Тұрғындар тілегі ескеріледі

Әр адам елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деген қағидамен өмір сүруі керек. Осыдан 18 жыл бұрын ұлым екеуміз Астанаға көшіп келгенде өзім банк саласының қызметкері болғандықтан, алдымен банкке жұмысқа орналастым. Кейін құрылыс компаниясының менеджері болдым. Қазіргі Amanat ол кезде «Нұр Отан» партиясы деп аталатын. Сол партиямен жақынырақ танысып, тәжірибесі мол адамдардан үйрену мүмкіндігіне ие болдым.
Нәтижесінде 2011 жылы партияға мүшелікке өтіп, семинарлар мен тренингтерге қатыса бастадым. Қалалық мәслихатқа да осы партия арқылы келдім.
Біздің депутаттар тұрғындардың мүддесін ескере отырып, өзекті мәселелерді көтереді және инфрақұрылымның, әлеуметтік саланың дамуы мен қала тұрғындарының жалпы әл-ауқатына тікелей әсер ететін шешімдер қабылдауға қатысады. Менің ойымша, мәслихаттың негізгі миссиясы – халық пен билік арасында байланыс орнату, қаланың тұрақты дамуына ықпал ету және оның әрбір тұрғынының өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінгі таңда депутаттық корпустың алдында қалалық инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету және қаражатты тиімді пайдалану секілді басым міндеттер тұр.
Төртінші сайлау округінің депутаты ретінде тұрғындармен тұрақты кездесіп тұрамын. Олар көбіне аялдамаларды, аулаларды, балалар мен спорт алаңдарын абаттандыруға қатысты мәселелерді, сондай-ақ автобустардың жетіспеушілігі және балаларды мемлекеттік балабақшаларға қабылдаудағы қиындықтарды көтереді. Полиция бөлімшелері мен бағдаршамдарды адам көп жүретін орындарға орнату туралы өтініштер де жиі келіп түседі. Біз әрбір қала тұрғынының өз ауданында және жалпы қала өмірінде оң өзгерістерді сезінуі үшін жұмыс істеуге тырысамыз.
Депутаттардың халықпен өзара іс-қимылы ашық диалог және тұрақты кері байланыс қағидаттарына негізделген. Бұл ретте біз тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп қана қоймай, проблемалық нысандарға барып, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде, Amanat партиясының қалалық филиалында және онлайн форматта да азаматтардың өтініштерін қабылдаймыз, сондай-ақ округтерде көшпелі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Мен болсам мәслихат қабырғасында азаматтарды жеке қабылдауды ай сайын жаңа айдың бірінші сейсенбісінде өткіземін.
Бүгінде қала тұрғындары мәслихат шешімдеріне әсер етудің нақты тетіктері бар. Ол – жария тыңдаулар, бастамашыл топтар, «Халық қатысатын бюджет» және ұжымдық өтініштер. Адамдардың қатысуымен қабылданған шешімдер дәлірек болады және ол халықтың нақты қажеттіліктеріне жақындайды. Мәслихат жұмысының тиімділігі ашықтыққа және халықпен тұрақты өзара іс-қимылға тікелей байланысты екеніне сенімдімін. Егер тұрғындармен кездесуден кейін кем дегенде үш-төрт мәселені шешуге көмектессе, бұл – нәтиже. Адамдар депутат жай тыңдап қана қоймай, шынымен, көмектесетінін көреді. Ал азаматтар өздерінің пікірлері ескерілгенін сезгенде, билікке деген сенім де артады.
Бюджеттік шешімдердің ашықтығы да маңызды рөл атқарады. Тұрғындар қалалық бюджеттің қалай құрылатынын, қаражаттың қайда бағытталатынын және олардың ауданында қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын толық түсінеді. Депутаттардың атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастығы, сондай-ақ қала тұрғындарымен қарым-қатынас жасау үшін цифрлық платформаларды белсенді пайдалану тиімділікке ықпал етеді. Қалалық бюджетті қарау кезінде әлеуметтік бағыттарға, атап айтсақ, білім беру, денсаулық сақтау, абаттандыру және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мен үшін мектептерді, балабақшаларды, спорт және ойын алаңдарын салуға, жөндеуге жеткілікті көңіл бөлу өте маңызды, өйткені бұл балалардың жайлылығы мен дамуына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар аулаларды абаттандыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жарықтандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға барынша назар аударылып келеді. Бюджетті қалыптастыру кезінде біз адамдардың пікірін ескеруге тырысамыз, өйткені олар проблеманың қалай туындағанын жақсы біледі. Ең бастысы, жұмсалған әрбір теңге қала тұрғындарына пайда әкеліп, олардың күнделікті өмірін жақсартуға бағытталуы керек деп есептеймін.
Басқармалардың өтінімдері әрқашан бюджет мүмкіндіктерінен көп. Сондықтан қаражатты бөлу кезінде бірінші кезекте әлеуметтік маңызды және шұғыл жобаларды қолдау үшін нақты басымдықтар қойылады. Бюджетті атқару кезіндегі негізгі ескертулер қаражаттың уақытылы игерілмеуіне, бюрократиялық кідірістерге және мемлекеттік сатып алудың ұзаққа созылған рәсімдеріне қатысты болады. Меніңше, ақшаны тиімді пайдалану үшін проблемаларды жазып қана қоймай, олардың себептерін жедел жою маңызды.
Бүгінде бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі ашықтық пен жауапкершілікке ерекше көңіл бөлінеді. Ашық есеп берулер, жария тыңдаулар өтеді, мониторингтің цифрлық құралдары енгізіледі және депутаттық бақылау күшейеді. Тұрғындардың өздері қаражаттың қайда бара жатқанын көре алуы маңызды. Сондықтан «Халық қатысатын бюджет» жобасы мен қоғамдық кері байланыс тетіктері белсенді дамып келеді. Мұның бәрі процесті ашық әрі тиімді етуге көмектеседі.
Келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде денсаулық сақтау саласына – медицина мекемелерінің құрылысы мен жөндеуіне, жабдықтарды жаңартуға және кадрларды қолдауға ерекше назар аудару жоспарлануда. Бұл ретте білім беруге, абаттандыруға және инфрақұрылымға баса назар аударылады, өйткені мұның бәрі адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Жұмыс барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға назар аударамын. Бұл механизм қалалық инфрақұрылымға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, қалалық мәслихат депутаттары көтерген әрбір бастама адамдарға пайдалы болып, елордамызды өмір сүруге ыңғайлы қала етеді.
Мәдина ӘЖІКЕНОВА,
Астана қаласы
мәслихатының депутаты



