Түзету мекемелерін түзету керек

2023 жылы депутат болып сайланған сәттен бері еліміздегі барлық негізгі түзеу мекемелерін аралап шықтым. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысындағы жағдаймен танысып қайттым. Айтарым – жағдай ауыр емес, өте ауыр. Бүгін шұғыл түрде шешілуі тиіс мәселелерге тоқталғым келеді. Қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) созылмалы қаржыландырылмауына байланысты бұл саладағы негізгі міндеттердің орындалуы қатерге тіреліп отыр.
2025 жылға ІІМ ҚАЖ комитеті 151,4 млрд теңге сомасында шығын жоспарлағанмен, тек 88,3 млрд теңге ғана мақұлданған. Бұл – 63 млрд теңге немесе 42% дефицит деген сөз. Ең осал бағыттардың қатарында – арнайы контингентті азық-түлікпен, киім-кешекпен, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бар. Жағдайды одан әрі қиындатып тұрған – сотталғандар санының артуы (2024 жылы – 36923, 2025 жылы – 40364) және қызмет көрсету тарифтерінің көтерілуі.
Бүгінгі таңда шұғыл түрде 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет, оның ішінде:
* 8,7 млрд тг. – тамақтандыруға (соның ішінде 2,3 млрд теңге берешекті өтеуге);
* 3,4 млрд тг. – коммуналдық қызметтерді төлеуге;
* 2 млрд тг. – киім-кешек және төсек-жабдық алуға.
Сотталған шетел азаматтарын өз елдеріне қайтару мәселесі де әлі шешімін таппай отыр. Жыл басынан бері 1000-нан астам шетелдік сотталғанның небәрі 45-і ғана елдеріне қайтарылған. Кейбір мемлекеттер өз азаматтарын қабылдаудан бас тартуда. Осы бағыттағы халықаралық келіссөздер мен ынтымақтастықты жандандыру қажет.
Тағы бір алаңдатарлық жайт – гуманитарлық нормаларды (шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жаза түрін ауыстыру) қолданудағы проблемалар. Залалды өтеген, тәртіп бұзбаған сотталғандарға қатысты мұндай нормалардың қолданылмауы – әділетке қайшы. Мәселен, 2024 жылы 12445 өтініштің тек 4641-і (яғни 37%) ғана қанағаттандырылған.
2025 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазалау тәжірибесін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ІІМ-мен бірлесіп заңнамалық түзетулер әзірледім. Алайда 2020 жылдан бері жазаны өтеуді кейінге қалдыру бойынша келіп түскен 83 өтініштің тек 11-і ғана қанағаттандырылған.
Сонымен қатар елдегі түрмелердің инфрақұрылымы мүлде ескірген. Қазақстандағы түзету мекемелерінің 75%-ы өткен ғасырдың 30-70-жылдары, тіпті кейбірі патшалық Ресей заманында – 200-300 жыл бұрын салынған. Бүгінгі талапқа сай келмейтін барак үлгідегі түрмелерді камералық типтегі заманауи мекемелермен алмастыру – кезек күттірмейтін міндет. Баракта 80-100 адам бірге тұратын ортада тәрбие жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Ондай жерде өзіндік қылмыстық субмәдениет қалыптасады.
Осы ортада діни экстремизмнің де тамыры жайылып келеді. ҚАЖК-ның өзекті мәселелеріне күні кеше Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында тағы да арнайы тоқталды. Бұл аталған проблеманың маңызын айғақтай түседі. Осыған байланысты мына мәселелерді қарастыру қажет:
* 2025 жылы ІІМ ҚАЖ комитетінің басым бағыттарына 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру;
* Шетелдік сотталғандарды азаматтығы бар елдеріне қайтару тәжірибесін жандандыру бойынша шаралар қабылдау;
* Соттардың гуманитарлық нормаларды кеңінен және негізді түрде қолдануын қамтамасыз ету үшін уәкілетті органдарға тиісті тапсырма беру;
* Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазаны ізгілендіруге бағытталған заңнамалық бастамаларды қолдау.
Абзал ҚҰСПАН,
Мәжіліс депутаты