Әлеумет

Түркістан өнерпаздары – елорда төрінде

Астана қаласының театр сахналарында үш күн ерекше қойылымдар мен концерт бағдарламасын ұсынған Түркістан музыкалық драма театрын Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бастап келді. Бұл сапар облыстың құрылғанына 7 жыл толуына орай елордада жасалған шығармашылық есеп сынды болды.

Түркістан музыкалық драма театры Музыкалық жас көрермен театрында «Sheikh Sanaan. Fatum» драмасымен ел руха­ниятына арналған бағдарламасының шымылдығын ашты. Махаббат пен сенім, рух пен құрбандықты көрсете отырып, адам жанындағы терең арпалысты бейнелейтін қойылым көрерменін тәнті еткенін жұрт тамсана әрі ынтыға сөз етті.

Спектакль парсы-тәжік классикалық әдебиетінің тамаша өкілі және ойшылдарының бірі Фаридуддин Аттордың шығармасына негізделген екен. Драмалық қойылымның режиссері – Тәжікстан Рес­публикасының еңбек сіңірген әртісі, Орталық Азиядағы ең танымал театр режиссерлерінің бірі, драматург Барзу Абдураззаков. Режиссерлік шешім, актерлік шеберлік пен сахналық бейне көрерменге терең әсер қалдырып, аузының суын құрта «байлап алған».

«Түркістан» ансамблі Түр­кістан музыкалық драма ­театры жанынан биыл құрылыпты, алғашқы беташар концерттерін ұлық мереке Наурыз аясында халыққа ұсынған. Мына сапар – көркемдік ұжымның тұңғыш гастролі.

Темірлан Шөкеновтің «Ғасырлар әуені» композициясымен басталған рухты әуен Санджай Альмишевтің «Жерұйығымен» жалғасып, Есбайдың «Ақ ілме» күйіне ұласты. Одан кейінгі «Елім-ай», «Түркістан хикаясының» өзі бір-бір драма десек болады.

Әсіресе «Гауһар ана» биі сыртқы көркемдігімен қатар ішкі мазмұнымен көрген көзді баурап, үйіріп жөнелді. Әсіресе соңына қарай әуеден қазаққа ең қастерлі бұйымның бірі – бесіктің түсуі тіптен әсерлендіріп жіберді.

Елорда жұрты түркі өркениетінің тамырымен терең байланысқан музыка, би және сахналық көріністерге тәнтілікпен тамсана шапалақ ұрды. Ұжымның жетекшілігін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанова қолына алған екен. Әртістердің костюмдері де аса бір жоғары талғаммен тігілген. Аспаптарының өзі таңдай қақтырады. Домбырадан бөлек, прима қобыз, шертер, жетіген сияқты ұлттық аспаптарға фортепиано, флейта, гобой, баян, гитара, бас гитара, ұрмалы аспаптар, виолончель араласқан. Мұның өзі мәдениеттер гармониясының бейнесі іспетті. Ансамбль жаңа ғана құрылғанмен, әбден ысылған өнерпаздардан құралғаны байқалады.

Осы алғашқы қарқынын аңдап, «Түркістан» ансамблі болашақта ұлттық өнеріміздің өркендеуіне үлкен үлес қосатынына еш шүбәміз қалмады. Ансамбль алдағы уақытта қазақтың бай музыкалық мұрасын жаңғырту мақсатында жұмыс атқаратынына көптеген жағымды негіз бар екен. Бұл ретте Түркістан жастар театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімхан Мырзаханның да еңбегі зор. Ұйымдастырушылық тізгінді берік ұстағаны көрініп тұр. Өнерпаз ұжымға белгілі әншілер Клара Төленбаева, Светлана Айтбаева құтты болсын айта келіп, бір-бір әндерін шашу етіп шашты.

Ертеңінде өнер керуенінің шеруі ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолының бір кезеңін бейнелейтін «Вальс королі» спектаклімен ­жалғасты.

Әділбек АЛПЫСБАЙ,

жазушы-журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button