Туристік пойыздың бесінші сапары басталды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Қазақстан мен Өзбекстан арасында кезекті, яғни бесінші «Jibek Joly» туристік пойызын іске қосты. 120 астам жолаушы 30 сәуірде «Jibek Joly» туристік пойызымен саяхатқа шықты. Бұл туристерге екі елдің тарихи орындарына баруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Jibek Joly» туристік пойызы Алматыдан жолға шығып «Алматы – Түркістан – Бұхара – Самарқанд – Ташкент – Алматы» бағытымен жүреді. Турдың ұзақтығы 8 күн — 2025 жылғы 30 сәуірден 7 мамырға дейін созылады. Кезекті туристік пойыздың іске қосылуы туристер мен Ұлттық тасымалдаушы үшін дәстүрге айналды. Қазіргі құрам Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүретін бесінші туристік пойыз болды.
Туристік пойыз құрамы отандық өндірістің заманауи жайлы вагондарынан құралған, олардың интерьері дәстүрлі ою-өрнек элементтерімен ұлттық стильде безендірілген. «Jibek Joly» туристік пойызы 5 вагоннан тұрады (4 купе және 1 вагон-мейрамхана).
Пойыз маршруты Қазақстан мен Өзбекстанның көрнекті мәдени және тарихи орталықтары арқылы өтеді. Сегіз күн ішінде турға қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Түркістандағы Отырар қалашығын, Бұхарадағы Арк бекінісі мен Ляби Хауз алаңын, Әмір Темір кесенесін және Самарқандтағы Регистан алаңын, Төле би кесенесін және Ташкенттегі Хазіреті Имам мемориалдық кешенін аралайды.
Туристік пакеттің құнына туристік пойызбен жүру, кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен туристік бағдарлама, кіру билеттері бар экскурсиялар және туроператорлар ұйымдастырған трансферлер кіреді.
Туристік пойызды ҚТЖ «Өзбек темір жолдары», Туризм комитеті және ҚР Көлік министрлігі, Kazakh Tourism көмегімен ұйымдастырды.
«Jibek Joly» туристік пойызының іске қосылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ өңірдің тарихи мұрасын танымал етуге ықпал ете отырып, теміржол туризмін дамытудағы маңызды қадам болып табылады.