Ел тынысы

Түрікшеге аударылған қазақ шығармасының тұсаукесері өтті

Түркия Республикасының Президенттік кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері және «Mecenat.kz» романдар байқауының жеңімпазы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» атты шығармасының түрік тіліне аударылған нұсқасының ресми тұсаукесері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған іс-шараны Түркі тарихы және мәдениеті қоры «TURKTAV» ұйымдастырып, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қолдау көрсетті.

Жиынға Түркияның зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, сондай-ақ Анкарадағы дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Бұл кеш тек әдеби шара ғана емес, қазақ-түрік мәдени байланыстарының тағы бір айқын көрінісіне айналды.

Іс-шара барысында сөз алған Түркия Президенттік кітапханасының директоры Айхан Туғлу «өмір ағашы» ұғымының түрік мәдениетінде де кең таралғанын атап өтті. Ол бұл ұғымның қос халықтың ортақ дүниетанымынан туындайтынын айта келіп, романның түрік оқырмандары үшін мәні терең болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде, автор романның жазылу тарихына тоқталып, шығарманы түрік тіліне аударуға атсалысқан барша қолдаушыларына және өз оқырмандарына шынайы алғысын білдірді. Ол бұл кітаптың адамзаттық мәселелерді көтеру арқылы қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттауға сеп болатынын атап өтті.

Салтанатты кеш аясында UNESCO қамқорлығындағы Қазақстанның «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» Түркияның Ұлттық кітапханасына қазақ әдебиетінің таңдаулы кітаптарын тарту етті. Тартылған туындылар қатарында биыл 50 жылдығы аталып өтетін көрнекті ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗ и Я» кітабы да бар.

Қазақ әдебиетінің рухани жанашырларын бір ортаға жинаған бұл әдеби кездесу автордың оқырмандарына өз қолтаңбасымен кітап табыстауымен қорытындыланды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button