Басты ақпаратМәдениет

«Тоқырауын толқындары»: жарты ғасырлық өнер жолы

Жастар сарайында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің 50 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел отырысы мен салтанатты концерт өтті. Өнер ұжымы тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел отырысы барысында ансамбль тарихы тарқатылып, естеліктер айтылды. Ұжымның мерейтойына орай кітап шыққаны хабарланды. Алаштың кіші отанындай Ақтоғай топырағында құрылған ансамбль жарты ғасырлық тарихында Қазақстан мен шетел сахналарында өнер көрсетіп, ұлттық мәдениеттің жаршысы ретінде танылды. Қазір де өнер ұжымы қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатыр. «Тоқырауын толқындарынан» түлеп ұшқан түлектердің бір тобы бүгіндері белгілі бір өңірдің ғана емес, біртұтас ел мәдениетінің өрлеуіне атсалысуда. Атап айтқанда, кезінде Ақтоғайдан шыққан халық композиторы Шашубай Қошқарбайұлының бейнесін сомдаған Ерлан Дәкенов – қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы. Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрай Танабаев – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның белді де белгілі әртісі. Бағдат Қожамбаев – «Астана Опера» театрындағы хор труппасының меңгерушісі.

Салтанатты концертте өнер ұжымының мерейтойына орай әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Гауһар Нұрахметова осы комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын оқып берді. Парламент Мәжілісінің өкілі Талғат Мұсаев Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың, Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин аталмыш басқарма басшысы Жаңабай Мейірманқұловтың жылы лебіздерін жеткізді.

Кеңес заманында ансамбль өнерпаздары бүкілодақтық, республикалық маңызды іс-шараларда өнер көрсетті. Соның ішінде 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының ашылуына, 1988 жылы Украинада өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысты. Сол кездердегі Дариға Ақатаева, Қарлығаш Малыбаева, Шәмшия Төлеубаева секілді ансамбль мүшелері, бүгінгі ардагерлері концертке арнайы келді.

Кезінде елге белгілі мәдениет майталмандары «Тоқырауын толқындары» өнерінің өрістеуіне үлес қосты. 1977 жылы «Гүлдер» ансамблінің негізін қалаған эстрада жанрының тұңғыш режиссері Серік Елеусізов пен балетмейстер, Қаз КСР еңбек сіңірген әртісі Зәуірбек Райбаев арнайы шақырылып, жаңа бағдарлама дайындады. 1981 жылы белгілі өнер зерттеушісі Болат Сарыбаев ансамбльдің негізгі құрамынан фольклорлық аспаптар оркестрін құрып, бағдарламасын фольклор-этнография нұсқасына айналдырудың негізін қалап берді.

Бүгіндері өнер ұжымының бағдарламасын түзіп, өнерпаздар дайындығымен белгілі музыкант, композитор, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев айналысып келе жатыр. Осы концертке де ол ансамбльді жарты жыл бойы дайындады.

Әсет Найманбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин Ақтоғай топырағында туып, қазақ өнері көгіне самғады. Концертті ашқан «Дала дауысы» атты театрландырылған қойылым арқылы ақтоғайлықтардың ғана емес, біртұтас ұлт мақтаныштарының есімі жаңғырды. «Тоқырауын толқындарының» негізін өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, композитор Дәртай Сәдуақасов, т. б. азаматтар қалады. Дәртайдың «Ақтоғайым – алтын бесігім» әні (өлеңінің авторы – айтулы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкен) ауданның әнұранына айналып, міне, жарты ғасырдан астам уақыт ақтоғайлықтарды рухтандырып келеді. Ерекше атап өтерлігі, бұл – сол өңірге ғана емес, елге таралып кеткен туынды. Концерт барысында осы ән екі рет шырқалды.

Тоқырауын берді өнерге Күләшті,

Манарбек те кеңге салды құлашты.

Ал кешегі Әсет салған сұлу саз

Хамзиннің күйіне кеп ұласты.

Шырқады олар, ең биікке шырқады,

Жырға бөлеп орман, тауды, қырқаны.

Солар салған әсем әнді бүгінде

Жалғастырып келе жатыр ұрпағы, – деп көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы жырлағандай, ансамбльдің бүгінгі құрамы жиналғандардың жан сарайын ашып, құлақ құрышын қандырды. Сымбат Қожамбаева, Сәттар Сәрсенқұлов, Нұржан Құлымжанов, Дана Мақшонова, Бұлбұл Мақшонова, Назерке Шапибай, Саламат Мүбарак, Берік Мақшонов, Қуаныш пен Гүлзар дуэті, т. б. өнерпаздар халық әндері мен халық композиторларының туындыларынан бастап танымал шығармаларды шырқады. Күй күмбірлеп, мың бұралған би биленді. Нұрлан Күлшікеновтің өлеңіне жазылған Амантай Жұмашевтің «Толқи бер, Тоқырауын» әнінің тұсауы кесілді. Осы авторлардың «Ән мекені – Ақтоғай» және «Қызыларай – құт мекен» әндері шарықтады. Концертті түйіндеген Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов жиналғандарға алғыс айтып, «Тоқырауын толқындары» ансамбліне жергілікті билік тарапынан қолдау жалғаса беретінін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button