Триатлон саябағында елордалықтар жеңіл атлетикалық жүгіруден жарысты

Конституция күніне орай Астанадағы Триатлон саябағында жеңіл атлетикалық жүгіру іс-шарасы өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Жуырда жөндеуден өткен Триатлон саябағы қайтадан әуесқой жүгірушілерді құшақ жая қарсы алды. Осы орайда Конституция күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада 2 500 адам бас қосты.
«Almaty run жүгірісіне 1 500 адам қатысады деп жоспарлаған едік. Алайда таңғы 7-ден бастап жүгіруге қатысқысы келетін жандардың саны көбейіп, қосымша медальдар алдырттық. Неге бұлай болды? Біріншіден, Астана тұрғындары үшін Триатлон, Ботаникалық саябақтар жүгіретін алаң ретінде қалыптасып қалған. Екіншіден, көпшілік жөндеуден өткен жаңа жүгіріс жолақтарында бақ сынағысы келді. Үшіншіден, дәл осы жүгірістің жарнамасы кең тарады. Тіпті Алматы қаласының тұрғындары жиі хабарласып, Алматының қай жерінде өтеді деп те сұрап жатты. Сондықтан бүгінгі шарамыздың атмосферасы республикалық марафондардан еш қалыспады», – деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Таңғы 9:00-де басталған жүгірісте қатысушылар 5 және 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
Бұл шарадан мегаполистегі танымал фитнес клубтар да тыс қалмай, көңілді өтуіне атсалысты.
Ал «Таза Қазақстан» акциясының символына айналған Тазабек те барша қатысушылармен суретке түсіп, айналаны таза сақтауды насихаттады.
Бұқаралық жүгірістің соңында қатысушылардың арасында велосипед, фитнес клубтардың сертификаттары ойнатылып, естелік медальдар берілді.