ТМД елдері статистикалық қызметтерінің жұмыс кеңесі басталды

Бүгін Астанада ТМД елдерінің ұлттық статистикалық қызметтері мамандарының үш күндік жұмыс кеңесі басталды. Басқосу ТМД-ның 2024 жылғы халықаралық салыстырулар бағдарламасы (ХСБ) шеңберінде тұтыну тауарлары-өкілдерінің бағалары туралы деректерді келісуге арналған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кеңестің ресми ашылуы Бюро басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылованың қатысуымен өтті. Өз сөзінде ол бұл шараның ТМД елдері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту және озық тәжірибе алмасу үшін маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібінде – әдістемелік тәсілдерді келісу, баға ақпараттарының салыстырмалылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ аймақтық деңгейде ХСБ-ны іске асырудың практикалық мәселелері.
Қазақстан 1994 жылдан бастап халықаралық салыстыру жұмыстарына қатысып келеді және сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) есептеуге елеулі үлес қосуда.
Кеңесті өткізу мерейтойлық датаға сәйкес келді – 2025 жылы Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы құрылған күннің 105 жылдығын атап өтеді. Ведомство ғасырдан астам тарихында ведомстволық есептен халықаралық статистика стандарттарына бағдарланған заманауи жоғары технологиялық жүйеге дейінгі жолдан өтті.
Кеңес қорытындысы өңірдегі статистикалық деректердің келісілгендігі мен шынайылығының жоғары деңгейін қамтамасыз ете отырып, Халықаралық салыстыру бағдарламасының кезекті раундын дайындауға маңызды үлес қосады деп күтілуде.