Руханият

Тұңғыш рәмізтанушы

1992 жылдың 4 маусымы – егемен еліміздің тарихында тағы бір бірегей оқиға тіркелген күн. Өйткені баршаға мәлім, дәл осы уақытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік дербестігінің символдары – Ту, Елтаңба, Әнұран сынды негізгі рәміздер дүниеге келген-ді.

Тәуелсіздіктің аталмыш символ-атрибуттарын қабылдау үрдісі ел-жұрттың арасында бүкілхалықтық патриоттық қозғалыс туғызғанын айқын аңғаруға болады. Расында да, осы сәтте сан жылдар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткенін сезінген халықтың рухы ерекше болды. Осынау өрелі істің қайнаған ортасында жүрген Ербол Шаймерденұлының сөзімен айтқанда, «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділік арнасын ашып жібергендей болды. Танымал өнер иелері ғана емес, қолына тұңғыш рет қалам, қылқалам ұстаған мектеп оқушысынан зейнеткерге дейінгі мыңдаған отандасымыз ойға ой қосып, өз жүрек дүрсілін жеткізуге асықты… Ұсынылған жобалар әр ­алуан болғанымен, байқауға қатысушылардың бәріне ортақ нәрсе ел тәуелсіздігінің жариялануына деген ризашылық, өз тағдырын ел тағдырымен бірге сезінген жоғары отаншылдық сезім және жасандылығы жоқ, тек адамның өз рухының оянып, желпінуінің нәтижесінде ғана пайда болатын азаматтық, саяси белсенділік еді».

Мемлекет және қоғам қайраткері деген атаққа әбден лайық Ерекеңнің бұл сөздері сол кездегі қазақ қоғамындағы азаттықтың рухына кенелген әлеуметтік-саяси ахуалды дәл сипаттауымен дараланады. Ербол Шаймерденұлының өткен ғасырдың 90-жылдардың басында-ақ көптеп жарық көрген еңбектерінен де, күнделікті атқарып жүрген сан салалы қызметтік һәм қоғамдық-саяси істерінен де сол кезде аздығы айқын аңғарылған уақыттың тегеурінді талабы тұрғысынан, әсіресе ел тәуелсіздігінің негізгі атрибут-символдары Туды, Елтаңбаны, Әнұранды бірінші кезекте жасақтаудың тарихи маңызын айрықша сезінгені көрініп тұратын.

Кеңестік жүйе тарих сахнасынан мүлдем кеткеннен кейін, Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы қызметіне таға­йындалған Ерекең мемлекеттік рәміздерді дайындау және іріктеу жөніндегі республикалық комиссияның хатшысы міндетін асқан абыроймен атқарды. Шынтуайтында, ол егемендікті енді ғана еншілеген еліміздің бас рәміздерін дайындау сынды жауапкершілігі аса жоғары іс-шараның іс жүзіндегі ұйымдастырушысы болды.

Өз басым Ерекеңмен сол кездері аралас-құралас жүрген жандардың бірі ретінде тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің тарихын зерттеу­ді 1992 жылдың басында-ақ қолға алды деп сеніммен айта аламын. Сөйтіп, методологиялық жағынан да, деректік негізі мен негіздемесі тұрғы-сынан да осынау күрделі тақырыпты зерттеуге үлкен да­йындықпен келген ол алғашқы кітабын 1993 жылы «Қазақ елінің рәміздері» деген атпен жарыққа шығарды. Ғылыми ортаның да, қалың көпшіліктің де көңілінен шыққан барлығы 80 беттен тұратын осы туындысының негізінде зерттеуші араға 5 жыл салып, яғни 1998 жылы «Елтану әліппесі: қазақ елінің рәміздері» деген кезекті еңбегін баспадан шығарды. Осы ретте ерекше екшеп айтар жайт – аталмыш екінші кітабы 160 бетке дейін ұлғайып, жоғары және арнайы орта оқу орындарына ғана емес, мектеп оқушыларына да арналған оқу құралы ретінде жазылғаны ден қойдырады. Бұл жайтты аталмыш ұлттық рәміздердің қалыптасу және қолданысқа енгізілу тарихын қалың көпші­лікке, соның ішінде жастарға дәріптеудің танымдық тағылымының маңызды екенін Ерекеңнің терең түсінгенімен байланыстыруға болады.

Бұдан кейін де зерттеуші осы саладағы ғылыми ізденісін әсте тоқтатқан емес. Мұның айшықты айғағы ретінде ке­йінгі жылдары Ербол Шаймерденұлының жарық көрген төменде келтірілген 4 көлемді кітабын атауға болады: 1) «Елтаным: тарихи-философиялық рәмізбаян (ғылыми-танымдық басылым)», 2005 жыл; 2) «Қазақстан Республикасының тә­уелсіздік рәміздері», 2008 жыл; 3) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері», 2001 жыл; 4) «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік рәміздері. Фотокітап», 2005 жыл. Зерттеушінің осы туындылары тәуелсіз Қазақстанның ұлттық рәміздері қорының қалыптасу тарихы жөнінде толықмәнді түсінік алуға мүмкіндік береді.

Нұрсан ӘЛІМБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген

қайраткері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button