Жаздағы қауіпсіздік мәселелері сөз болды

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың төрағалығыммен Астана қаласының Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Комиссия жұмысына қалалық төтенше жағдайлар қызметтерінің өкілдері, басқарма мен ұйым басшылары, сондай-ақ елорда аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыста жаз мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үш негізгі мәселе қаралды:
– балалардың терезеден құлауын алдын алу;
– өрт қауіпсіздігін сақтау;
– шомылу маусымын ұйымдастыру.
Көктем және жаз мезгілдерінде көпқабатты үйлердің терезесінен балалардың құлау оқиғалары жыл сайын тіркеледі. Мұндай жағдайлардың басты себептері – балалардың қараусыз қалуы, терезелерге ашылуды шектейтін құрылғылардың болмауы, сондай-ақ маса торларын дұрыс пайдаланбау. Бұл торлар ата-аналарға баласының қауіпсіздігіне қатысты негізсіз сенім ұялатуы мүмкін.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстары жалғасуда: мектептер мен балабақшаларда дәрістер өткізіліп, ата-аналарға жадынамалар таратылып жатыр, ал бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бейнероликтер мен үндеулер жариялануда.
Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында елорданың «Жасыл белдеуінде» бақылау-байқау бекеттері жұмыс істеп тұр, патрульдік қызмет күшейтіліп, техникалық құралдармен жабдықтау шаралары қабылданған. Сонымен қатар, аудан әкімдіктері қамысты шабу жұмыстарын жүргізуде.
Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарда. Рұқсат етілмеген орындарда шомылуға тыйым салу шаралары күшейтілді. Бұл жерлерде қажетті инфрақұрылым мен құтқару қызметтері қарастырылмаған. Полиция және еріктілермен бірлескен рейдтер өткізіліп, судағы тәртіп ережелері жазылған жадынамалар таратылуда.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, халықпен профилактикалық жұмысты жандандыру және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған бағдарламалардың қамту аясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Барлық жауапты органдар бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуде. Басты басымдық – жаз мезгілінде елорда тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.