Басты ақпаратҚұқық

Туристер елордада еркін жүре алады

Жалғас ЖАҚЫПОВ, полиция подполковнигі

Елордаға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Туризм саласын дамыту жолында қоғамдық қауіпсіздік пен қызмет көрсету деңгейі жоғары болуы аса маңызды. Бұл бағытта туристік полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, түрлі ұлт өкілдеріне қала бойынша дұрыс бағдар беріп, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген мамандардың бірі – полиция подполковнигі, туристерге қызмет көрсету инспекторы Жалғас Жақыпов.

– Жалғас Балабекұлы, әлеу­меттік желі арқылы өзіңізді төрт тілді жетік меңгерген қызметкер ретінде астаналықтар өте жақсы таниды. Елордаға қашан келдіңіз? 

– Бұл салада жүргеніме 17 жылға жуықтады. Қазіргі таңда қаланың қоғамдық тәртібімен қатар туристік бағытты қатар алып жүрмін. Таңғы сағат 06:30-да жұмыс орнында болуым керек. Әріптестеріммен жиналып, бұйрық аламыз. Сол бойынша кешкі сағат сегізге дейін қызмет атқарамыз. Біздің басты мақсат – туристерге ақпарат беріп, қазақтың қонақжайлығын көрсету. Турис­тік полицейлердің барлығы – бірнеше тілді қатар меңгерген білімді азаматтар. Өзім қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде еркін сөйлесе беремін. Заң ғылымдарының магистрімін. Елордаға қызмет бабымен келгеніме бес жыл болады. Мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес тест тапсырып, тіл меңгеру деңгейімді жетілдірдім. Қазіргі уақытта қытай тілін оқып жүрмін. Бір тілді толық меңгеру үшін кемі 3-4 жыл керек болады. Тілді меңгергенімді растайтын сертификатты алғаннан соң французша үйренуді жоспарлап жүрмін. Еуропада бұл тіл бірнеше елде мемлекеттік тіл санатына жатады. Сондықтан, осыны ескере отырып, французша үйренуді жөн көрдім. Мейлінше адам білімнің хақысын беруі керек. Рухани әрі біліммен бай тұлға болып қалыптасқан абзал.

– Туристерді көбіне не қызықтырады?

– Туристік полицейлердің елордада қызметтік төрт ландшафты бар. Олар – Бәйтерек, Ханшатыр, EXPO және Тәуелсіздік және келісім сарайы. Аталған бекеттерде мамандар жеткілікті. Барлығы сауатты. Туристер көбіне ұлттық тағам дайындайтын дәмханаларды сұрайды. Кейде қаражаттарын қайда сақтап, инвестицияны қайда құятынына дейін ақпарат алғысы келеді. Сондай-ақ қаланың ең көрікті жерлерін, қонақ үйлерді, дүкендерді, жол картасын көрсетуді өтінеді. Ал біз барынша білгенімізбен бөлісуге тырысамыз. Кейде оларды қажет мекенжайына дейін жеткізіп саламыз. Бірақ, олар елордамызды өз елдерімен салыстырады. Барлығын қарап, бизнес ашуға қолайлы салалар мен өнеркәсіп туралы ақпарат жинап жүреді. Елге келген туристердің әрбіріне көмектесуді парыз санаймыз. Ел аралап жүрген саяхатшылардан бөлек елшілік қызметтегі тұлғаларды да ақпараттандырамыз.

– Көбіне қай елдің азаматтары қонақ болып келеді?

– Келушілердің ең көбі – АҚШ, БАӘ, Франция, Германия, Шығыс Еуропа елдері, Қытай және Жапония ұлтының азаматтары. Олар аздаған уақытта астананың осыншалық көркейгеніне тамсанып, таңдай қағып кетеді. Әрбір кәсіптің жұмысшыға беретін адамзаттық құндылықтары бар. Бірнеше ұлт өкілдерінің мәдениетімен танысып, оларға жәрдемдесу де зейіннің шоғырлануы мен адами құндылықтарды талап етеді.

Менің ойымша, біздің ел жайлы өзге ұлт өкілдері жағымсыз пікірде болмауы керек. Сондықтан барымызды салып жұмыс істейміз. Оларға көмектескеннен шабыт аламын. Өзгелерге пайдаң тисе, қоғамға қажеттілігіңді сезінесің әрі адамдардың ризашылығын аласың.

– Жалпы, Туристік полиция қызметі қашан құрылды? Алда қандай мақсаттар бар?

– Туристер астаналық қауіпсіздікке ерекше сенеді. Әрбір бұрыштарда, бағаналарда, сондай-ақ тұрғын үйлерде түгел бейнекамералар орналасқан. Көшеде патрульдік қыз­меткерлер жүреді. Бір сөзбен айтқанда, туристер Астанада емін-еркін, қорықпай жүре алады.

Туристік полицейлердің штабы 2019 жылы құрылды. Сол бастама бүгінде оң нәтиже беріп келеді. Алдағы уақытта бұл салаға жаңғыртулар енгізу керек. Еліміздің мегаполис­терінде туристік полицейлерді шет елдерге тәжірибе алмасуға жіберсе, қызмет одан әрі дамып, мүмкіндіктер арта түсетін еді. Мәселен, еліміздегі турис­тік полициядағы артықшылық – туристік полицейлеріміздің тіл білуінде. Ал басқа мемлекеттерде өз тілінде ғана сөйлейді. Ал бұл туристер үшін тиімсіз деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button