Төсінде – қос «Қызыл Жұлдыз»

Уақыттың өз үні, тарихтың өз тағылымы бар. Бүгінгі азат таң, бейбіт аспан мен шуақты күн – көкірегі кекпен керілген жауынгерлердің жанқияр ерлігімен келген қасиетті мұрат. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында біз өткенге тағзым етіп, сол ұлы ерліктің бастау көзін қайта парақтаймыз. Өйткені халықтың болмысын, ұлттың намысын жауынгерлер майдан даласында қорғады. Сол ерлердің бірі – ар-намысты ту еткен, ажалмен арпалысқан, ерлігімен ел есінде мәңгі сақталған Өтелбай Байбосынов.
1917 жылы Ташкент облысы Жоғарышыршық ауданының III Интернационал колхозында дүниеге келген Ө.Байбосынов еңбекке ерте араласып, колхозда қойма меңгерушісі болып жұмыс істейді. Бірақ тағдыр оны қарапайым еңбек жолынан қан майданға бастап әкетеді. 1938 жылы Фин соғысына қатысып, артиллериялық полктің құрамында алғашқы жауынгерлік тәжірибесін жинайды. Бұл оның ерлік жолының бастауы ғана еді.
1942 жылы фашистік Германияға қарсы соғыс өрті өршіген тұста, Өтелбай 320-Гаубицалық артиллериялық полктің құрамында қайта майданға аттанады. Қан кешкен шайқастарда ол көзсіз ерлік пен рух биігін көрсете білді. Ол жүріп өткен жерлер – Будапешт, Запорожье, Секешфехервар, Веспрем сынды қалалар – бүгінгі бейбіт өмірдің тарихи куәгерлері. Дунай мен Свирь өзендерін кесіп өту операцияларында көрсеткен батырлығы жауынгер рухының биіктігін танытты.
1944 жылы ішінен ауыр жараланып, госпитальға түссе де, ол майданнан шет қалмай, ел үшін шайқасын жалғастырады. Ол ерен ерлігі үшін екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сондай-ақ «Даңқ», «Ерлік үшін», «Будапешт қаласын азат еткені үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 1946 жылы елге оралған Өтелбай Байбосынов бейбіт өмірде де күрескер бола білді. Ол ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, туған топырағында адал еңбек етті. Қолына күрек ұстағанмен, жүрегінде елге деген үлкен махаббат сақталды. Оның соғыста да, бейбіт өмірде де ұстанымы бір – елге қызмет ету болды.
Өтелбай Байбосыновтың өмір жолы – ұлттың рухын биіктеткен, ұрпаққа ұлағат болған тағдыр. Ол – тек бір адамның ғана емес, бүтін бір дәуірдің бейнесін бойына сыйдырған тұлға. Өтелбайдың ерлігі – ұрпақтың жадында, халықтың жүрегінде сақталған аманат. Ол соғыс даласында ғана емес, жүрегінде де шайқасты. Болашақ үшін, бүгінгі ұрпақ үшін жанын шүберекке түйді. Оның әрбір ерлігі тарих беттерінде алтын әріппен жазылды. Ерлік – мәңгілік, ол ұмытылмайды. Ө.Байбосыновтың есімі – ұлттың абыройы, елдің шежіресі.
Өтелбай Байбосынов сынды ерлер – бүгінгі бейбіт өмірдің ескерткіштері. Олар жанымен соғысты, жүрегімен күресті. Біз олардың ерлігін естен шығармай, мәңгілік жадымызда жаңғыртуға міндеттіміз. Өйткені ұлттың болашағы – өткеннің өнегесінде. Ө.Байбосынов сынды батырлардың есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Өтелбайдың ерлігі бізге тек соғыс кезеңінің сұмдықтарын еске салмайды, ол сонымен қатар патриотизм, ерлік, елге қызмет ету деген ұғымдарды қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа маңызды сабақ береді. Ерліктің өзі – жүректегі қайсарлық пен елге деген шексіз махаббаттың көрінісі.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қантөгіс пен қасіреттің, қайғы мен күйзелістің ортасында шыңдалған жауынгерлердің жанқияр ерлігі мен жанның еркіндігі үшін күресі қазіргі бейбіт өміріміздің тірегі. Өтелбай Байбосынов секілді батырлардың тағдыры – тек бір ұрпақтың ғана емес, тұтас халықтың ерлік жолы. Бүгінде біз бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Бірақ осы тыныштықтың құны мен шынайы бағасын білуіміз қажет. Ол – қасіретке толы шайқастарда өлген ерлердің, ажалмен алысып, жер мен елді қорғаған батырлардың арқасында келген құнды сый. Өтелбай Байбосынов пен оның қатарлас батырлары – біз үшін ғана емес, ұрпақтар үшін өмір бойы үлгі болатын тұлғалар.
Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек өткеннің ерлігін еске алу ғана емес, бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, патриоттық рухты нығайту. Біздің міндетіміз – батырлардың ерлігін ұмытпай, олардың өнегесіне адал болу, солардың салып кеткен даңғыл жолымен жүріп, еліміздің болашағы үшін еңбек ету. Ерлік ешқашан өлмейді, ол тек ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Өтелбай Байбосынов сияқты тұлғалар бізге ерліктің өлмейтінін, Отанға деген сүйіспеншіліктің шексіздігін және ұлттың тәуелсіздігі үшін күресудің ең маңызды мұрат екенін көрсетіп кеткен. Олардың рухы – мәңгілік, ерлігі – ұрпаққа аманат. Бұл Жеңістің 80 жылдығы – сол ерлердің ұрпағына айқын жол, жарқын болашақтың белгісі.
Үсенбай БАТЫРБЕКОВ,
журналист