Ел тынысыСаясат

Тіліміз тұғырдан түспейді

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата заң жобасындағы мемлекеттік тілге қатысты нормаға тоқталды.

«Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның жаңа жобасында «Конс­титуциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Яғни, бізде мемлекеттік тіл біреу. Ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында» деді Мемлекеттік кеңесші. Оның айтуынша, мемлекетіміз барда қазақ тілі ешқашан ол тұғырдан түспейді. «Демек сол үшін ең бастысы мемлекетті сақтау керек. Мемлекетті қорғау керек. Ең бірінші, ел бірлігін ойлау керек» деп түсіндірді Е.Қарин.

Мемлекеттік кеңесші сондай-ақ 1995 жылы қабылданған Конституция мен жаңа Конс­титуция жобасының айырмашылықтарын атады. «Әлеуметтік желіден оқып жатырмыз. Комиссия осы күндері шешім қабылдады дегенге саятын пікірлер бар. Біз мәтінді қоғамдық талқылау үшін жариялап отырмыз. Білсеңіздер, 1995 жылы қабылданған Ата заңды кезінде дайындау үшін арнайы сарапшылар кеңесі құрылған болатын. Оның құрамында бар болғаны 12 адам болды. Біздің Конституциялық комиссияның құрамында 130 адам бар. Барлық өңірлердің өкілдері осы жиынға, әр отырысқа қатысып отыр. Қазір қолданыстағы Ата заңды дайындауға қатысқан 12 азаматтың 9-ы Қазақстан азаматы, қалған үшеуі сырттан шақырылған маман еді. Біз қоғам назарына ұсынып отырған Ата заңды елдің азаматтары дайындап отыр. Сырт­тан ешкім келіп дайындап жатқан жоқ. Сондықтан біз дайындап, қоғам назарына ұсынып отырған Конституция жобасы шын мәнінде нағыз халықтық Конституция деп айтуға болады. Себебі барлық өңірлердің, барлық саланың, өкілдері қатысып отыр. Барлық отырыс тікелей эфирде, халықтың назарында» деді ол.

Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, қолданыстағы Ата заңның елдің дамуына, мемлекеттілігіміздің нығаюына қосқан үлесін ешкім де жоққа шығарғалы жатқан жоқ. «Бірақ бұл Ата заң еліміз енді ғана тәуелсіздік алып жатқан кезде, елең-алаң шақта қабылданды. Ал біз қазір мемлекеттілігі орныққан, тәуелсіздігі бекіген, әлем қауымдастығында өз орнын иеленген мемлекетпіз. Қолданыстағы Ата заң посткеңестік, транзиттік рухта жазылса, жаңа Конституция заманауи әрі ұлттық мүддені көздейді. Қазіргі Конституцияда мемлекеттің мүддесіне басымдық берілсе, жаңа Конс­титуцияда адам құқықтары мен бостандықтары бірінші орынға шығып отыр. 1995 жылы қабылданған Ата заңда бірегейлік мүлдем қамтылмаған еді. Ал жаңа Конституцияда ұлттық және тарихи бірегейлік нақты мәлімделген. Қолданыстағы Ата заңда билік бір орталықтарда шоғырланса, жаңа Конституцияда тең баланс орнатылған» деп сөзін түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button