Тығыз диалог бекіген күн

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Джорджа Мелонимен тет-а-тет форматында және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Жиынға екі ел делегациялары қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Қос елдің қарым-қатынасы өзара құрметке, сенім мен ортақ мүддеге негізделген.
Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумының арнайы сессиясына қатысқаны үшін Италия Премьер-министріне ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Джорджа Мелони бұл сапардың Қазақстан мен Италия қарым-қатынасын жандандыруға ықпал ететінін айтты.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту перспективасы талқыланды. Энергетика, аса маңызды материалдар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, сонымен қатар жаңартылатын қуат көздері салаларында байланыс орнату мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды. Одан кейін тараптар кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент мемлекеттер арасында тығыз саяси диалог орнап, берік экономикалық ынтымақтастық дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыс беки түскеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі, ал Италия еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Елдер арасындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, өткен жылы 20 миллиард долларға жетті. Президент соңғы 20 жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйғанын атап өтті. Өз кезегінде Джорджа Мелони екі ел арасындағы ықпалдастықты жоғары бағалап, оның стратегиялық серіктестік рухына сай келетінін айтты.
«Сізді көреген көшбасшылардың бірі санаймын. Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Осынау қиын кезеңде жақсы жаңалықтар да бар. Соның бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары.
Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы. Сіздің еліңіздің Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан алтын көпір ретіндегі тарихи мәнін жақсы білеміз» деді Италия Премьер-министрі.