Руханият

Тоқсаныншы жылдың алғашқы «тоғызы»

1990 жылы 13 қазаннан бастап шыға бастаған «Ақмола ақиқаты» жылдың соңына алғашқы «тоғыз­дығы» 9 нөмірі жарық көрген. Аптасына екі рет, сәрсенбі, жұма күндері оқырмандарының қолына тиетін газеттің бұл сандарында қазіргі «Астана ақшамы» газетінің ұйымдастыру мәселелеріне де қатысты мәліметтер көзге түсті.

Соның бірінде 12 желтоқсан №8 санында Қазақ ССР Министрлер кабинетінің баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінде мерзімдік басылым ретінде тіркелгенін сүйіншілейді.

Сонымен бірге газет редакциясының алғашқы мекенжайы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы көшенің 47 «а» үйінде орналасыпты. Бұл – қазіргі Жақып Омаров атындағы, алғаш рет, бүгінгі елордасында бұрынғы Целиноград қаласында қазақ театрының қазығын қаққан режиссердің құрметіне берілген көше.

Осы нөмірде Целиноград халық депутаттары қалалық Советінің төрағасы А.К.­Косенко мен атқару комитетінің төрағасы А.Қ.Бөлекпаевқа 1 мың 200 қала жастары қол қойған Ашық хат жарияланған. Онда қаланың Ақмола атты ескі атауын қайтаруға қатысты және келесі жылы 150 жылдығын атап өткелі отырған Абай есімін қаладағы Октябрь немесе Революция көшелерінің біріне беру керек деген ұсыныс айтыпты. «Жастарға желтоқсан берген бағамен қарамай, қоғамдағы қозғаушы күштердің бірі деп қарайтын кез жетті» деп түйіндеген жолдардан сол кездегі жастардың өктем үні естіледі.

«Ақмола ақиқаты» №2 санында оқырмандар қалада ұлттық нақыштағы  қазақы дүниелерінің қат екенін, домбыра, ұлттық киімдердің мүлдем жоқтығын жеткізген. «Қазақтың мұңына да, жырына да, сырына да серік болған қайран домбыраны бұл күнде шырақ алып, қоймадан қойма қалдырмай кезсең де таппайсың. Айналайын, «Ақмола ақиқаты»! Домбыраға зәру жамағаттардың өтініші қашан орындалар екен, соны біліп берші» деп өтініпті.

Айгүл Әбдірайымова деген оқырман жаңа газеттің ашылуына қарай қуанышын білдіріп, «Әрқайсымыз ұлттық үлгідегі киімдерге ие болсақ дейміз. Қалада ұлттық үлгідегі киімдер тігіп шығаратын тігін орындары ашылса, ұлттық киімдер, дәстүрді бұйымдар сүйікті жасауымызға айналар еді» дейді.

«Сарғая күткен үмітіміз еді». Жаңа театрдың ашылғаны туралы ақжолтай мақала газеттің үшінші нөмірінде жарияланыпты. Жаңа өнер шаңырағының  материалдық-техникалық базасын құрудан бастап, осында келген әртістерге  тұрмыстық жағдай жасауға дейінгі толып жатқан күрделі мәселелерді шешуге тура келген. Ол туралы жаңа өнер ордасының директоры Торғауыт Шахзадин мен театр режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омарұлы әңгімелеп береді. Осы әңгіме жарияланғаннан кейін бір жыл уақыт өткен кезде түрлі қиындықтарды артта қалдырып, 1991 жылғы 15 қарашада театр шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашады. Руханиятқа сусап жүрген жұртшылық «Тың игерушілер» сарайына ағылып, 1609 орындық көрермен залы лық толады. Әзірге алғашқы құрам 15 артист дайындық үстінде.

Тоқсанышы жылдары «нарықтық қатынас» деген экономикалық ұғым тікелей мамандары болмаса жалпы көпшілікке таныс емес еді. Газет бетіндегі  «Бір тақырып­қа қос пікір» атты айдармен берілген бетте авторлар өз ойын ортаға салады. Соның бірінде Целиноград қаласының өндірістік кәсіпорындарында нендей істер тындырғанын айта келіп, 40-астам елге насос өнімдерін жіберетін ұжымның балтық елдерінен, Бакуден алдыратын қосымша жабдықтардың болмауынан жұмыстың кідіруін айтады. «Осындай жағдайда нарыққа көшетін болсақ, алға басуымыз неғайбыл» деп кәсіпорын басшысы күмән келтіреді. Екінші ой иесі, нарықтық экономикада «еңбек ет деген ұстаным табыс тап деген қағидамен ауысуы тиіс дейді. Ынта болса адамда қиын іс жоқ ғаламда деген жігерлі сөзбен қорытындылап, қай нарықта болсын адамның әлеуеті мен күшіне сенім артады.

Айгүл УАЙС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button