TRIATHLON-да кім топ жарды?

Елордада ауқымды спорт іс-шарасы – Astana triathlon half турнирі өтті. Жарыс Орталық саябақтан басталып, Ильинка аумағында аяқталды. Қатысушылар келесі үш кезеңнен өтті: жүзу – 1,9 км; веложарыс – 90 км; жүгіру – 21,1 км.
Биылғы бәсекеге 200-ден астам әуесқой спортшы қатысуға ниет білдіріп, өзара сынға түсті. Астанадағы жарысқа, Қазақстанның өзге өңірлерінен бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп тіркелгендер болды.
Веложарыс Орталық саябақтағы жағажай маңынан басталды. Қатысушылар Тұран даңғылына шығып, көпір астымен солға бұрылды, одан әрі Қорғалжын тасжолына дейін оң жақ жолақпен жүрді. Сол жерден оңға бұрылып, айналма жолға дейін барды. Айналма жолдан солға бұрылып, қарсы бағыттағы жолақпен жүрді. Кейін 3 шеңбер бойынша Қорғалжын тасжолынан Қосшы бағытына дейін – сол жақ жолмен жүріп, шеңберлерді аяқтаған соң, қайтадан Қорғалжын тасжолына түсіп, Ильинка жақтан веложолға кірді. Мәре сызығы веложол бойындағы велопрокат тұрағы болды. Жүгіру веложол аумағында өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы халықаралық Ironman 70.3 жарысының келісімшарты аяқталды. Енді биыл Астана қаласы Триатлон федерациясы алғаш рет осындай турнирді ұйымдастыруға бел буды. 180 қатысушы жеке және 20-дан астам спортшы команда түрінде жүлдеге таласты. Басты сыйлығымыз – тамыз айында Өзбекстанда өтетін Samarkand Challenge сайысына жолдама. Федерация бұл сайыспен шектелмейді. Алдағы аптада дәстүрлі Astana run challenge жүгірісін өткізу жоспарланған, – деді Астана қаласы Триатлон федерациясының президенті Төлепберген Сүйінтаев.
Жарыс соңында әр жас тобындағы триатлон жеңімпаздары (18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас және 60 жастан жоғары) дипломдармен, медальдармен марапатталды.
Бетті дайындағандар Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Райхан рахметова