Төленнің жүрек лүпілі

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде. Былтыр 23-інші сәуірде алғаш рет тойланған Ұлттық кітап күнінде қазақстандықтарға жолдаған құттықтауында: «Биыл алғаш рет аталып жатқан Ұлттық кітап күні құтты болсын! Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады» деп қоғамды кітап оқу мәдениетіне жұмылуға үндеді.
Балалар мен жастарды кітап оқуға баулу үшін бала жүрегіне жол табатын шығармалар көбейсе құба-құп. Өйткені балаларға арналған шығарма – ұрпақтың рухани азығы, болмысы мен тәрбиесінің айнасы. Қазақ балалар әдебиетіне қосылған әрбір жаңа туынды кішкентай оқырманның қиялын ұштап, таным көкжиегін кеңейтеді. Жазушы, журналист-публицист, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабы – дәл сондай шығармалардың бірі. Автордың әдебиет әлеміне жасаған қадамын оқырмандар (әсіресе балалар) жылы қабылдады. Кітапты ықыласпен оқыған жандар БАҚ, әлеуметтік желі арқылы шығармалардан алған әсерімен, ой-пікірімен бөлісуде. Осы орайда кітап оқу мәдениетін қоғамға орнықтыруға үлес қосып жүрген жазушының кітабы туралы оқырмандардың жүрекжарды пікірлерін топтастырып, жариялауды жөн көрдік. Әрбір ой-пайым – кітаптың оқырман жүрегіне жол тапқанының айқын дәлелі.
Берік УӘЛИ, Абай облысының әкімі:
![]()
Үлкен Төлен ағамыздың жолын берсін!
Белгілі журналист, өз саласы бойынша бірнеше кітап жазған, мамандығына адал Төлен Тілеубай жаңа кітабынан прозаға ат ізін сала бастағанын көруге болады. Кітаптың атауына арқау болған «Түлкілітаудың аспаны» – Төленнің алғашқы повесі. Сондай-ақ жинақта бірнеше әңгімесі де бар. Алғашқы повесінде автор Әмір деген басты кейіпкердің балалық шағы арқылы ауылда өскен әрқайсымыздың өмірімізді көз алдымызға әкеледі. Еңбекке ерте араласқан ауыл баласының өмірін суреттей отырып, қазіргі балалар мен жасөспірімдерге ой салу үшін жазылған шығарма екен. Төленнің прозадағы тырнақалды туындысына көз жүгіртіп, ақпараттық алаңда қамшы салдырмайтын журналистің жаңа қырын байқадым десем болады. Қаламыңа қуат берсін, Төлен! Үлкен Төлен ағамыздың жолын берсін!
Рымбала СМАЙЫЛОВА, аудармашы, зейнеткер:

Жүрек лүпілін сезіндік
Әр адамның тəтті балалық шағы мен алаңсыз өмірі осы кітапта асқан сүйіспеншілікпен бейнеленген. Ойын балаларының балалықпен жасайтын іс-əрекеттерін, директор үйінің терезесіне тоқылдақ орнатып əйнегін шағып тастаған сотқарлықтарын да жасырмай жазып жіберуі шынайы жазушылық өнерімен берілген. Төленнің туған жерге деген сүйіспеншілігі əр оқырманының елжандылық сезімін оятып бағатындай. Əр тау-тасын суреттеп, шөп шабу науқанын, бүлдірген теру мен сарымсақ қазудың қызығын сипаттағанда табиғаттың, жердің сұлулығын: «…Даланың ауасы қандай керемет! Көкпеңбек шөптің иісі мұрын жарып барады, жолдың екі жағында табын-табын сиыр мен отар-отар қой жайылып жүр, оған жақындағанда шимайбет сиырын көрді…», «…өткір шалғының жүзінен сусылдай сұлаған көк майса…», «…бармақтай-бармақтай қып-қызыл дала бүлдіргені көздің жауын алады, тəп-тəтті иісі аңқиды, дəмі балдай, ауызда еріп кетеді…» деп, көз алдыға табиғаттың картинасын шеберлікпен алып келеді. Осындай далаға баруға кім құштар болмас екен?! Повесть кейіпкері Əмірдің бейнет арқалаған анасына елжірегені, ал анасының мейірлі махаббаты «…Бір сəтте көңілі көк тіреген ана мен бала жанарынан қуаныш ұшқыны шашырап, үйіне қарай алшаң басып бара жатты» деп баласы мен анасының арасындағы сезімді көпірме сөзсіз-ақ, қарапайым тілмен жеткізіпті. Жаны нəзік Əмірдің өзі күшік кезінен асырап қатты бауыр басқан иті қартайып өлгенде қайғырғанын сипаттауы да ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Махаббат араласпайтын өмір де жəне ол жазылмайтын шығарма да болмайтыны сияқты, Төленнің Əмір кейіпкері де лагерге барып, Данагүлге ғашық боп қалады, олардың бала махаббаты немен аяқталатынын автор оқырманының топшылауына қалдырған екен. Жазушы халық емшілігін де тілге тиек еткен. Повестің соңғы бөлігінде сынықшы Рымғали оның шығып кеткен шыбығын орнына еппен салып бергені айтылып, одан кейін Сұраған əкесінің баласын Түлкілітаудан ауылына алып бара жатқанда: «…артқы жақта жап-жасыл құрақ шөп, бір-біріне жантайған таулар, ақ қайыңды шағын ормандар, Түлкілітаудың аспаны төңкеріліп қалып барады…», «Əке, мен өскенде жазушы боламын. Ауылым туралы шығарма жазамын! деп, іштей өзіне-өзі серт беріп көңіл хошы кемеліне келді» деген тұжырыммен повесть аяқталады. Төленнің де бұл повесінен оның жүрек лүпілін сезіндік.
Айбатыр СЕЙТАҚ, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Кино түсіруге дайын сценарий
Төлен Тілеубай әдебиетке бір күнде, бір түнде келе қалған жоқ. Әлемдік және отандық әдебиет әлемін зерттеді, тереңіне үңілді. Ұзақ жылғы дайындықтың нәтижесінде өзі жетік білетін өскен өңірі, балалық шағы туралы жазуды қолға алғаны анық байқалып тұр. Бұл – арлы адамның ісі. «Түлкілітаудың аспаны» – мектеп жасындағы балаларға арнаған туынды. Повестің тілі шұрайлы, күрделі құрмалас сөйлемдер көп кездеспейді. Өмірге, қоғамға бас кейіпкер Әмірдің көзімен қарап, соның таным-түсінігімен ой өрбітеді. Бұл шығарма – ауыл баласының қиялға толы ғажайып әлемі! Артық айтқаным болмас, бұл туынды – кино түсіруге дайын тұрған сценарий. Сондай-ақ бұл кітабына «Ақбөкен жылаған түн» деректі туындысы және «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелері енген. Соның ішінде «Ақ көгершіні» әсерлі екенін айта кеткен жөн. Газеттің жұмысымен тығыз айналысып жүрген журналист үшін публицистика мен әдеби тілді шатастырып алмау оңай емес. Төлен сол сынақтан өте білген. Адам қандай да бір мақсатына дарынымен қоса көп еңбектенгеннің нәтижесінде жететіні белгілі. Төлен Тілеубай келешекте әдебиеттің көрнекті өкілі атануы үшін де көп оқып, көп тер төгуі қажет. Алдағы уақытта алар асулары биік болады, ұлттық әдебиеттің беделін арттыруға үлес қосады деп сенеміз.
Ерке АЗАТҚЫЗЫ, студент:
Әркімнің жүрегінде өз Түлкілітауы бар…
«Түлкілітаудың аспаны» – жазушының балалық шағына айналған сағынышы мен сырлы әлемін көркем тілмен өрнектеген туынды. Төлен Тілеубай балалықты ұмытылмас кезең ретінде сипаттап қана қоймай, оны адам жанын тәрбиелейтін рухани бастау, өнеге мектебі ретінде суреттейді. Балалық шағы ауылда өткен әрбір оқырман бұл шығармадан өзін табады: жаздың жусанды даласын, көктемгі сай-саланы, күзгі жауын астындағы сағымды сағынышты, қыстың аппақ қырларын көреді. Басты кейіпкер – жазушының өзі іспеттес. Оның көзімен ауыл табиғаты, тау мен тас, адамдардың қарым-қатынасы, тұрмысы шынайы бейнеленеді. Әрбір естелік – жүректен шыққан жан сыры. Бұл шығармада баланың табиғатпен және адамдармен қарым-қатынасы – өзімен-өзі сырласуының көрінісі. Шығарманың атауындағы «Түлкілітау» – жай ғана географиялық нысан емес. Бұл – жазушының жан-дүниесіне, балалық арманына айналған қасиетті мекен. Бұл тау арқылы жазушы туған өлкенің қадірін, оның адам өміріндегі орнын көрсетуге тырысады. Түлкілітау – автор үшін ойдың ұясындай, қиялдың самғаған көкжиегі. Түлкілітаудың астындағы ауыл – қазақ даласының бір бөлшегі. Осы ауылда өткен әрбір сәт – ұлттық болмыстың, қарапайым тіршіліктің куәсі. Бұл – қазақы болмыстың, дала философиясының, ұрпақ пен ұлттың арасын жалғаған алтын көпірі. Шығармадағы табиғат тек фон емес. Ол – тірі кейіпкер, кейде сырлас дос, кейде үнсіз ұстаз. Автордың табиғатты сипаттауы – терең психологиялық астарға ие. Аспанның ашықтығы – көңілдің қуанышы, бұлттың қоюлығы – жан толғанысы, жаңбырдың тамшысы – көз жасы тәрізді. Бұл тұста жазушы табиғатты адам жанымен үндестіріп жаза біледі. Жазушы әр гүлдің, әр бұлақтың, әр құстың үнін табиғи суреттеп, оны кейіпкер сезімімен сабақтастырады. Бұл – қазақ әдебиетіндегі лирикалық прозаның көркем үлгісі.
Повестегі кейіпкерлер – жазушының өмірінен алынған шынайы бейнелер. Олар – қазақ ауылының тіршілік иелері, бір-бірімен тығыз байланысты, тағдырлас адамдар. Әкесі, шешесі, көршісі, ұстазы, құрдасы – әрқайсысы кейіпкер өмірінде маңызды рөл атқарады. Жазушы оқырманға олардың әрқайсысын сүюге, түсінуге, құрметтеуге мүмкіндік береді. Себебі бұл кейіпкерлер – өмірдің өзіндей шынайы. Автор олардың жүрек лүпілін, ішкі арпалысын шебер жеткізеді. Олар арқылы қазақы тәрбие, үлкенге құрмет, кішіпейілділік пен еңбекқорлық сияқты құндылықтар насихатталады. «Түлкілітаудың аспаны» тек балалық шақты суреттейтін шығарма ғана емес. Бұл повесть – уақыт пен кеңістікті, адамның ішкі хәл-күйін, рухани ізденісін бейнелейтін философиялық туынды. Онда әрбір көрініс, әрбір оқиға ой тудырып, оқырманды терең толғанысқа жетелейді. Төлен Тілеубайдың шығармасында айтылмаған сыр көп. Бірақ дәл сол айтылмаған тұстары оқырманды ойландырады. Себебі нағыз әдебиет – үнемі сұрақ тудырып, үміт сыйлайтын өнер. Төлен Тілеубайдың тілі – қазақы, тұнық, әсерлі. Ол күрделі сөздерге, жасанды көркемдікке үйір емес. Керісінше, оның қарапайымдылығы – шынайылығында. Әрбір сөйлемде сезім бар, сыр бар. Оның прозасы – тап-таза ауадай. Жазушының шеберлігі – оқырманын жалықтырмай, күрделі ойды жеңіл тілмен жеткізе алуында. Авторлық баяндау, ішкі монологтар, табиғат суреттері – бәрі де бір арнаға тоғысып, тұтас бір көркем әлемді құрайды. Бұл – қазақ әдебиетінің терең, ұлттық бояуға толы көркемдік дәстүрінің жалғасы.
Бұл повесть – әр қазақтың жүрегіне жол табатын шығарма. Өйткені әрқайсымыздың да жүрегімізде өз Түлкілітауымыз, өз аспанымыз бар.
Елмира ЖОЛАМАНОВА, Астанадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейдің
директорының орынбасары, зерттеуші-педагог:

Өмірлік құндылықтарға тұнып тұр
Жазулар жүрекке жетті. Өте түсінікті тілмен орамдалған! Жүгіре оқыған көздеріммен таласа ой кетті, оймен жарыса ертегідегідей елестер еліртті. Кітапты оқып отырып, ауылдағы балалық шаққа саяхат жасағандай болдым! Балалар ойнаған ойын түрлері мен тоқылдақ туралы оқи отырып, бір күліп алдым. Түлкілітаудың табиғи байлығын суреттеген тұсы тіптен керемет! Құтты бір мен өсіп-жетілген ауыл маңындағы тауларды меңзеп тұрғандай! Төрт бөлімнен тұратын кітап мазмұны қызығы мен өкінішіне қоса өмір құндылықтарына тұнып тұр! Әр кезеңнің қадірін біліп құрметтеуге, сағындыруға, балаша күлуге және реніш пен сүйіспеншілікке жетелеген «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабыңыздан тамаша тербеліс алдым! Бала күнімдегі ауылыма барып қайтуға құштарлық пайда болды.
Сымбат МАҚСАТҚЫЗЫ, студент:
Ақ көгершін
Бұл шығармада адамның сезімдері, құбылыстар керемет суреттелген. Қос ғашықтың табысуы, Саматтың Айжанға бір көргеннен ғашық болуы, Айжанның тартымды қылықтары, т.б. суреттеулер бар. Бұл шығармадағы жағдайды екіге бөліп талдасақ болады: қос ғашықтың бір-бірімен танысып, сөйлескенге дейінгі ойлары және одан кейінгі ойлары. Алғашында Саматтың Айжанды пәк періштедей көріп, идеал санауы оқырманға да жақсы ой салады. Алайда уақыт өте келе танысып-біліскен соң Саматтың Айжанға деген ойы толықтай өзгереді. «Адамға бір көргеннен баға бере алмайсың, уақыт өте келе бірге сапарлас болсаң, бірге тұрсаң ғана оны тани аласың» деген қоғамдық пікірлер осыдан шықса керек. Самат онымен бірге тұрмаса да сол бір кеште жеңілтек, кез келген жігіттің қармағына ілінуге шақ қалатын тұстарын байқады. Бастапқы бейкүнә, нәзік, әдепті Айжан енді оның санасында жоқ. Бұл шығармадан түйеріміз көп. Біріншіден, өмірімізде кез келген әдемі жанды идеал деп санамауымыз қажет. Сыртқы нәзіктігі, сұлулығы көңілге нұр ұялатса да жүрекке жара саларлық жан дүние болуы мүмкін ол адамда. Екіншіден, қызға тән қылық, жылы шырай болғанымен, өзін әр жігіттің ырқына көндіріп кете беретін жан болса, күндердің бір күні алданып, өмір бойы бармақ тістеп өтуі бек мүмкін. Қыз – бағалы, құнды жаратылыс. Теңіз түбіндегі маржан тастар қалай жасырын болса, қыз да сондай құпия болуы қажет. Көрінгеннің құшағында жүрген қыздың қадірі кетеді, құны жоғалады.
Фатима ЖҮНІСОВА, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
Мектеп оқулығына енгізуге болады
Менде бала кезден қалыптасқан бір әдет бар. Кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін. Кітап қызық болса бас алмай оқып, бастаған күні бітіріп тастауға тырысамын. Түнде қолыма ала салып, демде оқып шыққан кітабым – «Түлкілітаудың аспаны» болды. Бұл белгілі журналист, жазушы інім Төлен Тілеубайды жаңа қырынан көрсететін кітап екен. Кітаптың маған ұнағаны, тілі жеңіл, жатық. Оқыған адамды бірден өзіне тарта жөнеледі. Бас кейіпкер Әмірдің бойындағы тазалық, еңбекқорлық, мейірім, адалдық оқырманды баурап алады. Жазушы ауыл баласының кішкентай кезінен есейген шағына дейінгі тіршілігін нақты оқиғалармен айшықтап, қызықты етіп суреттейді. Кітапты оқып отырып, өзімнің балалық шағым есіме түсті. Әмір мен әкесінің шөп шабуы, екеуара әңгімесі өз әкемді еске түсірді. Шығармада әке мен ана образы шынайы берілген.
Баланың бас ұстазы – ата-анасы екендігіне осы кітапты оқып отырып, тағы көз жеткізесің. Повесте баласына күндіз-түні ақыл айтып отырған әке-шешені көрмейсің. Олар маңдайынан тері сорғалап еңбек етеді, бала соны көріп өседі, кішкентайынан еңбекқорлыққа баулиды. Кітапта табиғат та тамаша суреттелген. Жер-су, тау аттарының шығу тарихы да шеберлікпен баяндалған. Бұл кітапты ата-аналар, мектеп оқушылары түгел оқуы керек. «Түлкілітаудың аспаны» повесін мектеп оқулығына енгізуге болады. Бас кейіпкер Әмірдің бойындағы жақсы қасиеттер жас балаларға үлгі боларлықтай. Жазушы отбасы құндылығын, адал достықты, кітапқұмарлықты, тәлім-тәрбиені кішкене эпизодтармен-ақ шебер жеткізе алған. Әмір мен Данагүлдың арасындағы іңкәрліктің, пәк сезімнің өзі жүрекке ерекше жылылық ұялатады. Бала махаббатқа тілекші болып, әр сөйлемді оқыған сайын үнсіз жымиып отырасың. Арманы асқақ, қиялы ұшқыр Әмір жазушы болуды армандайды. Оны алда үлкен өмір күтіп тұр… Болашақта біз Әмірмен тағы кездесетін сияқтымыз. Повестегі Әмір жай адам емес, жазушы боламын деді емес пе? Әдебиет әлеміне нық қадам басқан Төлен Тілеубай болашақта роман жазады деген үміттемін. Ал сол романда үлкен тұлғаға айналған Әмірді көруіміз де мүмкін ғой. Бұл менің өз ойым. Повесті оқып отырып, тез бітіп қалғанында бұл шығарманың жалғасы болуы керек дедім өзіме. Кітап маған ұнады! Қызыға оқыдым. Әңгімелер де тартымды жазылған. Авторға үлкен шығармашылық табыстар тілеймін!
Надира СЕЙДІҒАЗЫМ, кәсіпкер-ғалым:
Мәңгілік махаббатты жеткізген шығарма
Бұл кітаптан алған әсерім ерекше болды. «Түлкілітаудың аспаны» повесі оқырманды туған жердің қадірін терең сезінуге, өткен өмірге ой жүгіртуге жетелейді екен. Төлен Тілеубайдың тұңғыш повесі болса да тіл көркемдігі мен идеялық тереңдігі шығарманың сәтті шыққанын көрсетеді. Түлкілітау – кейіпкердің балалық шағы өткен, таза сезімдер мен шынайы өмірі сақталған киелі мекен. Автор табиғат көріністерін кейіпкердің көңіл-күйімен байланыстыра суреттейді. Негізгі ой туған жерге деген сағынышты бейнелегендей әсер қалдырып, оқырман естелікке толы өз балалық шағына саяхат жасайды. Себебі повесть желісі қабылдауға жеңіл, ойға орамды, шынайы өмірден алынған естеліктермен астарласып оқырман қызығушылығын арттыра түседі. Шығармадағы табиғат пен адам жанының үндестігі жүрекке жылы тиіп, кейіпкердің сағынышы мен толғанысы сезіледі. Оқырман сырттай бақылаушы емес, кейіпкермен бірге ойланатын рухани серіктеске айналады. Көркемдік тұрғыдан шынайылық, туған жерге деген сүйіспеншілік, ата-анаға деген махаббат, өз арманына адалдық сынды қасиеттермен өрнектеп, туған өлке табиғатын әдеби тілмен шебер суреттей білген. Повесте ішкі монолог пен естелік тәсілі жиі қолданылып, кейіпкердің жан дүниесі ашылады. Тілі жеңіл, әсерлі болғандықтан, кітаптағы шығармалар оқырман ретінде ой салып, маған жылы әсер қалдырды. «Түлкілітаудың аспаны» – туған жерге деген мәңгілік сағынышты көркем бейнелеген шығарма. Повесть оқырманды өзінің рухани құндылықтары туралы ойлануға жетелейді. Шығарманың идеясы адам қанша алыстаса да, оның болмысын қалыптастырған рухани тамырлардан ажырай алмайды. Естелікке құрылған баяндауды, лирикалық шегіністерді шебер қолданған, көркем тілмен, терең оймен жазылған шығарма. Бұл тәсілдер шығарманың эмоциялық әсерін күшейтіп, оқырманды кейіпкердің ішкі әлеміне жақындатады. Түлкілітау рухани сағыныштың символы болса, аспан мәңгілік пен еркіндіктің, адам армандарының символы деп қабылдадым. Аспан өзгермейді, ал адам уақыт өте өзгеріп, балалық шағы естелікке айналады, рухани құндылықтары сол балалық шақтан бастау алып, адамның бүкіл өміріне бағыт беретіні ойға оралады. Повесть – рухани тамырдан ажырамау идеясын терең жеткізген шығарма. Кітап авторы әрі замандасымыз, қаламгер Төлен Тілеубай инемен құдық қазғандай қаламының ұшымен, шынайылығымен, еңбекқорлығымен, журналистика саласына өз үлесін қосып келеді. Сізді әдебиет әлеміне қосқан ерекше туындыңызбен құттықтаймын! Қаламыңыз ұштала берсін қаламгер!
Кітап оқуға деген қызығушылығымыз артты
Астанадағы Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің бір топ оқушыларының пікірі:
Іңкәр, 9-сынып оқушысы:
«Түлкілітаудың аспаны» кітабы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жүрекке жылы әсер қалдырды. Ой салатын, тағылымы мол шығарма үшін алғысымыз шексіз!
Согдиана, 7-сынып оқушысы:
Кітаптағы әрбір оқиға өмірмен үндеседі. Тілі көркем, мағынасы терең. Бұл шығарма бізге үлкен рухани азық болды.
Шыңғыс, 7-сынып оқушысы:
Шығарманы қызығып оқыдым. Кейіпкерлері есте қалады, оқырманды ойлануға жетелейді. Осындай әсерлі кітап үшін рахмет!
Алтынай, 7-сынып оқушысы:
Кітаптан адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды анық сезіндік. Оқуға деген қызығушылығымыз арта түсті.
Аяулым, 7-сынып оқушысы:
«Түлкілітаудың аспаны» – жүрекке жол табатын, тәрбиелік мәні зор шығарма. Авторға оқушылар атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Томирис, 7-сынып оқушысы:
«Түлкілітаудың аспаны» кітабы маған туған жердің қадірін тереңірек түсінуге көмектесті. Әр беті ойға жетелейді, жүрекке жылу береді.
Айлин, 6-сынып оқушысы:
Кітапты оқи отырып, ауыл өмірі мен адам тағдырының шынайы суреттелуіне тәнті болдым. Тілі жеңіл, мағынасы терең. Оқушы ретінде бізге үлкен рухани азық болды. Жания, 5-сынып оқушысы: «Түлкілітаудың аспаны» – мені ойландырған, әсер қалдырған шығарма. Кейіпкерлері өмірге жақын, оқиғалары жүрекке әсер етеді. Осындай құнды еңбек үшін алғысымды білдіремін.



