Ел тынысы

Туризм саласын тұрақты жандандыру қажет

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризм саласында түйт­кілдер бар екенін ескертіп, қосымша тапсырмалар берді. Енді туризм инфрақұрылымының жүйелі дамуы негізгі басымдық және жергілікті атқарушы органның тікелей құзырында болмақ.

Осы жылдың 28 қаңтарында Президент ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында: «Кешіктірмей шешуді талап ететін келесі міндет – туризмді жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналдыру. Бұл салада біз артта қалып келеміз, жұмыс нәтижелері көңіл көншітпейді» деп баға берді.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұрмыз. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанмен, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. …Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімімен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр» деп 2024 жылдың 13 маусымында  туризмді дамыту бойынша кеңесте де сынаған болатын.

Ал биыл 10 шілдеде Президент Алакөл туристік аймағының дайындығына назар аударғанда, Астанада туризмнің дамуына жауапты мүдделі басшылар мен қызметкерлердің де қаперіне салды.

Астананың туристік саласын дамыту мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Қалаға 2023 жылы 1,3 млн, 2024 жылы 1,5 млн турист келуі аталған саланың үлкен әлеуетін көрсетеді. Туризм арқылы экономикаға тікелей кіріс кіреді, жұмыс орындарының саны өседі және халықаралық имидж нығаяды. Дамыған елдерде бұл ішкі өңірлік өнімнің 10 пайызынан асқан, бізде 3 пайыздан енді көтерілді.

2024 жылдың 3 шілдесінде туризмді дамытуға арналған мәслихаттың бейімді комиссиясының отырысында қаулы қабылданған. Бұл мәселе 2023 жылы да жұмыс бабында көтерілген еді.

Қалада туризмді дамытудың стратегиясын тез арада дайындап, орындауға алу керек. Бұған қоса, туристік тартымдылықты арттыру мақсатында елордада ұлттық нақыштағы базар ашу не жасақтау мәселесі де уақыт талабына сай тұр. Қонақ үйлер мен сауда орталықтарындағы бөлімдер мәселені толық шешпейді.

Қоғамдық дәретханалар мәселесі елдігімізге сын. Дәретхана – туристік экожүйенің маңызды элементі екенін түсіну керек. Бұл – елдің туристке деген құрметінің көрсеткіші. Санитарлық жағдайды жақсарту стратегиялық маңызы бар, тек қана туризмге керек мәселе емес. «Қытай дәретхана революциясы» мемлекеттік бағдарламасымен заманауи 68 мың дәретхана салып, оған  25 млрд юань (шамамен 3,6 млрд АҚШ доллары) жұмсады.

2021-2025 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту жоспары биыл аяқталады. 2026-2030 жылға арналған жаңа дамыту жоспарын дайындауда туризмді дамыту бойынша жүйелі шаралар мен индикаторлар болуы міндетті.

Сарапшылар пікірінше, Астанада туристік өнімдер мен операторларды көбейту керек. Бас қалада экскурсия бар, алайда қалаға 5-7 күндік толыққанды турлар қажет. Келген қонақтар ең көп дегенде екі күн ғана қонады. Бұрын қаламызда ашық аспан астында «Атамекен» музейі бар еді. Ол жабылды, орнына ештеңе ұсынылмады. ЭКСПО-да музей болған, ол да жабылды. «Бәйтерек» бар, бірақ қасында ештеңе жоқ. Қолөнершілер базары, шәйханалар, киіз үйлер және тағы басқа тартымды шаралар ұйымдастыру керек. «АЛЖИР» музейі бар, қасында туристік инфрақұрылымы қажет.

Тағы бір мәселе – мақсатты нарық. Астананың туристік маркетингте қатысатын көрмелері өз мақсатты нарығын табу керек. Айталық, Астанаға Ресей №1 турист болу керек деп пайымдаймыз. Ресейдің бізбен шекаралас облыстарында 32 млн халық тұрады. Маркетингті дұрыс жолға қойсақ, Ресейден жылына 500 мыңнан аса турис­ті қабылдай аламыз.

Кендебай АДАМБЕК,

Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы      

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button