бір жағынан жазба поэзияның классикалық қағидатын сақтай отырып, екінші жағынан оның сахналық әлеуетін ашып көрсетеді. Соның бір нақты мысалы ретінде бірнеше жылдан бері өтіп жүрген «Күміс қалам» жобасын атауға болады. Басты мақсаты – жазба поэзияны айтыс немесе шоуға айналдыру емес, керісінше, оны жастар арасында қызықты, көрерменге өтімді ету. Себебі уақыт өзгеріп, көркем туындыны қабылдау формасы да түрленіп келеді. Бұрын поэзияны ақынның шығармашылық кешінде немесе әдеби жиналыстарда жалғыз өзінің оқуынан ұғынса, қазіргі буын поэзияны бәсеке, сахналық диалог, тікелей сезім әсері арқылы қабылдауға бейім. Осыған байланысты дуэль түріндегі поэзиялық формат – поэзияны сахнаға қайта шығару арқылы оның өміршеңдігін арттырудың тың жолы. Біздің «Күміс қалам» жобамыз жазба поэзияның бәсекеге негізделген сахналық формасы арқылы ақынның дарынын кең аудитория алдында көрсетуге мүмкіндік беретін алаң. Сонымен қатар бұл жобаның тағы бір маңызды тұсы – жас қаламгерлерді халыққа таныту, олардың өлеңін жұртқа оқыту ғана емес, поэзияны қоғамдық-мәдени дискурсқа айналдыру. Әр жылдың өз поэзиялық есебі, рухани толқыны, әдеби аурасы болуы тиіс. «Күміс қалам» жобасы осыны жүзеге асырудың бір мүмкіндігі ретінде орнығып келеді. Осылайша, поэзияны жаңаша форматта насихаттау – оның мазмұнын төмендету емес, қайта оны жаңа арнаға шығарып, эстетикалық қабылдау шекарасын кеңейту. Егер бұл формат жүйелі, кәсіби түрде ұйымдастырылып, ақынның мәртебесін көтеруге, шығарманың мазмұнын насихаттауға қызмет етсе, онда ол қазақ поэзиясының рухани кеңістігін жаңғыртатын құбылысқа айналады. Ең бастысы, бұл жоба поэзияның қоғамдағы миссиясын қайта бағамдауға, ақынның рөлін қайта анықтауға және халықтың поэзияға деген қызығушылығын оятуға ықпал етеді, – дейді Біржан Байтуов.
Ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазының пайымынша, бір бағытты дамыту үшін екіншісін жоққа шығарып, бір дүниені екіншімен салыстырып отыру – руханиятқа жасалатын қиянаттың бір түрі. Оның айтуынша, қазақ руханиятына пайдалы кез келген бастамаға тең көзқараспен қарап, бөлінбей, бөлектемей, бәрін қатар дамыта берген жөн. Бұл – әдебиет пен өнердегі плюрализмнің, саналуандылықтың басты шарты. Әсіресе қазіргі кезде айтыс пен жазба поэзияны бір-біріне қарсы қою – ескірген түсінік. Керісінше, сол айтыс алаңына жиналатын көпшілік көрерменді жазба поэзияның оқырманына айналдыру жолдарын ойлау керек. Осы бағытта ізденіс пен диалог қажет екенін алға тартқан ақын тек форманы емес, мазмұнды жаңартуға шақырады. Яғни қай салада да бастысы – сапа, шынайылық және рухани тұтастық.
– Соңғы жылдары осы екі дүниенің арасынан өзіндік жол тауып келе жатқан жаңа формат – поэтикалық дуэль. Бұл – жазба ақындардың сахнада бір-біріне өлең арқылы жауап қатып, көрермен алдында өнер көрсетуі. Поэтикалық дуэльде алдын ала дайындалған өлең де болады, кей жағдайда қарсыластың сөзіне экспромтпен жауап қайтару да кездеседі. Бұл тұрғыдан ол айтысқа жақын, алайда тілі мен құрылымы, ішкі поэтикалық өлшемі жазба поэзияға тән. Поэтикалық дуэльдің тағы бір ерекшелігі – оның әділдігіне халықтың тікелей қатыса алуы. Көрермен ақынның дауысын, дауысының тембрін, оқыған өлеңінің мазмұнын, актерлік қабілетін көріп, өзі бағалай алады. Мұндай формат ақынның халыққа танылуына, оның шығармасының тез таралуына, поэзияның қоғаммен байланысының артуына мүмкіндік береді. Бір жағынан мүшәйраның кәсіби деңгейін, екінші жағынан айтыстың сахналық әсерін бойына жинақтаған бұл жаңа үрдіс қазақ поэзиясын жаңаша қырынан дамытып, әдебиетті сахнаға қайта шығарудың жолын ашып отыр. Сондықтан жалпы мүшәйраның ашық түрде өтуін қамтамасыз ету мақсатында дуэль түрінде ұйымдастырып өткізу әлдеқайда әділетті, әлдеқайда халыққа әсері де жақсы болар еді деп есептеймін, – дейді Серікзат Дүйсенғазы.
Жаңа поэзияның тынысы
Мүлдем басқаша форматта өлең жазып, қазақ поэзиясына, жалпы жастар арасында өзгеше леп алып келген Өркен Салубай поэзияның құны тереңде екенін айтады.
– Әлемдік поэзияда ХХ ғасырдың ортасынан бастап еркін форма (free verse) үстем бола бастады. Америкалық Уолт Уитмен, британдық Т.С.Элиот, француздық Гийом Аполлинер секілді ақындар ұйқассыз, ырғаққа емес, ой мен образға негізделген поэзия жазды. Бұл бағыт бүгінгі таңда да жалғасып келеді. Слэм-поэзия, spoken word, перформативті поэзия сияқты жанрлар туып, сахнада айтылатын поэзия мәдени кеңістікке айналды. Алайда бұл бағыттар әдебиеттегі дәстүрлі формаларды ығыстырған жоқ. Қайта заманауи поэзия – сахна мен кітап, ұйқасты мен ұйқассыз, классика мен модерн арасындағы теңгерімді іздеп отырған кеңістік. Әлемде поэзия тек оқылатын ғана емес, сезілетін, тыңдалатын, тіпті көрінетін (визуалды поэзия) өнерге айналды. Қазақ поэзиясы да бұл процестен тыс емес. Жаңашылдық пен дәстүр арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Дуэль мен сахна формасы поэзияны насихаттаудың құралы бола алады, бірақ оның шынайы мәнін алмастырмауы керек. Өлең – тереңдік, ішкі толғаныс, рухани ізденіс. Ол айқаймен емес, тыныштықпен оқылады. Қоғам поэзияның түріне емес, мазмұнына назар аударуды үйренуі керек. Поэзия – уақыттың емес, мәңгіліктің өнері. Сол себепті ол тек сахнада ғана емес, адам жүрегінің тереңінде де өмір сүруі тиіс, – дейді ақын Өркен Салубай.
Әрине, жаппай поэтикалық жарыстар – слэм, батл, сахналық оқылым сияқты формалар поэзияны драмалық өнермен байланыстырып, эмоциялық әсерге, сөздің ауқымды аудиторияға жетуіне жол ашады. Дегенмен осы форматта кейде поэзия өзінің терең мазмұнынан айырылып, «тыңдаушыға ұнау» үшін жеңіл ырғақ, айқайлы интонация мен әсерлі ұйқастарға ғана сүйеніп кетуі мүмкін. Шын мәнінде, поэзия – сезім мен ойдың нәзік бірлігі. Дуэль үлгісіндегі тартыс оны тек риторикалық қару ретінде көрсетеді. Бұл жерде сөздің салмағы емес, «қалай айтылды?» деген сыртқы форма басым түсіп кетеді. Мұндай беталыс поэзияны белгілі бір деңгейде жеңілдетіп жіберуі әбден мүмкін. Ал қазақ көрермен болғаннан гөрі оқырман болуды үйренсе көп дүниеден ұтқан болар еді.
Шапағат ӘБДІР