Тұлғалар туралы толғау

Астана қаласындағы №5 балалар кітапханасында белгілі журналист, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар – асыл жандар» кітабының тұсаукесері өтті. Тағылымды шараға кітап деген асыл құндылықты бағалайтын ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер мен журналистер қатысты.
Бұл – автордың бұған дейін жарық көрген «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабының жалғасы. Баспадан шыққан су жаңа етжеңді еңбектің ішіне тарихта өзінің асыл мұраларымен қолтаңба қалдырған, ұлттық мәдениетімізге зор үлес қосқан халқымыздың мақтан етер ұлы тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері жайында мол мағлұмат топтастырылыпты. Бұған қоса, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда атап өткен елге деген адами құндылықтарымен ерекшеленген ғажап жандардың еңбек жолдары да баяндалады. Айталық, мұнда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Иса Байзақов, Майра Шамсутдинова, Төрегелді Шарманов, Нұрғожа Ораз сынды әдебиет һәм мәдениет қайраткерлерінен бөлек, бүгінде ел жолында алғаусыз қызмет етіп жүрген ұлт жанашырлары жайлы көп дерек табуға болады. Тұсаукесерде сөз алған бірқатар азамат Ғалия Балтабайдың өзіндік журналистік ұстанымы мен қаламгерлігі жайлы жылы лебіз айтты.
«500 беттен асатын бұл кітаптың маңызы ерекше. Себебі алдағы ұрпақ білуге тиіс әрі одан үлгі алатындай кейіпкерлер мұнда жетерлік. Шын мәнінде, журналист ретінде Ғалия апайдың елге жасаған бұдан да өзге еңбегі көп. Тек қана журналистика емес, қоғам қайраткері ретінде туған еліне істеген елеулі ісі мол. Қазақ қызы ретінде жасап жүрген оның әр қызметі екінің бірінің қолынан келе бермес. Қазақ жұртының өсіп-өнуіне, ел ретінде өркендеуіне үлесін аямаған кейіпкерлерді елге кеңінен таныстырған авторға үлкен рақмет айтқым келеді» дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Кеште жазушы Сәдібек Түгел, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай, белгілі журналист, экс-сенатор Дана Нұржігіт және т. б. қонақтар жаңа кітапқа деген құттықтауын жеткізіп, авторға шығармашылық табыс тіледі.
«Ғалия апайдың кәсіби журналист ретінде кітаптағы әр тұлғаның болмысын ашу шеберлігін атап өткім келеді. Оның ішінде дүниеден өтіп кеткен ұлт азаматтарының жөні бір бөлек, бүгінде арамызда жүрген қайраткерлердің ішкі жан дүниесін айналдырған үш-төрт сұрақпен ашып, яғни сұхбаттасу тәсілінің тым ерекше екенін айтуға болады. Мұнымен қатар, өңірлерде сіздің жолыңызды жаңғыртқан, өзіңіз тәрбиелеген көп шәкіртіңіз журналистикада еңбек етіп жүргені белгілі. Тұлғаларды жұртшылыққа танытуда еңбегіңіз еселене бергей!» деп тілегін жеткізді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай.
Кітап тұсаукесерінің соңында Ғалия Құсайынқызы барша келген қонақтарға алғысын айтты. Сондай-ақ жаңа кітаптың жазылу тарихына да аз-кем тоқталды.
«Кітапқа енгендердің көпшілігі кезінде газет-журналдарға шыққан мақалалармен қоса жаңа жазылған дүниелер еді. Солар әр жерде шашылып қалмасын деп бір кітапқа топтастырдым. Жалпы осы еңбегімде ел тарихында аты қалған, өздері бұл дүниеден кетсе де, кейінгі ұрпаққа бай мұрасын өнеге еткен ақын-жазушылар мен майдангерлер, журналист қауымы, ұстаздар мен кітапханашылар, сондай-ақ өзге де еңбек адамдары қамтылды. Мен жазушы емеспін, бірақ журналист ретінде қоғамға өзіндік үлесін аямаған азаматтардың үлгі боларлық жақсы адами қасиеттерін кеңінен көрсеттім. Яғни бүгінгі буын мен келер ұрпақ тәлім алатындай дүниелерді осы еңбегімнің ішінде ұсынып отырмын. Бұл кітап осындай оймен жарық көрген болатын» дейді Ғалия Балтабай.
Кеш барысында автор келуші қонақтарға өз қолтаңбасымен «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабын сыйға тартты.
Ержан ҚОЖАС