Тоқтамайтын өсу: қашанғы қымбаттай береді?

Қазақстанда кейінгі жылдары қоғамды алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік бағасының тұрақсыздығы мен үздіксіз қымбаттауы. «Аграрлық елміз» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, қарапайым халықтың күнделікті тұтынатын наны мен сүті, еті мен майы жыл санап емес, ай сайын шарықтап барады. Жалақының өсу қарқыны бағаның қадамын қуып жете алмай, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қарапайым отбасының бюджетіне үлкен салмақ түсіруде. Бұл жағдай жұртшылықты «неге өз жерінде өндірілетін өнім халыққа қолжетімсіз болып барады?» деген орынды сауалға жетелейді.
Баға қайда барады?
2025 жылғы 26 тамыздағы деректерге сәйкес, еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 12,6%-ға өскен. Бұл көрсеткіш қазақстандық отбасылардың күнделікті тұтынатын өнімдерінің бірқатарына айтарлықтай әсер еткенін аңғартады. Бағасы өскен өсімнің алдыңғы қатарында ет пен май тұр. Қой еті бір жылда 15,3%-ға, сиыр еті 13,2%-ға, ал құс еті 12,1%-ға қымбаттаса, күнбағыс майының бағасы 18,4%-ға өскен. Ұн мен нан бағасы аса қатты қымбаттамаған. Бірінші сортты ұн бағасы 4,5%-ға, ал бидай наны бағасы 6,3%-ға өскен. Қанттың 10,4%-ға, күріштің 12,3%-ға қымбаттауы да тұтынушылардың қалтасына әсер етпей қоймасы анық.
Жаз айларында көкөніс бағасы аздап төмендегенімен, қыс түсе қайта шарықтайтыны белгілі. Әсіресе, қысы ұзақ әрі қатал келетін Арқа өңірінде жағдай тіпті қиын: қаңтарға жетпей-ақ базар сөрелеріндегі көкөністің құны қайта қымбаттап шыға келеді. Неге? Оның да бір қанша себебі бар.
Ақшасы әлсіз елде азық та қымбат
Қазақстандағы қымбатшылықтың алғашқы себебі – теңгенің құнсыздануы. Қазақстан азық-түлік өнімдерінің біршамасын шетелден тасиды. Қант, жеміс-жидек, құс еті, кейбір көкөніс түрлері – бәрі де импортқа тәуелді. Доллар қымбаттаса, дүкендегі баға да ілесе көтеріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында бұл жағдайды «ұят» деп атап, үкіметтің негізгі міндеті – ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру және қазақстандық тауарлардың экспортын дамыту екенін айрықша атаған болатын.
– 100% өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес және оған ұмтылу да қажет емес. Бірақ қазіргі біздің нарықтағы жағдай – бұл ұят нәрсе. Сол үшін логистика, ветеринарлық және эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, аграрлық экспорттың нақты жоспары жасалуы тиіс, – деді Тоқаев. Демек, теңгенің құнсыздығы мен азық-түлікпен қамтамасыз етудегі импортқа тәуелділік – қымбатшылықтың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Ұлттық валютаның әлсіреуі сырттан әкелінетін тауардың құнын еселеп жіберсе, ішкі өндірістің жеткіліксіздігі қарапайым халықты шетелдік өнімге телміртіп қойды. Бұл – аграрлық әлеуеті зор ел үшін шынымен де ойланарлық жағдай.
Азық-түлік бағасының үздіксіз көтерілуін тек сыртқы факторлармен ғана байланыстыруға болмайды. Ішкі өндірістің әлсіздігі, аграрлық саланы жүйелі қолдаудың жетіспеуі де жағдайды күрделендіріп отыр. Егер мемлекет шын мәнінде жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсетіп, логистиканы реттеп, нарықты теңгерімді дамытса, қазақстандықтар «импортқа телмірмей», өз жерінде өсірілген өнімді қолжетімді бағамен тұтына алар еді.
Өндірушіден тұтынушыға дейінгі ұзақ жол
Азық-түлік бағасының қымбаттауындағы екінші себеп – өнімнің тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтуі. Яғни әр делдал үстінен пайда қосады да базардағы картоп пен сәбіздің, ет пен сүттің бағасы көтеріліп шыға келеді. Мәселен, қазір ауылдарда сиыр етінің бағасы 2800-2900 теңге төңірегінде болса, қалаға жеткенде 4000, тіпті 4500 теңгеге дейін шарықтайды. Ал қойма, сақтау орындары жетіспегендіктен, қыс түсе бере көкөністі шетелден тасимыз. Бұл – тағы да қосымша шығын.
2023 жылдың басында елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіретінін, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұрғанын, кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артқанын, көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отырғанын баса айтып, «2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек» деп тапсырма берген еді. Сол қоймалар түгел салынды ма, жоқ па, ол жағы бізге де күңгірт, бір анығы көкөністің де, басқа азық-түліктің де бағасы үздіксіз өсуін тоқтатқан жоқ.
«Аграрлық елдің» парадоксы
Қазақстан – жері құнарлы, даласы кең, малға да, егінге де қолайлы ел. Бірақ ауыл шаруашылығын дамытуда әлі күнге дейін ескі тәсілдер қолданылып келеді. Заманауи техника, жаңа технология аз. Шағын шаруаларға берілетін жеңілдетілген несие қолжетімсіз, оны мал өсіріп отырған қарапайым халық мүлде ала алмайды, яғни үкіметтен қосымша қаражат алу үшін шағын шаруа қожалығы, мал бағатын жері болуы шарт. Қарапайым халықтың бәрінің оған мүмкіндігі жете бермейді.
Өзімізде бар, өзіміз өндіретін ел болғанымызбен, біздің елде жем-шөп пен жанармай қымбат. Соның салдарынан жергілікті өнімнің өзі қымбатқа түседі. Бұрын бір тіркемесі 20-25 мың теңге болатын шөптің бағасы қазір 80-100 мың теңгеге дейін көтерілді. Әрине, мал азығы өссе, ет пен сүт те қымбаттайтыны табиғи. Алдағы жылда еттің бағасы 5000 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам да осыған байланысты айтылған. Ең сорақысы – нарықтағы ірі ойыншылардың үстемдігі. Қант, ұн, күнбағыс майы секілді негізгі өнімдер – бірнеше компанияның қолында. Олар бағаны келісіп көтеретін жағдайлар да аз емес. Нәтижесінде қарапайым халық зардап шегеді.
Әрине, билік азық-түліктің кейбір түрлеріне уақытша шекті баға қояды. Бірақ бұл – ауруды емдемей, тек уақытша басып тұрған дәрідей ғана. Нарық заңы бар жерде әкімшілік әдіс ұзаққа бармайды да, баға қайтадан «шарықтап шыға» келеді.
Қазақстанның ет, бидай және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне шетелдің сұранысы жылдан жылға артып келеді. Өйткені біздің өнімдер экологиялық тұрғыдан таза, органикалық болып саналады. Бұл, бір жағынан, қуантарлық жайт, еліміздің экспорты өсіп, шаруалардың табысы артады. Алайда екінші жағынан, шетелге көптеп өнім жөнелтілуі ішкі нарықтағы ұсынысты азайтып, бағаның көтерілуіне алып келуі ықтимал. Әсіресе, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда азық-түлік бағасы қымбаттай береді. Маусымаралық кезеңдерде тапшылық туындауы да мүмкін. Шетелдік сатып алушылар жоғары баға ұсынып отырғандықтан, отандық өндірушілер ішкі нарыққа емес, сыртқа сатуға ынталанады. Сондықтан мемлекет ішкі нарық пен экспортты тең ұстау саясатын жүргізуі тиіс. Ол үшін: Стратегиялық азық-түлік қорларын қалыптастыру; Ішкі нарыққа белгіленген көлемде өнім қалдыруға міндеттеу; Шаруаларға қосымша субсидия беріп, ішкі нарыққа өнім өткізуді ынталандыру қажет.
Біз жаһандық экономикадан бөлініп өмір сүре алмаймыз. Әлемдік дағдарыс, соғыс, санкция, тасымалдағы түйткіл – барлығы біздегі азық-түлік бағасына да әсер етеді. Ресейдегі қант тапшылығы, әлемдік астық бағасының өсуі, көрші елдердегі логистикалық қиындық – бәрі бізге де өз әсерін көрсетіп жатқаны тағы бар.
Қалиакбар
ҮСЕМХАНҰЛЫ