Тумен бірге асқақтаған рух

Кеше Астанадағы Бәйтерек монументі алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Менің байрағым!» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын елордалықтар мен қала қонақтарын бірлікке үндеп, отансүйгіштік рухты асқақтатты.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігі мен бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірлесе өткізді. Шараның басты мақсаты – ұлттық рәміздеріміздің қадір-қасиетін ұлықтап, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім дарыту, бірлік пен ынтымақты дәріптеу болды.
Мерекелік кеш ән шашумен ашылды. Бағдарлама аясында ұйымдастырылған викториналарға қатысушылар белсене атсалысып, мемлекеттік рәміздерге қатысты білімдерімен бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шараның тағы бір жарқын сәті – Қазақстан Спидкубинг федерациясы мүшелерінің 3000 Рубик кубигінен Қазақстан Туының бейнесін құрауы болды. Бұл креативті көрініс жастардың ұлттық рәміздерге деген құрметін ерекше өнермен өрнектеп көрсетті.
Мерекелік жиын соңында жүргізушілер ел рәміздерінің – Ту, Елтаңба және Әнұранның – мәңгілік рухани құндылық екенін атап, барша қатысушыларға алғыс білдірді. Олар мерекелік кешті «Туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі, Гимніміз әлем сахнасында шырқала берсін! Ұлтымызды ұйыстыратын рәміздеріміз мәңгі жасасын» деп қорытындылады.
Адия КӘРІПЖАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті