Туризм мәселелері талқыланды

Қалалық мәслихаттың депутаттары Astana Tourism туризмді дамыту орталығында көшпелі отырыс өткізіп, елордаға туристерді көбірек тарту жолдарын талқылады.
– Қаланың туристік келешегі туралы ашық әңгіме барысында біз туристік инфрақұрылымның қалай қалыптасып жатқанын, қызметтердің цифрландырылуы не үшін қала қонақтары мен тұрғындарының жайлылығын арттырудың басты кілті болып отырғанын және Астана туристерге қандай жаңа бағыттар ұсынатынын білдік. Халықаралық аренада қаланың тартымды имиджі қалай қалыптасатынына да ерекше көңіл бөлдік. Өйткені қазіргі туризм – бұл жай ғана экскурсия емес, қонақжайлық пен инновация философиясы, – деді қалалық мәслихаттың депутаты, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Асқар Смағұлов.
Бүгінде Астана ішкі және сыртқы туризм орталығы ретінде өз орнын нық айқындап келеді. Алда жаңа жобалар, серіктестіктер мен тың идеялар күтіп тұр.
Туризм мәселелері талқыланған кездесуді қорытындылай келе, іс-шараға қатысушылар Astana Tourism командасының жоғары деңгейдегі жұмысын атап өтті. Бұл бағытта олар бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.