Ел тынысыҚоғам

Туған ауылдың топырағы да ыстық

Жарық дүниеде туып-өскен ауылыңнан сүйкімді, қымбат не бар?! Осы жерде орыс жазушысы М. Салтыков-Щедрннің мынадай нақыл сөзі ойыма оралды: «Ал сөйтсе де туған Отаныңды сүйген үстіне сүйе беру, сүйе беру! Өйткені бұл сүйіспеншілік саған күш береді, қалғанының бәрін қиналмай-ақ тындырасың». Әр адам өзінің туған топырағымен байланысын әрқашан терең сезініп жүрсе, толық бақытты бола алады. Астанадан ауылға жолға шыққанымда осындай ойлар басымды қаумалап алды. Сарыарқаның кіндігіндегі балалық шағым өткен аяулы да құтты мекеніме асығып келемін. Әке-шешем, бауырларым жерленген топыраққа жеткенше кеудемді сағыныш кернеді.

Қыс құшағындағы Кежегім құшағын жайып қарсы алды. Ымырт жабылғанына қарамай ауылды жаяу аралап шықтым. Көршілердің үйіне кіріп, амандық-саулық сұрастым. Қоңырқай тірлігін кешкен ауылдастарымның хал-ахуалы жаман емес. Тілеубай әулетінің қара шаңырағы болған үйден (қазір басқа адам сатып алған) де түтін шығып, будақтап аспанға көтеріліп жатыр. Кешкі ауылдың көз тоймас көріністерін қызықтап, Дәулетбек ағам мен Зәуре мұғалімнің шаңырағына оралдым. Ауылға келгенде ат басын бірінші болып бұратын үйім осы. Нағыз қазақы, қонақжай, кеңпейіл жандар. Ақ дастархан басында үй иелерімен, Абзал ауылдасыммен өткен күндердің әсерлі әңгімесін айтып, бір жасап қалдық.

Күн – бейсенбі. Алатаңнан тұрып, өзім 11 жыл оқыған Ақши орта мектебіне бардым. Бір қабатты аласа үйдің төбесінде көк туымыз желбіреп тұр. Мектепке кірер сәтте жүрегім лүпілдеп, балалық шақтағы бал күндерім көз алдыма оралды. Мейірбан мұғалімдерім, бірге оқыған құрдастарым қандай жақын, бауырмал еді. Кіре берістен мектеп директоры Төлеубола Ноғаева қарындасым күлімдеп қарсы алды. Мұғалімдер мен оқушылар кездесуге ұқыптылықпен дайындалыпты. Мектеп дәлізінде менің оқушы кездегі, журналистік іссапарларымның суреттерін, кітаптарымды жинап, әдемі көрме ұйымдастырыпты. Балалық шағымның өзім көрмеген суреттерін қайдан тауып алғанына қайран қалдым.

Одан әрі өзім оқыған сыныптарымды аралап шықтым. Мектепте географиядан сабақ берген Зәуре мұғалім мен Бибігүл мұғалім әдемі естеліктер айтты. Әр сыныпқа кіргенде сол пәннен дәріс берген мұғалімдердің мінез-құлығы, сабақтағы қызықты оқиғалар есіме түсті. Арада қаншама жыл өтсе де, мектеп қабырғалары сол күндердің ұмытылмас сәулелі сәттерін қаз-қалпында сақтап тұр. Үлкен сыныптардың бірінде мектеп оқушылары тегіс жиылыпты. «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабымды таныстыру рәсімі қызықты өтті. Мұғалімдер де, оқушылар да шағын повесімді оқып алыпты. Кішкентай оқырмандар повестегі жер-су атаулары, аңыз әңгімелер, табиғат көріністері туралы қызықты, тұшымды сұрақтарын жаудырды. Әсіресе, ел аузындағы Қайдауыл-Шеруке аңызына, Көмейдің құпиясына қызығушылық көп болды. Балаларды туған жердің тарихы қызықтырғанына қуандым. Сұрақтарға қысқа да нұсқа жауап бердім. Мұғалімдер жүрекжарды лебізін айтып, ауыл тақырыбында көркем шығарма жазылғанын қуана қабылдады. Қазақ әдебиетінің мұғалімі Жанар Қабылкешқызы повестегі адамдардың аты-жөнін өмірдегідей өзгертпей жазған дұрыс еді деген пікірін айтты. Шығармадағы ауыл адамдарының көркем бейнесі әдебиетте қалсын деген жанашыр тілегін түсіністікпен қабылдадым. Адамдардың аты-жөнін өзгертіп жазу көптеген қазақ жазушыларының тәжірибесінде бар екенін жеткіздім. Сыр-сұхбатқа ауыл әкімі, шығармашылығымның шын жанашыры Мейірбек Макенбаев та қатысып, жылы лебізін білдірді. Мектеп басшысы Төлеубала Ноғаева ұжым мен оқушылардың атынан алғыс айтты. Жүздесудің шарықтау шегінде мектеп оқушылары ауылымыздың 50 жылдығына шығарылған «Ақшиім – ән-арқауым» (сөзі – Т. Тілеубай, әні – М, Салықов) атты әнұранымызға айналған әнді әуелетті. Соңынан 14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында мектеп кітапханасына өз кітаптарымды сыйға тарттым. Одан әрі мұғалімдермен ашық-жарқын әңгімеміз ақ дастархан басында жалғасты. Түс ауа аяғыма шаңғы байлап, ауыл сыртындағы әке-шешем, бауырларым жерленген зиратқа бардым. Марқұмдардың рухына құран бағыштап, белгітастарын қардан аршып, дұға жасадым. Аппақ қарға оранған белге шығып, ауылдың қысқы көрінісін суретке түсірдім. Сол жағымдағы биік тауда бала кезімде шана, шаңғы тепкен сәттерімді еске алып, тебіреніп, өлең оқыдым. Айнала аппақ дүние! Мүлгіген тыныштық! Алыстан ауыл иттерінің абалап үрген даусы ғана естіледі. Көз тоймас көрініс.

Әркез қуана қарсы алатын ауылымның ақжүрек адамдарына басымды иіп, алғысымды айтамын! Ақшиімнің мектебі гүлдене берсін! Ауылым дүние тұрғанша тұрсын!

Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды (Б. Момышұлы)

Менің анамдай асырап, әлпештеген екі ауылым бар. Екеуін де тел емдім. Аяулы Ақшиім мен кеңпейіл Кеншоқым!

«Өз еліңнің басы болмасаң да,

Сайының тасы бол» депті бұрынғылар.

Сапарымның екінші күні іңгәлап дүниеге келіп, кіндігімді кескен жұртым — Кеншоқы ауылына ат басын бұрдым. Туған ауылдың топырағы да ыстық. «Түлкілітаудың аспанындағы» 1 тараудың оқиғалары осы ауылдан басталады. Бес жасыма дейін Кеншоқының көшесінде шыбықты ат қып мініп, асыр салып ойнадым. Батпақты белден кешіп, асық атып, тұзақ құрып, тышқан ауладым. Ескі ауыл мен жаңа ауылдың арасын шаңдатып, қаншама күндерім өтті десеңші?! Одан әрі әкемді жаңа қызметке шақыруына орай Ақши ауылына қоныс аудардық.

Қасиетті жұма күні кеншоқылықтар «Ауылымыздың азаматы келді» деп құшақ жая қарсы алды. Ауылдың мәдениет үйінде кітабымның таныстырылымы өтті. Төрге кітабымды ұстап тұрған суретімді іліпті. Бала күнімде аға-әпкелеріммен бірге оқыған ауыл тұрғындары әсерлі естеліктер айтты. Әке-шешемнің қолынан дәм татқан, жақсылығын көргендер тебіреніспен еске алды. Емен-жарқын жүздесудегі әңгімеміз еркін форматта өрбіді. Жиналғандармен балалық шақтағы арман, кітап оқып жарысқан кездер, жылдың әр мезгіліндегі табиғат сұлулығы, бұрынғы балалар мен қазіргі балалар, цифрландыру ғасырындағы кітап оқу мен газет-журналдардың оқылуы, қазіргі оқушылар қандай әдеби жанрды сүйіп оқиды деген тақырыптарда ашық ой-пікір бөлістік.

Ауылдың әншісі Нұрбек домбырамен ән салып, көңілімізді серпілтті. Қарағандыдан арнайы келген өнерпаз Абай кездесудің модераторы болды. Ауыл азаматтары ізгі ниет, кең пейілдерін жайып салды. Ауыл әкімі, бала күннен келе жатқан жан досым Алмас: «Сен ауылдың мақтанышысың! Біз сенімен мақтанамыз! Шабытың талмасын, қаламың ұштала берсін!» деп ізгі ниетін білдіріп, алғыс хат тапсырды. Кітапханашы Назгүл қазақтың дәстүрімен иығыма шапан жапты. 14 ақпан — Халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында ауыл кітапханасына өз кітаптарымды сыйға тарттым. Шығармашылығыма қанат бітірген мадақ сөз, мейірлі сөз айтқан жандардың бәріне Алланың нұры жаусын! Әр күніміз қуанышқа толсын! Қаламгер болу үшін өз ауылыңды, туған жеріңді, Отаныңды жақсы көру жеткіліксіз, оған қоса өз халқыңды жақсы біліп, еліңмен біте қайнасып кетуің керек. Лайым солай болғай!

Төлен ТІЛЕУБАЙ,

Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты

 Суреттер автордікі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button