Тілі жатық, ойы анық

2026 жылғы 20- шы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформаға байланысты атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірген болатын.
Парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін тілге тиек етіп, жұмыс барысында өзгерістер көлемі одан әлдеқайда ауқымды екені айқындалуына байланысты Конституциялық комиссия құруға шешім қабылдайтынын мәлімдеген еді.
Айтса айтқандай, 21 қаңтарда құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері кірген Конституциялық комиссия құрамы бекітіліп, жұмысқа кіріскені, әрі комиссия отырыстары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілгені белгілі.
Комиссия мүшелері республиканың Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шыққанда, бұл түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84%-ын қамтығанын, сондықтан Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін алға тартқанын ақпарат құралдары таратқан еді.
Енді, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссиясы қараған Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын еліне етене жақын — “ Егемен Қазақстан”газінен оқып,таныстық.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болғанын жалпы жұртшылық жақсы біледі.
Ғылым мен жоғары білім өкілі ретінде Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталғаны көңіл қуантты. Яғни, Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитыны “тайға таңба басқандай” айқындалғанын айырықша атап өткеніміз артық болмасы анық.
Тағы бір түйген ойымды Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі бойынша академигі ретінде айта кетуді жөн көрдім. Ол — жаңа Ата заң жобасының мәтіні жөнінде болмақ. Мәтінге көз салғанда бірден байқалатыны- тілінің жатықтығы, ойының анықтығы, сөзінің нықтығы дер едім. Мұның өзі
тілдік қордың құнарлығын ұтымды пайдалана отырып,көпшілікке қолжетімді етіп жеткізуді мақсат еткен ниеттен туындағанын аңғару қиын емес, Оны біз Конституция нормаларында белгілі бір ойды баяндау, істің мән-жайын дәл, терең түсіндірілуінен байқағандай болдық. Басты мәселе- қалың көпшілікке түсінікті екендігі.
Ендеше, Жоба туралы ел жүрегі — Елодамыздың тұрғындары да өздерінің азаматтық көзқарасын білдіріп, қоғамдық пікірге үн қосатынына сенім мол.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик



