Руханият

Тұңғыш рәмізтанушы тағылымы

Елордада тұңғыш рәмізтанушы, публицист-жазушы, ақын Ербол Шаймерденовті еске алуға арналған «Мемлекеттік рәміздер – елтаным негізі» атты конференция өтті. Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен жиын Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің бастамасымен ұйымдастырылды. Ұлттық музейде өткен конференцияға ғалымдар, мәдениет, қоғам қайраткерлері және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Қаламгерді еске алуға арналған алқалы басқосуды Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп жүргізіп, сөз басында қайраткердің еліміздің мәдениеті мен баспасөзіне, әдебиеттің дамуына қосқан қомақты үлесі туралы әңгімеледі.

«Ербол Шаймерденұлы – мемлекеттік рәміздер туралы жазылған қаншама еңбектің авторы. Ол әлем елдерінде геральдика мәселесі қалай дамыған, елімізде қандай жолға қойылған секілді сұрақтарды шешудің бел ортасында жүрді. Парасат-пайымы, біліктілігі мен білімділігін көрсете білді. Бүгінде көк Туымыз көкке көтерілгенде, қолымызды жүрек тұсына қойып, басымызды тік көтеріп, біз қазақ елінің азаматымыз дейтін мақтанышты сезінетін болсақ, сол алақан табында Ербол ағаға деген құрмет болуға тиіс және жас ұрпақ солай өседі деп сенеміз» деді Н.Жүсіп.

Кейін белгілі ақын Қалқаман Сарин Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді.

«Ербол Шаймерденов саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөздің, тіл саласының өркен жаюына, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арнаған тағылымы зор тұлға, біртуар азамат еді. Ол Елтаңба, Ту мемлекеттік рәміз ретінде қабылданып жатқан кезде комиссия мүшесі болып, кейбір рәміздерді зерделеп, зерттеп, саланың дамуына зор үлес қосты» делінген Мемлекеттік кеңесші құттықтауында.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қаламгердің қаламынан туған туындылар қазақ руханиятына қосылған асыл қазына екенін баса айтты. Ал Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай қайраткердің ғылыми зерттеу еңбектерінің нәтижесінде тұғырдағы Туымызды, маңдайшадағы Елтаңбамызды, жүректен шығар Әнұранымыз­ды қастерлеу туралы қабылданған заң туралы айта келе, қоғамның мемлекеттік рәміздерді аяқ астында тапталуына жол бермеу керек екенін атап өтті.

Ербол Шаймерденұлы елдік мәселелерге белсене араласты демекші, қаламгер кейін­гі ұрпаққа өнегелі ісі мен мол мұра қалдырды. Ол 20-ға жуық кітаптың авторы атанды. Олардың қатарында «Көңіл суреті», «Жүректегі жазулар» атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар», «Қазақ елінің рәміздері», «Елтану әліппесі», «Ақыл-ой антологиясы», «Қазақ афоризмдері», «Даналық дидары» сынды туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімеленді. Аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне аудар­ды.

Басқосу барысында Е.Шаймерденовтің рухани інісі, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов адалдық, парасаттылық ақында ғана емес, отбасындағы ұстанатын қасиет екенін сөз етті.

– Бізде кез келген адамға қатысты айтыла бермейтін тұңғыш деген сөз бар. Ербол Шаймерденұлы – тұңғыш рәмізтанушы, Қазақстан Президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы болуымен қатар, мыңдаған сөз маржанын зертеп, тұңғыш афоризм жинақтау­шы атанған. Бұдан басқа, оның аудармашылық және ақындық қасиеті тағы бар. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» бәріңізге белгілі. Кейінгі жылы қайта басылып шыққан романның алғысөзін Ербол Шаймерденұлы жазған. Өзге жазушылар бола тұра, бұл істі Ерболға тапсыруы, оның қаламгерлік қырын танытса керек, – деді өз сөзінде жазушы Қуаныш Жиенбай.

Конференция соңында қайраткердің жары Күләш Шаймерденова мемлекеттік рәміздердің қабылдануы кезінде Ербол Шаймерденұлының барлық істің басы-қасында жүргенін еске алып, әңгімеледі.

– Ең бірінші жазушы Балғабек Қыдырбекұлы ағам рәміздер туралы кітап шығарсаң қайтеді деп ұсыныс тастап, кейін Ерболдың сол кітабы «Қазақ елінің рәміздері» деп аталып, көпке таралып кетті. Ұлттық комиссияның хатшысы болып жүргенде, үйімізге академик Салық Зиманов, белгілі ақындар Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева, суретші Шәкен Ниязбековтердің келіп, әр рәмізге қатысты қызу талқылау болғаны әлі есімде. Әр еңбегін сол кездегі оқиғалардың негізінде емес, сан ғасырлық тарихты қозғап жазған. Бүгінгі ұрпақ та жемісін көріп жатыр деп білемін, – деді К.Қайыржанқызы.

Конференция аясында ­Ербол Шаймерденұлы туралы деректі фильм көрсетіліп, жиында болған өзге де қатысушылар орамды ойларын ортаға салды.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button