Түн тыныштығын бұзған адам ұсталды

Астана қаласында полиция қызметкерлері түнгі тыныштықты бұзған азаматты жауапкершілікке тартты. «102» арнасына таңғы сағат 6 шамасында автокөлікте қатты музыка қойылып, айналадағы тұрғындарға қолайсыздық туғызып жатқаны туралы шағым түскен, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Шақырту орнына жедел жеткен полицейлер 21 жастағы азаматтың қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Астанада түнгі тыныштықты бұзудың 42 мыңға жуық дерегі тіркелген. Бұл – тұрғындардың демалысына кедергі келтіретін және қоғамдық тәртіпке әсер ететін өзекті мәселе.
Тәртіп сақшылары азаматтарды тыныштық режимін сақтауға, өзара сыйластық танытуға және көршілердің тыныштығына құрметпен қарауға шақырады. Қоғамдық тәртіп – әркімнің ортақ жауапкершілігі.



