Түтінге тұншыққан ғұмыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша қазіргі уақытта әлемде шамамен 100 миллион адам, оның ішінде 15 миллион жасөспірім электронды темекі шегеді. Яғни әлемде шылым шегушілер азайды дегенімізбен, керісінше жасөспірімдер арасында электронды темекіге құмарлық артқан. Қазір дүние жүзінде 13 пен 15 жас аралығындағы 15 миллионнан астам бала электронды темекіге әуес. Бұл – ересектермен салыстырғанда тоғыз есе жоғары көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны жастардың денсаулығына төнген жаһандық қауіп деп бағалады. Себебі бүгінгі қызығушылық тәуелділікке, ал ерте басталған әдет өмір бойғы дертке ұласуы мүмкін.
Сондай-ақ 15 және одан жоғары жастағы 86 миллион адам электронды темекі шегеді. Бұл – дүние жүзіндегі ересек халықтың 1,9%-ы немесе ерлердің 2,3%-ы және әйелдердің 1,5%-ы. Ұйым соңғы жылдары көптеген ел балалар арасында темекі шегуге қарсы күресті бастағанын, бірақ 62 мемлекет әлі ешқандай шара қолданбағанын және 74 елде вейп сатып алудың ең төменгі жасы жоқ екенін атап өтті.
ДДҰ-ның бағалауы бойынша әлемде темекіні пайдалану 2000 жылғы 1,38 миллиард адамнан 2024 жылы 1,2 миллиардқа дейін азайған. Әйелдер арасында темекі шегу деңгейі 2010 жылғы 11%-дан 2024 жылы 6,6%-ға дейін төмендеді. Ерлер арасында 2010 жылғы 41,4%-дан 2024 жылы 32,5%-ға дейін азайды. Соған қарамастан, әлемде әрбір бесінші ересек адам әлі де темекі шегеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жасөспірімдердің 80 пайызы вейпті алғаш рет 15 жасқа дейін байқап көреді. Олардың көбі бұл құрылғылардың құрамында никотин барын да білмейді. Мамандардың айтуынша, бір ғана электронды шылымның құрамындағы сұйықтықта 30-60 грамға дейін никотин болуы мүмкін. Бұл – кәдімгі темекінің бір қорабына тең мөлшер. Яғни жасөспірімдер мұны өздері аңғармай-ақ, кәдімгі шылымқорлармен бірдей тәуелділікке ұрынады. Сарапшылар вейптердің осылай кең таралуын олардың сыртқы көрінісімен және дәмімен байланыстырады. Түрлі-түсті қаптама, тәтті иістер мен жеміс дәмдері бәрі де жастардың қызығушылығын арттыру үшін ойластырылған. Дәрігерлердің айтуынша, электронды темекінің салдары өкпе мен жүрек сынды басқа да ағзалардың қызметіне ауыр зардаптар әкеледі.
2030 жылға қарай вейп қолданатын жасөспірімдердің саны 25 миллионнан асуы мүмкін. Осыған орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірімдердің электронды темекіге әуестігін болдырмау мақсатында қатаң реттеу шараларын қолға алуға үндеді. Ұйым өз ұсынысында вейп өнімдерін жасөспірімдерге сатуға толық тыйым салуды және жарнамасын шектеуді талап етеді. Ұйым 2030 жылға қарай шылым шегетін адам санын 150 млнға азайтуды көздеп отыр. Бұл мақсат орындала ма, жоқ па, уақыт көрсетер. Дегенмен, темекі өндірушілер де қарап отырған жоқ. Күннен күнге қарапайым шылымнан бөлек құрығына оп-оңай түсіретін никотинді өнімдердің небір түрлері пайда болып жатыр.
Темекі шегу көптеген аурулардың, соның ішінде онкологиялық аурулардың қаупін арттырады. Сарапшылардың пікірінше, электронды темекіні пайдалану кезінде адам зиянды өнімдерді жұтпайды. Электрондық темекі көптеген адамдарға темекіні тастауға көмектеседі. Дегенмен, вейп сұйықтықтарында никотин бар, ол да зиянды және тәуелділікке әкеледі. Ғалымдар темекі шегу 16 түрлі қатерлі ісікті тудыруы мүмкін деп дабыл қақса да, көптеген адамдар әлі де бұл әдеттен бас тартпай келеді.
Ал Қазақстанда темекі өнімдерінің бағасы өскелі, оны шегетіндердің саны азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының соңғы ұсынған мәліметіне сенсек, бүгінде қазақстандықтардың 17,5%-ы темекі шегеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,7% деңгейінде болған. Темекі тартушылардың үлесі ауылдық жерлерде – 19,1%, қалалық жерлерде – 16,7%. Жалпы темекі шегетін халықтың 93,8% өнеркәсіпте шығарылған темекі түрін шегеді. Темекі тұтынатындар арасында ерлер 34%, әйелдер арасында 5% құрайды.
Қазір Қазақстанда ең арзан темекі бағасы 12,1%-ға көтеріліп, 920 теңге болды. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жыл аяғына дейін осындай баға белгіленді. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекі өнімдерінің бағасын 2035 жылға дейін 50%-ға көтеруге шақырған. Ұйым сол арқылы қант диабеті, жүрек аурулары мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуға болады деп санайды.
2024 жылдың 20 маусымынан бері Қазақстанда вейпке тыйым салынған. Заңға сәйкес вейп сатқандар 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал электронды темекі құрылғыларын әкеліп, таратқан адам 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыстық топпен аса әрі көлемде заңсыз вейп таратумен айналысқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Осы шектеулерге сәйкес, жыл басынан бері Қазақстанда 1,8 млрд теңгенің вейпі тәркіленген. Бірақ соған қарамастан вейп саудасы тоқтар емес, тіпті әлеуметтік желіде ашық сатып жатқандар да бар.
Қазір елімізде оқушы, студент қыздардың электронды темекі шегуі қалыпты құбылысқа айналып барады. Жоғары оқу орындарының маңында қыздардың бұрқыратып темекі шегіп тұруы сырт көзге сәнге айналып бара жатқандай әсер береді. Психологтардың пікірінше, жастардың электронды темекіге әуестенуі – өзін көрсетуге ұмтылудан, ортаға еліктеуден және ішкі сенімсіздіктен туындайды. Вейпті сәнді аксессуарға айналдырған әлеуметтік желілер де бұл үрдісті күшейтіп отыр. Егер тұтас қоғам болып тосқауыл қоймасақ, бүгінгі «жаман әдет» ертеңгі үлкен дертке айналуы мүмкін.
Қыздардың (және жалпы әйелдердің) темекі шегуі денсаулығына ер адамдарға қарағанда да көбірек зиян тигізеді. Себебі әйел ағзасы нәзік, гормондық жүйесі сезімтал, ал репродуктивті (жыныстық) жүйе никотин мен улы газдарға ерекше әсерленгіш. Әйелдерде инсульт, инфаркт, қан қысымының көтерілуі ерлерге қарағанда ертерек басталатынының бір себебі осы. Одан да маңыздысы никотин аналық без қызметін бұзып, бедеулікке әкелуі мүмкін. Темекі шегетін аналардың түсік тастау қаупі 2 есе жоғары. Шылымқор аналардан туған балалардың салмағы төмен, жүйкесі әлсіз, ауруға бейім болатыны тағы бар. Бір ауыз сөзбен айтқанда, темекі шегу – қыз баланың сұлулығына да, саулығына да, аналық болашағына да тікелей қауіп төндіреді. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Оның дені сау, жүзі жарқын, сөзі мәнді болуы – қоғамның келешегін айқындайтын фактор.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
				


