Тылда көмек көрсеткен

Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі ерен. Біздің жауынгерлеріміз майдан шебінде алғашқылардың қатарында жүрсе, тылда соғыстың ауыртпалығын көтерген ауыл мен қалалардағы қазақтар болды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Бұл орайда тыл еңбеккерлерінің жауды жеңудегі рөлі ерекше.
Соғыс жылдары Ақмола қаласында 6 өндіріс орны болған екен. 32 мың тұрғыны бар осы өңірдің бүкіл шаруашылығы алғашқы күндерден бастап соғыс жағдайына көшірілді. Облыс аумағында орналасқан барлық өндіріс орындары майданға жұмыс істеді. Бүкіл халық шаруашылығындағы өнеркәсіп салаларын соғысқа қажетті керек-жарақпен жабдықтауға түгелдей бет бұрды.
1941 жылы тамыз айында Ақмола қаласында арнайы жексенбілік ұйымдастырылып, теміржолшылар 4 паровоз, 3 вагон және 19 шақырым теміржолды тегін жөндеді. Қаладағы қыз-келіншектер, тіпті үй шаруасындағы әйелдер мен мектеп оқушылары майдан қорына 90 тонна металл сынықтарын жинап өткізді. Майдандағы жауынгерлер үшін 100 вагон жылы киімдер мен азық-түліктер жөнелтті. Міне, осындай ерлікке барған астаналық әжелеріміздің бірі – Роза Иманғалиева.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы бар-жоғы 7 жаста еді. Әкесі Иманғали Асылбеков майданға кеткенде, анасы Ақшабек Асылбекова Ақмола қаласындағы станоктар шығаратын зауытта жұмыс істейтін. Розадан кейін туған сіңлісі Күлпан ол кезде 3 жаста болатын. Анасы жұмыс істейтін зауыт қайтадан жарақталып, Мәскеудің тапсырысы бойынша қару-жарақ бөлшектерін жасайды. Анасы тәулік бойы тапжылмастан жұмыс істеп, үйге келгенде екі қызына қарауға шамасы келмей, есін білмей құлайды екен. Біраз демалғаннан кейін тағы зауытқа кетеді. Олардың үйінде сол кезде Ленинградтан көшіп келген екі кішкентай баласы бар отбасы тұрыпты. Күлпан деген сіңлісі мен пәтерде тұрғандардың екі баласы бар ата-аналары жұмысқа кеткенде Роза олармен үйде жалғыз қалады. «Күні бойы жейтініміз екі тілім қара нан мен пияз, күн ұзаққа аналарымызды тосып шаршайтынбыз» дейді Роза апай. 1944 жылы күні-түні демалыссыз ауыр жұмыста жүрген Розаның анасы қатты ауырып, өмірден өтеді. Роза 9 жасында анасынан жетім қалып, Күлпан сіңлісі екеуі ауылдағы әжесінің қолына келеді. Ауылға келіп, үлкендермен бірге майданға көмектесеміз деп, Роза Қарасу ауылындағы көктемгі жұмысқа араласып, картоп салып, күзде көкөніс жинауға қатысып, үлкендермен бірге жүреді. Үйдің шаруасы ол бар, мектептегі сабағынан да қалмай, бар қиындықты жеңе отырып, мектеп директорынан мақтау грамотасын да алған екен. 1945 жылы әкесі соғыстан аман-есен келіп, үйленеді. Өгейдің аты өгей, қиын күндер мен қиын жылдарды Роза Иманғалиқызы басынан өткереді. Кішкентай Роза нағыз зұлмат заманда өмір сүрген. Саяси қуғын-сүргін жылдары өмірге келсе, балалық шағы соғыс жылдарында таршылықпен өткен. Ауылда бала болып ойнай алмай, балалық шағының қызығын ауыр еңбекпен алмастырған. Көпке бармай әкесі Иманғали Асылбеков те өмірден өтеді. Роза ол кезде бар-жоғы 13 жаста еді.
Кішкентай кезінде анасы оны алдына алып: «Роза, жаным, оқуды жақсы оқы, көріп тұрсың ғой, күн көру оңай емес, еңбектен де қашпа» деп ақыл-кеңес беріпті. Роза анасының осы өтінішін есіне өмір бақи сақтай отырып, талпынады. Мектепті Роза Асылбекова кілең «5»-ке оқып, күміс медальға бітіреді. 1954 жылы оқуын бітірісімен Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы университеттің биология-топырақтану факультетіне оқуға түседі. Еті тірі, өзі пысық, білімі жоғары Роза Асылбекова алғашында мектепте мұғалім, кейіннен партия-кеңес қызметінде болып, Ақмола қалалық кеңесі төрағасының орынбасарлығына дейін көтеріледі. Тіпті зейнет жасына тақап қалғанның өзінде Қазақ мемлекетіне ерен еңбек сіңірген боздақтарымыздың бірі, атақты ақын Сәкен Сейфуллиннің Астанада мұражайын ашып, оның алғашқы директоры қызметіне тағайындалады. Ұлы ақынымыз Сәкеннің жұлдызын жарқыратсам деген арман жетегінде ұзақ жыл қызмет атқарады. Роза Иманғалиқызы қызметіне деген адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында биікке көтерілді, елдің алды болды, туған еліне адал қызмет етті.
Тоқсанға аяқ басса да, ол әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға араласады. Астана қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі, жастарға тәлім-тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаз, ал немерелеріне аяулы әже. Наградалары да жоқ емес. Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі, «Астана» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10, 20 жылдығы медальдарымен қоса Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесінің ең жоғары наградасы – «Құрмет» төсбелгісімен және бірнеше құрмет грамотасымен марапатталған.
Ғалия Балтабай,
ардагер-журналист