Тұрғындар тұрмысы жеңілдеді

2025 жыл Астана қаласының Сарайшық ауданы үшін ауқымды өзгерістер мен нақты нәтижелерге толы кезең болды. Аудан аумағында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету, қалалық ортаның көркемдік келбетін арттыру және қоғамдық кеңістіктерді тиімді пайдалануға бейімдеу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Бұл бастамалар елорданың орнықты дамуына бағытталған ортақ саясаттың бір бөлігі ретінде іске асты.
Аудан тұрғындары үшін ең маңызды мақсат – олардың күнделікті өмірін жеңілдету, балалар мен жастар үшін қауіпсіз және жайлы орта жасау, бос уақытты тиімді пайдалану. Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді қолайлы етіп қалыптастыру. Осы бағдарға сай, 2025 жылы Сарайшық ауданында бірнеше ірі жоба іске асты. Бұл жобалар тек сыртқы көріністі жақсартуға ғана емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге, демалыс пен серуендеуге арналған заманауи, функционалды кеңістік жасауға бағытталды.
Биылдың ең көрнекті жобаларының бірі – «Жұмысшы мамандықтар» аллеясы. Ол Т.Жүргенов көшесі бойында бой көтеріп, тұрғындарға жаңа, тартымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістікті ұсынды. Жобаны іске асыру барысында 7000 шаршы метр аумаққа тас төселіп, 1982 шаршы метрге асфальт жабындысы жасалды. Сонымен қатар екі көлеңкелі шатыр орнатылып, балаларға арналған ойын алаңдары мен спортпен жаттығу құралдары орналасты. Аллея бойына жұмысшы мамандықтарына арналған 6 тақырыптық қабырға орнатылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жастар мен балаларға кәсіби бағытта тәрбие беру, еңбек адамын дәріптеу және еңбекке құрмет көрсету.
Аудандағы басқа да инфрақұрылым жобалары ерекше назарға алынды. Р.Қошқарбаев даңғылы, Тәуелсіздік даңғылы және А.Байтұрсынұлы көшесі арасындағы аумаққа 13810 шаршы метрге тас төселіп, ұзындығы 1700 метр болатын веложол салынды. Бұл жаңарту жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қамтамасыз етті. Сонымен қатар тіреу қабырғалары орнатылып, тұрғындардың қаланың әр бөлігінде еркін қозғалуына жағдай жасалды.
Тәуелсіздік даңғылы мен Ж.Нәжімеденов көшесінің қиылысында жаңа қоғамдық кеңістік ашылып, 8187 шаршы метрге тас төселді, 1201 метрлік веложол салынды, тіреу қабырғалары орнатылып, әткеншектері бар көлеңкелі алаңқай жасалды. Бұл аумақ – тұрғындар үшін демалысқа шығуға, серуендеуге және балалардың қауіпсіз ойын алаңын пайдалануына таптырмас мүмкіндік.
Bravo Family аумағы да абаттандырылып, отбасы демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналды. Мұнда балалар мен ересектер үшін ойын алаңдары, демалыс орындары мен жарықтандыру жүйелері орнатылды. Аумағы заманауи сәулет элементтерімен толығып, адамдар үшін тартымды әрі жайлы ортаға айналды.
Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданның 17 ауласы толық абаттандырылып, балалар ойын алаңдары жаңартылды, демалыс аймақтары жөнделді, жаяу жүргіншілер жолы ретке келтірілді. Бұл жұмыстар тұрғындардың ұсыныстары мен қала әкімдігі арасындағы өзара байланыс арқылы жүзеге асырылып, жергілікті қоғамның қала өміріне қатысуын арттырды.
Сарайшық ауданында барлығы 263 аула орналасқан. Оның ішінде 223 аула қанағаттанарлық жағдайда болса, 40 аула әлі де абаттандыруды қажет етеді. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары абаттандыру жұмыстары жалғасатынын көрсетеді. Аулаларды жөндеу барысында әткеншектер, сырғанақтар, балалар ойын кешендері және шағын сәулет нысандары жаңартылды.
Биыл аудандағы жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартумен қатар, қаланың жалпы көрінісін өзгертті. Инфрақұрылым жаңартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, жасыл желек аймақтары көбейді. Тұрғындарға арналған қоғамдық орындар, демалыс аймақтары, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары және спорт кешендері жаңартылып, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылды. Аудандағы барлық абаттандыру жобалары тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асты. Бұл жергілікті қоғамның қала өміріне белсенді қатысуына септігін тигізді.
Сарайшық ауданының 2025 жылғы дамуы – елордадағы қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, тұрғындарға жайлы және қауіпсіз орта жасау, жасыл желекті көбейту мен экологияны жақсарту бағытындағы ауқымды жұмыстардың нақты мысалы. Ауданның қоғамдық инфрақұрылымын жаңарту тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың көркем бейнесін арттырады.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



