Ел тынысыСаясат

«Тұран» газ жылу станциясы ұжымының жұмысшыларымен кездесті

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері «Тұран» газ жылу станциясы ұжымының жұмысшыларымен кездесті. Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының мазмұны, оның артықшылықтары мен ел дамуына ықпалы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев өз сөзінде Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімнің кепілі екенін атап өтті.

— Жаңа Конституция азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікті нақтылай түседі. Бүгінде әлем жылдам өзгеруде. Сондықтан мемлекет басқару жүйесі де икемді, ашық әрі әділетті болуы тиіс. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтіп, шешім қабылдау үдерісін халық мүддесіне жақындатады. Бұл — болашаққа бағытталған жүйелі қадам, — деді ол.

Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Ақ жол» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов саяси реформаларға тоқталып, вице-президент институты қарастырылмайтынын, оның орнына қоғамдық келісімді нығайтатын құрылтай форматының маңызы артатынын айтты.

«Maqsut Narikbayev University» профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Оразбаева Конституциядағы адам құқықтарының қорғалуы мәселесіне кеңінен тоқталды.

— Конституцияда бекітілген құқықтар тек декларация күйінде қалмауы тиіс. Олар нақты жұмыс істейтін тетікке айналуы керек. Біздің міндетіміз — азаматтарды түрлі алаяқтық әрекеттер мен құқықбұзушылықтардан қорғау. Әрине, уәкілетті органдар да бізді қорғайды. Бірақ енді бұл құқықтар Конституция деңгейінде бекітілгендіктен, мемлекет оларды мүлтіксіз әрі сөзсіз сақтауды қамтамасыз етуге міндетті. Бұл — заң үстемдігін нығайтудың басты кепілі, — деді ол.

Астана қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Тәжімұратов өз сөзінде жаңа Конституцияда адам құқығы басты орында екенін атап өтті.

— Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, оларды цифрлық дәуір талаптарына бейімдейді. Ақпараттық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, тең мүмкіндік қағидаттары – барлығы да жаңа кезеңнің шынайылығына сай қарастырылған. Адам құқығы – мемлекеттің негізгі басымдығы, — деп сөзін түйіндеді ол.

Кездесу барысында жұмысшылар тарапынан сұрақтар қойылып, ашық пікір алмасу өтті. Жиын мазмұнды әрі конструктивті форматта ұйымдастырылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button