Тұрғын алаптар тұрақты дамуда

Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында негізгі мәселе ретінде елорданың тұрғын алаптарын дамыту жұмысы қаралды. Бұл бойынша қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев баяндама жасады.
Баяндамашы бірқатар аудандарда нақты нәтижелер бар екенін атап өтті. Мәселен, «Кирпичный» тұрғын алабында су құбыры желілері толық салынып, пайдалануға беруге дайындалуда. Ал «Үркер» тұрғын алабында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар іс жүзінде аяқталуға жақын. «Промышленный», «Оңтүстік-Шығыс», «Көктал-1», «Тельман» және басқа да тұрғын алаптарда жобалар жалғасып, тұрақты қаржыландыруды талап етеді.
Сессияның алдында қалалық мәслихат депутаттары тұрғын алаптарда көшпелі кеңестерді өткізді. Соның барысында депутаттар инженерлік инфрақұрылым құрылысы мәселелері тұрғындар үшін әлі де ең өзекті екенін өз көздерімен көрді. Мұны жиынды жүргізген елорда мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден атап өтті.
Сондай-ақ сессияда көлік құралдарын эвакуациялау және оларды коммуналдық меншіктегі арнайы тұрақтарда уақытша сақтау үшін алынатын төлем мөлшерлері бекітілді.
Бұған қоса, кондоминиум нысанын басқаруға арналған ең төменгі жарна мөлшері бекітілді. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 1 шаршы метр үшін 0,016 АЕК. Сонымен қатар, мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер телімдерін алып қоюға байланысты жер телімдері мен өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттар жобасы қолдау тапты. Бұл аумақтарда жолдар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салу жоспарлануда.



