Қала мен сала

Трактор тізгіндеген тәжірибелі маман

«Астана-Теплотранзит» АҚ көлік қызметінің механизаторы Төкен Рақымжановтың жалпы трактор тізгіндегеніне 40 жылдан асса, соның 27 жылын осы мекемеде еңбек етумен өткізіп келеді. Қорғалжында Кеңбидайық ауылында дүниеге келген ол бұл мамандықты бала кезден армандағанын айтады. Бүгінде ол – елордада жылу құбырлары жарылып, су басу қаупі туындағанда бірінші боп, апат болған жерге жететін мамандардың бірі.

Көзін ашқалы ол туған ауылында қарапайым халықтың мал және егіншаруашылығымен айналысқанын көріп өсті. Грейдер жолмен жүйткіп жүретін алып тракторларды көріп, соны бір тізгіндесем деп қатты қызығатын. Ақыры Қорғалжында училищеде механизатор мамандығын меңгеріп, өз ауылында 1998 жылға дейін егін шаруашылығында бидай, арпа тасып, орып еңбек етті. Оқуын бітірген соң Отан алдындағы борышын өтеген екі жылда да танк айдаған. Совхоздар тараған соң, енді Астана атанып жатқан Ақмолаға келіп, қазіргі жұмыс орнына қызметке тәжірибелі маман ретінде бірден жұмысқа алынады. Бүгінде ол қаладағы жылу жүйелерінде туындаған ақаулар барысында шұғыл қызмет етіп, тұрғындар қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етеді. Ауысымдық жұмысында бір күн күндіз, бір күн түнде жұмысқа шығып, екі күн демалады. Жұмыс уақыты күндізгі ауысымда таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, түнде одан әрі қарай таңға дейін созылады. Сол аралықта ол апатты жағдай және жоспарлы жұмыстар бойынша «Беларусь-82» тракторына мініп, бригадамен бірге тыным таппай жұмыс істейді.

-Қаланың жылу құбырлары жарылса, сорғымен тазалап, су басуға жол бермей, бригадаға көмек береміз. Қыста қар тазалау жұмыстарына қатысамыз. Мен айдайтын трактордың бір қапталы соған ыңғайлап жасалған. Ауысымдық болғандықтан демалыс пен мерекеге қарамай  жұмысқа шығамыз. Келесі жылы қаңтарда зейнеткерлік жасқа жетемін, егер ұжым қолдап жатса, әлі де еліме қызмет ете бергім келеді, – дейді тәжірибелі маман.

Салаға сіңірген адал еңбегі үшін ол «Үздік тракторшы», «Энергетика ардагері» атақтарына ие болған. Екі баланың әкесі Төкен Хамитұлы қызынан туған жиендеріне ата болып жүрген жайы бар, ал ұлы әлі мектеп оқушысы. Өмірлік жары да өзі сияқты техника саласында, депода қызмет етеді. Қазіргі ұжымы өзіне жайлы, ауызбіршілігі мол, әрі мықты мамандарға құрметпен қарайтынын айтады. Содан болар, бір жерде тапжылмай отыз жылға жуық уақыт еңбек етуде. Жұмыстан босаса  көбіне демалып тыныққанды жөн көреді. Себебі қысы, жазы трактор кабинасындағы ыстық пен суыққа, қатты шуылға шыдау үлкен табандылықпен қоса жақсы тынығып демалуды қажет етеді. Әбден тынығып алған соң әрі қарай тың қалпында жұмысына қайта кірісіп кетеді.

Райхан Рахметова

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button