Туризм елді түлетеді

«Туризм – экономиканы, мәдениетті, қауіпсіздікті, бизнесті біріктіретін күрделі сала. Мұнда өз жұмысын жақсы білетін білікті мамандар жұмыс істеуі қажет, ең бастысы олар Қазақстанның патриоттары болуы керек. Өткен жылы Қазақстанға миллиондаған шетелдік азаматтар келді, ішкі туризм де белсенді дамып келеді. Мұның бәрі қуантатын жағдай» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында.
Елімізде туризм саласы экономиканың басым бағытының біріне айналып келеді. Шүкір етері де осы. Ішкі және сыртқы туризмге қызығушылық артып, жаңа туристік бағыттар ашылып, инфрақұрылым дамып жатыр. Алайда саланың қарқынды дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі кадр тапшылығы екенін жасыруға болмайды.
Туризм бизнесі – тек табиғи көрікті жерлермен немесе қонақүйлермен шектелмейтін, адам факторына тікелей тәуелді сала. Қызмет көрсету сапасы, туристермен жұмыс, гидтер мен менеджерлердің кәсібилігі елдің имиджіне тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда туризм саласында білікті мамандар жетіспейді. Мұны мамандар да мойындайды.
– Елімізде туризм саласын бәсекеге қабілетті және халықаралық деңгейде дамытудың маңызды элементі ретінде кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес қайта құру мәселесі үнемі назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен даму стратегиясында туризм саласындағы білікті кадрлар даярлау аса маңызды бағыттардың бірі ретінде көрсетілді. Президенттің айтқанындай, туризм саласында кәсіби мамандар тапшы және бұл мәселені шешу үшін бірқатар жүйелі іс-шара қолға алынуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылып, туризм мен қонақжайлылық саласы бойынша терең әрі практикалық білім берілуде. Алғашқы түлектер еңбек нарығына жол тартты десек те болады. Бұл мемлекеттің кадр тапшылығын түбегейлі шешуге бағытталған нақты қадамы екенін айтуымыз керек, – деді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Бекежан Мырзаев.
Халықаралық туризм және меймандостық университеті туризм мамандықтарына арналған оқу бағдарламаларын жаңартуды жоспарлаған. Оқу бағдарламаларын жаңарту немесе қайта қарау үдерісі Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіліп келеді. Аталған үдеріс жергілікті атқарушы органдармен, оның ішінде әкімдікпен, сондай-ақ туризм саласындағы жұмыс берушілермен тығыз әріптестік негізінде іске асырыла бастаған.
– Еңбек нарығының нақты сұранысын ескеру мақсатында салалық ұйымдармен және компаниялармен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жүргізіледі. Жұмыс берушілер тарапынан туризм саласында бүгінде сұранысқа ие құзыреттер мен оқу пәндері бойынша нақты ұсыныстар енгізілді, – деді Бекежан Мырзаев.
Жалпы алғанда, бірлескен жұмыс оқу бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына барынша сәйкестендіруге және туризм саласына бәсекеге қабілетті, тәжірибеге бағытталған мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында мемлекет кәсіпкерлікті, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған кең ауқымды қолдау шараларын іске асыра бастады. Құптарлық жағдай. Қолдаудың негізгі құралдарының қатарына қаржы тетіктері, субсидиялар, гранттар, жеңілдетілген кредиттеу, консультациялық және сервистік қолдау, сондай-ақ кәсіпкерлік дағдыларды оқыту және дамыту бағдарламалары кіреді.
– 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жеңілдетілген несиелеудің «Өрлеу» деп аталатын бағдарламасын іске қосты. Бұл құрал шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. «Өрлеу» бағдарламасы инвестиция мақсатына жеңілдікті қарыздар беруді, айналым қаражатын толықтыруды және 2025 жылғы 1 қаңтардан ерте емес берілген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруды көздейді. Негізгі шарттар: қарыздың ең жоғары сомасы – инвестицияларға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд теңгеге дейін; сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6% аспайды; қаржыландыру мерзімі: инвестиция мақсатына 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылдан аспайды, кредиттерді қайта қаржыландыруға қаржыландырылатын берешектің қалған мерзімінен аспайды. «Өрлеу» бағдарламасы экономиканың басым секторларында, оның ішінде туризм саласында (қонақүйлер, кемпингтер және басқа да қызметтер көрсету) жеңілдетілген кредиттер беру арқылы кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған, – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бас сарапшысы Майя Нағұманова.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – қолжетімді микрокредиттеу арқылы жергілікті бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру және ауылдық аумақтарда тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті, оның арқасында мыңдаған ауыл тұрғындары өз ісін ашты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік бастама. Осы бағдарлама аясында көптеген іс жүзеге асты. Сайып келгенде, туризм саласына жыл санап көңіл бөлініп келеді. Мұны жоққа шығаруға болмайды, – дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бас сарапшысы.
Туризм саласында кадр тапшылығын жоюды, жұмыспен қамтуды қолға алған бастамалар бар. Мамандар алдағы уақытта жұмыспен қамтуды да қолға алмақ.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



