Басты ақпаратМәслихат

Тұрақты комиссияның басты бағыттары

Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2024 жылғы 1 шілдеден 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі кезеңдегі қызметі қолданыстағы заңнамаға, регламентке және мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.

Тұрақты комиссия мүшелері партия тізімі бойынша: Amanat партиясынан 2 депутат, «Ақ жол» ҚДП-нан 1 депутат, ал 5 депутат бір мандаттық сайлау округтерінен сайланған, олардың арасында 3 әйел және 5 ер адам бар. Барлығы да Amanat партиясына мүше. Тұрақты комиссияның төрағасы мен мүшелері арасында комиссияның негізгі қызмет бағыттары, сондай-ақ әкімдік басқармаларымен жұмыс істеу және үйлестіру, әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссия­ларға қатысу функциялары бөлінген. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап тұрақты комиссия 25-тен астам отырыс өткізді, оның 12-сі – көшпелі отырыс. Тұрақты комиссия мүшелері әкімдік жанындағы 17-ден астам әртүрлі комиссия мен жұмыс топтарының құрамына кірген. Халық қалаулылары осы уақыт аралығында уәкілетті органдарға 351 депутаттық сауал жолдады, олардың 131-іне оң шешім алынды. Жұмыс жалғасуда.

Депутаттық сауалдар аясын­да алынған кейбір оң шешімдерге тоқталсақ, тұрақты ­комиссия төрағасының сауалдары негізінде зейнеткер Р.Ноғай сұрауы бойынша оның үйіне тегін сумен қамтамасыз ету жүргізілді. Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен мүгедек баласы бар Асқар Болатұлына кәсіпкерлікке арналған орын берілді. Өтініш беруші Сәбира Есімхановаға Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бірнеше жартылай жұмыс күнгі бос орындардың тізімін ұсынды, оның ұлы жүзу үйірмесіне резервке алынды. Сонымен қатар қаржылай көмек ретінде 40 мың теңге берілді. Сонымен қатар өтініш беруші Ләззат Қарақойшинаға бірнеше жартылай жұмыс күнгі бос орындардың тізімі ұсынылып, қаржылай көмек ретінде 40 мың теңге берілді.

Депутат Б.Смаиловтың сұ­раулары бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен №41 мектепке қосымша құрылыс салуға; «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының, М.Дулатов атындағы №68 мектеп-гимназиясының ғимараттарын жөндеу және қайта құруға; №85 «Мейіржан» балабақшасының ғимараты мен шатырын жөндеуге; аталған нысандарға жиһаз, медицина және ас үй жабдықтары, матрастар, төсек-орын жабдықтары және т. б. сатып алуға қаржы бөлінді. Көктал-2 шағын ауданынан Бас мешітке дейін қатынайтын №49 жаңа автобус маршруты іске қосылды. «Құтты мекен» ТК-де Н.Тілендиев даңғылы, 40 мекенжайында аула клубы ашылып, ағаш отырғызылды. Д.Бабатайұлы көшесіндегі №6, 8, 14, 18 үйлердің, Көктөбе (Көктал-1) және Кеңдала 2, 3 (Көктал-2) көшелеріндегі тұрғын үйлердің ауласында балалар және спорт алаңдары орнатылды.

Депутат С.Дженалаеваның сұраулары бойынша Ш.Жиен­құлова көшесі бойына жаңа шамдар орнатылып, іске қосылды. Ж.Тархан көшесі, 1/7 мекенжайында тұрған тұрғынның мүддесі қорғалып, оның үйінің жанында көпқабатты ғимарат құрылысын бастау кезінде құрылысшы үйді сатып алды. Ә.Сембинов көшесі, 10/1 мекенжайындағы тұрғын үй ауласы абаттандырылып, ғимараттың фасады жөнделді. Абай даңғылы, 97 мекенжайы бойынша асфальт қабаты төселіп, ақаулар жойылып, дублер бойымен қауіпсіз және ыңғайлы қозғалыс қамтамасыз етілді. А.Кравцов көшесі, 1/2 мекенжайында жасыл желекті күтіп-баптау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілді және аумақ абаттандырылды. А.Пушкин көшесі, 9 үйде төбе жөнделіп, шатырдан су ағу тоқтатылды. А.Жұбанов көшесі, 10 мекенжа­йындағы тұрғын үйде фасадтың қауіпті бөліктерін демонтаждау жұмыстары жүргізілді.

Депутат М.Әжікенованың сұраулары негізінде өтініш беруші Сұлушаш Сетейге әлеуметтік жоба аясында тігін цехын ашу үшін 150 м² кеңістік жеңілдетілген төлеммен берілді. Бұл жерде ол әлеуметтік жағынан осал топтағы әйелдерге тегін оқыту ұйымдастырды және жаңа жұмыс орындарын ашты. Сонымен қатар зейнеткерлерге тұрақты түрде тегін киім тігу көмегі көрсетілуде. Ш.Қалдаяқов көшесі, 44 мекенжайында (Ұлы дала-Ш.Қалдаяқов қиылысы, LRT астында) бағдаршам орнатылды. Х.Доспанова көшесі, 2/2 мекенжайында ұзындығы 200 м, ені 1,5 м жаңа жаяу жүргінші жолы салынды. «Шұғыла» балабақшасы мен «Bravo» ТК алдында жаңа жол бөгеттері орнатылып, бұл тұрғындар мен балалар үшін жол қозғалысының қауіпсіздігін едәуір арттырды. Ж.Нәжімеденов көшесінде аялдама белгісі орнатылды, қоғамдық көліктің қозғалыс жолағы белгіленді, жол жиегінде автокөліктерді қоюға шектеу енгізілді. №86 мектеп-лицей аумағының қоршауы орнатылды, мектеп алдындағы айналмалы жол жабындысы жаңартылды, жаңа жарықтандыру орнатылды.

Депутат Ж.Рақмет сұраулары бойынша Гёте көшесі мен Республика даңғылының бір бөлігін қайта құру жұмыстары жүргізілді. «Атырау», «Медик» қоғамдық алаңдарында, сондай-ақ 17-шағын ауданның 63 ауласында және 19 саяба­ғында қалалық жабдықтарды ауыстыру, жол жабындысын қалпына келтіру, жаңа ойын және воркаут алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілді. Бекетай және Ә.Молдағұлова көшелерінің қиылысында бағдаршам ­орнатылды.

Депутат Б.Төлеген сұраулары негізінде Ауған кварталына қосымша аялдамалар орнатылды, енді автобустар Қожаберген жырау, Сырым батыр және Исатай батыр көшелері арқылы өтеді. «Премьера» ТК-нің ауласы абаттандырылды. Жаңа ыңғайлы №100 мектеп жанында қосымша аялдама енгізілді. Зейнеткерлерге арналған мерекелік түскі ас ұйым­дастырылды. Әрине, бұл – депутаттық сауалдар бойынша оң шешімдердің тек бір бөлігі ғана. Барлығы 394 қабылдау, оның ішінде мәслихаттың 101 қоғамдық қабыл­дауы, 129 партиялық-қоғамдық қабылдау, 164 жеке қабылдау өтті. Комиссия мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарында да белсенділік танытады. Газеттер мен журналдарда – 194; әлеуметтік желілерде (Facebook пен Instagram) – 3059; телеэфирлерде – 21; 400 видеоролик шығарылды.

Жұмыс барысында депутаттар тұрғындармен, мекемелермен, кәсіпорындармен және ұйымдармен 252 кездесу өткізді. Барлық депутат мүмкіндігінше тұрақты түрде қайырымдылықпен айналысады, өз сайлау округтеріндегі қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсетеді. Мәселен, депутат Бахаргүл Төлеген Үркер шағын ауданында инсульт алған азаматқа автоматты түрде басқарылатын мүгедектік арба сатып алды. 2024 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін тұрақты комиссия қаладағы туристік саланы дамыту, индустриалды парктегі №1, №2 инженерлік инфрақұрылымды жүзеге асыруға бөлінген қаржыны тиімді пайдалану, ЖСҚ жобаларын іске асыру, коммуналдық құқықтық тұлғалар, аудандармен абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселелерін қарастырды. Отырыстарға да­йындық шеңберінде депутаттар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік нысандарына, қоғамдық кеңістіктерге, өнеркәсіп кәсіпорындарына (цехтар, зауыттар) және т. б. барады. Аудан әкімдіктерінде өткен отырыстарда кейбір аудандар мен тұрғын алаптарда жаңбыр суын ағызу жүйесінің жеткіліксіз өткізгіштігі, жолдарды жөндеу, жол жабындарының сапасы, аялдамалар мен бейнебақылау камераларының жеткіліксіздігі және т. б. мәселелер қаралды.

Жыл басынан бері тұрақты комиссия депутаттары квазимемлекеттік сектор басқармалары мен кәсіпорындарында, атап айт­сақ, Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы, Қаржы басқармасы, Мүлік және мемлекеттік сатып алулар басқармасы, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы, «Astana» ӘКК» АҚ, «Астана Innovations» АҚ, «Астанаинвест» АҚ, «Астана дамыту орталығы» ЖШС, «Астанатуризм» ЖШС және т. б. есептік кездесулер өткізді. Тұрақты комиссияның ұсынған тапсырмаларының орындалуы тоқсан сайын талданады. Барлық тапсырма қаралып, нәтижесі бақылауға алынады немесе орындалған жағдайда бақылаудан шығарылады.

Тұрақты комиссияның барлық отырысы ашық әрі қала тұрғындарына қолжетімді. Отырыстар Facebook желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Қала тұрғындары қаралған мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойып, жауап ала алды. Тұрақты комиссия мүшелерінің басым бөлігі Amanat партиясының мүшелері болғандықтан, Астана қаласы бойынша «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жол картасының 126-тармағының 57-тармағына жауапты. Есепті кезеңде жол картасының жүзеге асуына депутаттар лайықты үлес қосты.

Бағдарлама аясында барлығы 72 тармақ орындалды, 54 тармақ орындалу кезеңінде. Жалпы қаржыландыру көлемі – 371,7 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 104,6 млрд теңге, жергілікті бюджет – 267,1 млрд теңге. Бірінші бағыт – «Кірістерді арттыру» бойынша 23 тармақ қарастырылған, оның 15 тармағы орындалды, 8 тармағы қаралуда. Екінші бағыт – «Тұрмыс сапасын жақсарту» бойынша 27 тармақ қарастырылған, оның 20 тармағы орындалды, 7 тармағы қаралуда. Үшінші бағыт – «Тұрмыс шараларын жақсарту» бойынша 66 тармақ қарастырылған, оның 33 тармағы орындалды, 33 тармағы қаралуда. Төртінші бағыт – «Экологиялық жағдайды жақсарту» бойынша 10 тармақ қарастырылған, оның 7 тармағы орындалды, 3 тармағы қаралуда.

Тұрғындар сұраулары мен жол картасын орындау барысында тұрақты комиссия мен жалпы мәслихат жұмысына айтарлықтай үлес қосқан депутаттар – бір мандатты депутаттар Бауыржан Смаилов, Салтанат Дженалаева, Мәдина Әжікенова және Бахаргүл Төлеген есімдерін ерекше атап өтуге болады. Заңнама өзгерістеріне сәйкес, олар жыл сайын сайлау­шылар – Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы, Нұра және Сарайшық аудандары тұрғындары алдында есеп береді. Жақында депутат Ж.Рақмет өз округінде кездесу өткізіп, есебін берді. Комиссия мүшелерінің арасында қала дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік марапаттау алғандар да бар: Салтанат Мұхамбетпанқызы және Жанаргүл Жұмабайқызы 2024 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Мәдина Берікболқызы 2025 жылы «Шапағат» медалімен марапатталды. 2024 жылы мәслихаттың 30 жылдығына орай депутат Бауыржан Амангелдіұлы «Құрметті депутат» төсбелгісіне ие болса, кейбір депутаттар Сенат төрағасының марапаттау қағазын алды. Негізі, тұрақты комиссия мүшелері алдағы мерзімде не істеу, қалай істеу керек екенін, қай мәселеге басымдық таныту қажет екенін біледі. Жалпы әкімшілік – біздің басты әріптесіміз. Астана қаласы тұрғындарының әл-ауқатын жүйелі түрде жақсартып, бірлесіп жұмыс істеуді қарқынды жалғастырамыз.

Кендебай АДАМБЕК,

Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және

кәсіпкерлік ­мәселелері жөніндегі тұрақты ­комиссиясының төрағасы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button