Елорда тынысыҚұқық

Түзету мекемесінен телекөпір өткізді

Елорда прокуратурасының бастамасымен Қ. Құлажанов атындағы Қазақ ұлттық технология және бизнес университетінде студенттермен алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу тақырыбында кездесу өтті. Жиынның ерекшелігі – бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан сотталғандармен алғаш рет телекөпір ұйымдастырылуы болды. Олар басынан өткен оқиғаларымен бөлісіп, қателіктер мен ойланбай қабылданған шешімдердің неге алып келетінін ашық айтты. Студенттер оларға тікелей сұрақ қойып, шынайы жауаптар алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға оқу орнының басшылығы, студенттері, прокурорлар, полиция қызметкерлері қатысып, жастарды интернет-алаяқтардың құрбаны болмауға және  «жеңіл ақша» деген желеумен қылмыстық әрекетке бармауға шақырды. Негізгі мақсат – жастарға нақты қауіп-қатер туралы ескерту және заңға, сондай-ақ өз болашағына жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыру. Қала прокуратурасы мұндай диалог форматын профилактиканың маңызды элементі деп санайды. Прокуратура, полиция және қылмыстық-атқару жүйесінің бірлескен жұмысы тек жауапкершілікке тартуға ғана емес, ең алдымен қылмыстардың алдын алуға және жастарды олардың болашағына балта шабатын қауіпті қадамнан қорғауға бағытталған.

-Бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу -құқыққорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың заңға бағынушылық, жеке жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аудару қажет. Талдау көрсеткендей, соңғы жылдары алаяқтық пен есірткі саудасына байланысты қылмыстарға жастардың қатысу үлесі артып отыр. Көбіне мұндай жағдайлардың себебі – жылдам ақша табуға деген ұмтылыс, сенгіштік. Қазіргі таңда Астана қаласының түзету мекемелерінде алаяқтық жасағаны үшін 92 адам жазасын өтеп отыр. Олардың 23-і жастар. Есірткіге байланысты қылмыстар үшін 100 адам бас бостандығынан айрылған. Оның ішінде 31-і – отызға толмаған адамдар. Ұсынылған деректер әрбір заңсыз әрекеттің сөзсіз қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын көрсетеді, — деді Астана қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Нұрғали Ажиханов.

Жиында қылмысы үшін қазіргі таңда жазасын өтеп отырған азаматтардың жағдайы туралы бейнеролик көрсетілді. Содан кейін сондай түзету мекемесінен тікелей эфирде телекөпір ұйымдастырылды. Соның барысында түрлі қылмыстар жасап, бас бостандығынан айрылған жазасын өтеушілер өзінің өткені туралы өкінішін айтып, тікелей көріп отырған жастарды есірткі сату, пайдалану, алаяқтыққа бару, жол көлік ережесін бұзу сияқты теріс әрекеттерге бармауға шақырды.

Кездесуде Әділет кеңесшісі, қала прокурорының аға көмекшісі Әмре Жұмабай, Қалалық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бастығы, полиция подполковнигі Сакен Алауханов, Астана қалалыө ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов  те сөз сөйлеп, алаяқтықтың түрлері, белгілері және олардан сақтану жолдары туралы айтты. Сонымен қатар 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің албырт мінез, қызуқандылық, аңғалдықпен жастық шақта қателесіп, жаза баспауы үшін ойын таза, уақытын тиімді өткізуі және ең бастысы араласатын ортасының дұрыс болуына мән беруі өте маңызды екенін атап өтті.

Райхан Рахметова

Фото: Сұлтан Сейіт

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button