Тұтынушылардың құқығы талқыланды

Дүниежүзілік тұтынушылар күні мерекесі қарсаңында «Әділет» қоғамдық бірлестігі Астана қаласының әкімдігі және Ардагерлер кеңесімен бірлесіп, тұрғындарға арналған ақпараттық іс-шара өткізді. Онда тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері талқыланып, қолданыстағы заңнама нормалары түсіндірілді.
– «Әділет» қоғамдық бірлестігі Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарымен және қалалық Ардагерлер кеңесімен бірлесіп, тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ынтымақтастық халыққа құқықтық кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және әлеуметтік осал топтардың мәселелерін шешуге көмектесуге бағытталған. Бірлескен іс-шаралар арқылы азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, тұтынушылардың заңды мүддесін қорғау тиімді жүзеге асуда, – деді «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Томпиев.
– Биыл Telegram Bot арқылы 503 өтініш келіп түсіп, тұтынушылардың сұрақтарына түсіндірме берілді. Жеке қабылдау барысында 478 азаматтың мәселесі қаралды. «Жедел желі» телефонына 485 қоңырау келіп түсті, әрбір тұтынушыға мамандар тарапынан түсіндірме және кеңес берілді, – деді Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева.
2026 жылы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 138 әкімшілік іс қаралған. Тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін 41 кәсіпкерге ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қолданылып, 97 кәсіпкерге 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



