Басты ақпаратМәдениет

Тілектес Мейрамов: Қазіргі театр құлақ пен көзге арналған, жүректен өтпейді…

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Осы орайда сахнаға 55 жылдық ғұмырын арнап, тұтас бір дәуірдің куәсі болған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамовпен қазақ театрының кешегісі мен бүгіні, өнердің миссиясы және актер тағдыры туралы әңгімелестік.

                  МОЛДАБЕКОВТІҢ МЕЙРАМОВТЫ ҚАЙРАУЫ

Биыл қазақ өнерінің қара шаңырағы — Әуезов театрына 100 жыл. Сіздің шығармашылық жолыңыз осы театрдан басталып, отыз жылға жуық уақыт сол сахнамен тығыз байланыста өтті. Әңгімемізді сол «Әкемтеатрдан бастасақ»... Жетпісінші жылдарды еске алғанда, ойыңызға ең алдымен не оралады?

Жақында ғана менің Әуезов театрына қабылданғаныма тура 55 жыл толды. 1971 жылдың 20 қаңтары болатын. Сол күнгі бұйрықпен қабылдандым. Оның бәрі, шынын айтсам, кездейсоқ жағдай болды. Бұрын да айтып жүрмін ғой, менің театрға баруымның өзі күтпеген жерден болды. Ұстаздарымның мен туралы қандай пікірде болғанын білмеймін, бірақ өзім оқу бітіретін жылы алдымда үш жол тұрды.

Бірі — ғылым жолы. Ол үшін аспирантураға түсуім керек, бұл оқу сол кезде Ленинградта болатын. Екіншісі — комсомол жұмысы. Оқып жүргенде белсенді болдым, төртінші курста-ақ қалалық комсомол комитетінен үшінші хатшылыққа дайындап қойғанын біреулер «көктемде сені сайлаймыз» деп айтып қойды. Ал үшінші жол — өз мамандығым. Мен іштей туған жерім Қарағандыға қайтатын боп, сол жаққа бет бұрып қойғанмын. Бірақ сол қаңтардың жиырмасы күні бәрі өзгерді.

Ұстазымыз Шолпан апай (Шолпан Жандарбекова – Ж.Қ.) келді. Мен философиядан емтихан тапсырайын деп отырғанмын. Сол аудиторияға кіріп, мұғалімнен сұрап алып: «Сені театрдың көркемдік кеңесіне сынаққа апаруым керек» деді. Әлі күнге есімде — сыртта қар жапалақтап жауып тұр. Өнер институтынан ескі театрға дейін төрт-бес аялдама, бірақ біз жаяу бардық.

Жолда менен «Қандай материалың бар?» деп сұрады. «Ештеңем жоқ, білгем де жоқ қой» деп жауап бердім. Сонда: «Сахна тілінен не оқыдың?» деді.
Мен Островскийдің «Жазықсыз айыптыларынан» Незнамовтың монологын айттым. «Соны барғанша есіңе түсір» деді. Мен оны үшінші курста тапсырғам, содан жол бойы есіме түсіріп бардым. Барсақ, басқа жас актерлер бұрыннан жүріп жатқан спектакльдерден өздеріне ұнаған рөлдерді алып, көркемдік кеңеске ұсынып жатыр екен. Бір кезде кезек маған келді. Кешті Жақып Омаров жүргізіп тұр екен. Бір кезде шықты да, неге екенін білмеймін, орысша «Монолог Незнамова читает студент четвертого курса Тілектес Мейрамов» деп хабарлады. Менің аяқ-қолым дірілдеп кетті. Сахнаға шыға алатын түрім жоқ, аузым кеуіп қалды. Сол кезде артымнан біреу келді де, желкемнен қапсыра ұстап алды. «Твою мать…» деп бір боқтады да, «В искусстве надо быть нахалом!» деп құйрықтан бір теуіп жіберді. Мен сүрініп барып тоқтадым. Артыма бір қарасам, Әнуар Молдабеков ағамыз екен.

Кейін, енді еркін сөйлесетін кезде сұрадым ғой: «Аға, неге олай істедіңіз?» деп. Сонда «Сенің қатты қобалжып тұрғаныңды көрдім. Назарыңды басқа жаққа аудару керек болды» деп айтты. Сол жағдай қамшы болды ма, әйтеуір өтіп кеттім. Содан бері табаны күректей отыз жылдай сол театрда қызмет еттім. Алғашқы рөлдерімді де сол сахнада ойнадым.

                     ҚАЗІРГІ СПЕКТАКЛЬДЕР СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

  Алғашқы рөлдерімді сол сахнада ойнадым дедіңіз. Сол туралы айтып берсеңіз…

Менің актерлік жолымды ашқан алғашқы рөлім Қозы Көрпеш болды. Оның да өзіндік қызық тарихы бар. Соның алдында бір-екі ай бұрын бір әңгіме шыққан. Ұстазымыз Шолпан апай сабақта отырып: «көркемдік кеңесте Әзірбайжан Мәмбетов көшеден болса да, маған бір әдемі қыз бен бір әдемі жігіт тауып келіңдер, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» қоямын» деп айтып қалды деп. Мен оған онша мән берген жоқпын. Өйткені өзімді әдемімін деп есептемеймін. Әлі де сол пікірдемін (күледі). Біздікілер: «Әзеке, олар актерлік шеберлікті білмейді, көшеден келген бала не ойнайды?» десе, сонда ол: «Оларға ойнаудың қажеті жоқ, сахнада қалқиып жүрсе болды. Қалғанын Қарабай, Жантық, Қодарлар жасайды» депті. Бұл, негізі, спектакльдің кілті еді, оған кейін тағы оралармыз. Содан, әйтеуір, Қозының рөлі аяқ астынан маған бұйырды. Театрға орналасқаннан кейін бір-екі ай өткен соң, Жақып Омаров орыстан аударылған «Ана жүрегі» спектаклін қойды. Сол жерде маған Илья деген шағын рөл берілді. Соған дайындалып, репетицияға ертерек келдім. Залға кірсем, Жақып аға маған саусағын шошайтып: «Ты иди!» дейді. Мен аң-таңмын: «Иди» дегені қалай? Ештеңе бүлдірген жоқпын, кешіккен жоқпын… Сөйтсем: «Тебя утвердили на роль Қозы» дейді.

Есім шығып кеткені сонша — театрдың ішін білмеймін ғой әлі, Әзекеңнің бөлмесін жарты сағаттай іздеппін. Қайта-қайта қасынан өтіп кетеді екенмін.

Әйтеуір таптым. Кірсем, ығай мен сығайдың бәрі отыр. Тіпті, шошып кеттім.

Бірақ солай біртіндеп ілігіп кеттім ғой. Үлкен ағалардың, ұстаздардың көмегі көп болды. Сөйтіп, Қозыдан басталған жол ұзақ жылдар бойы лирикалық рөлдерге ұласты. Ғашықтың рөлі болса, маған береді, маған келеді.

Ал кейін, тоқсаныншы жылдары барып, аздап бетбұрыс жасалды. Сол кезде ғана күрделірек, басқа кейіптегі рөлдерге ауыса бастадым.

Аға, бүгінгі театрлардың деңгейін қалай бағалайсыз? Сіздердің кезеңдеріңізбен салыстырғанда не өзгерді?

— Мен қазір сағынып еске алатыным — сол дәурен. Өйткені тарихтан да білесіз, ол заман Әуезов театрының алтын ғасыры деп аталады. Шартты түрде 1964-65 жылдардан бастап, 1995 жылдарға дейінгі отыз жылдан астам уақытты қамтыды. Сол кезеңде небір туындылар дүниеге келді. Тек Қазақстанды емес, бүкіл Одақты шулатқан спектакльдер болды. Мен қазір сол кезді сағынам. Сол спектакльдерді сағынам. Қазіргі бір күндік, екі күндік уақытша дүниелерді көргенде, шынымды айтсам, қарным ашады…

Мысалы, «Ана Жер — Ана» спектаклі 1964 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алған. Содан мен театрдан 2001 жылы кеткенге дейін отыз жеті жыл бойы үзбей сахналанды. Айына кем дегенде екі рет қойылатын.

Қаншама гастрольге бардық: Мәскеу, Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкент… Өзіміздің облыстарды айтпағанда. 1973 жылы Бүкілодақтық байқауда озып шығып, Иранның Шираз қаласында қойылды, ол жақты да дүр сілкіндіріп келдік. Ал «Қан мен тер» спектаклі жиырма бес жылға жуық жүрді.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» да жиырма бес жылдан артық сахнадан түскен жоқ. Талай буын актерлер ауысты. Мен өзім Қозыны қырық екі жасқа дейін ойнадым. Кейін Жантыққа ауыстым, Қарабайды сомдадым. Бірақ бір қызығы — актерлер ауысса да, спектакльдер сыр бермейтін. Өйткені олардың сүйегі мықты болды. Ал қазіргілер… Шынын айту керек, сын көтермейді. Көлденең бір актер келсе, бірден шашылып қалады. Өйткені негізі жоқ. Сондай спектакльдерді қатты аңсаймын. Сол деңгей қайта болса екен деп ойлаймын.

            КЛАССИКА ҚАЛАЙ БОЛСА СОЛАЙ ҚОЙЫЛЫП ЖАТЫР

 Әлгі айтқаныңызға қарағанда, бүгінгі театрда белгілі бір мәселелер бар сияқты. Сіздің ойыңызша, театрдағы негізгі түйткіл неде?

— Қазіргі спектакльдердің басым көпшілігі құлақ пен көзге ғана әсер етеді, жүректен өтпейді. Мен айтам: айналайындар-ау, адам көзсіз де, құлақсыз да өмір сүре береді, ал жүрек тоқтаса, ми тоқтаса — бітті, адам өледі. Соны біздің буын әлі күнге дейін жеткізе алмай келеміз.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Ресейдегі Кіші театрдың көркемдік жетекшісі, әйгілі актер Соломин де осыны айтып кетті. Мен өзімді олармен салыстырып отырған жоқпын, тек көрген, оқыған дүниені айтып отырмын. Жақында ғана Олег Басилашвилидің сұхбатын оқыдым. «Айттым, қойдым, шаршадым, енді айтпаймын» дейді. Оны да мазалап жүрген дәл осы мәселе. Бірақ тыңдап жатқан ешкім жоқ. Кешегі күнге дейін «классиканы бұзуға болмайды, мәтінге тиіспеу керек» деп зарлап келдік. Ал қазір сол классика қалай болса солай қойылып жатыр. Сосын енді неше түрлі шеттен, сырттан режиссер шақыру сияқты «сән» шықты. Олар материалдың тереңіне бара алмайды, қаза алмайды. Содан бетіндегі қаймағын ғана қалқып алып, гонорарын алады да, соған бәрі мәз болып қалады. Бұл — жалпы барлық театрларға ортақ мәселе.

Мен аттарын атап айтпай-ақ қояйын, Астанада болсын, Алматыда болсын, бәрінде бір жағдай. Басым көпшілігі — плагиат. Ана жақтан көргенін, мына жақтан көргенін, интернеттен алғанын әкеліп тықпалайды. Біз соны «ах», керемет деп қабылдаймыз. Сөйтіп көрерменді шатастырамыз, адастырамыз.

Талай жаздық та. Мұны кезінде Әшірбек Сығай «классиканы ойыншыққа айналдыруды доғару керек» деп жазған. Бірақ соған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Айтсаң, жексұрын боласың. Айтпай тағы болмайды. Мен қазір сол екіұдай күйде жүрмін.

Мен ылғи айтам: үндемей қалсам, ол сізбен келіскенім емес. Ол сізге айтудың қажеті жоқ деп есептегенім. Өйткені сіз оны түсінбейсіз. Тіпті естігіңіз де келмейді. Өздерінің бір қалыптасқан түсінігі бар, содан шыға алмайды.

Ал сырт көзге бәрі көрініп тұрады. Мен тағы да сол Әзекең қойған спектакльдерді мысал қылып айтам. Ең обал болған дүниелердің бірі — Чеховтың «Ваня ағайы». Негізі, қазақ сахнасында аудармалар өте нашар жүреді. Ал сол қойылыммен Мәскеуге барғанда, бүкіл сыншылар тік тұрып мойындады. Бір ғана сын айтқан адам болды, жаңылмасам, Крымова болуы керек. Сол, бір актрисаға қарап: «Милочка, за столом в шляпе не сидят» дегені. Спектакльден тапқан бар «кемшілігі» сол ғана. Ал қалғандары:

«Рақмет сіздерге, қазақтар. Сіздер біздің Чеховты өзімізге қайта алып келдіңіздер» деп алғыс айтты. Өйткені ол кезде де «эксперимент» деген басталып кеткен еді. Мысалы, Литваның режиссері Някрошюстың «Ваня ағайы» да сол кезде біраз дүркіреді. Біз өзіміз көрген жоқпыз, бірақ көргендер айтады, «кейіпкерлердің бәрі дерлік нашақор сияқты берілген» деп.

Ал түпнұсқада ондай нәрсе жоқ қой. Бұл — Батыстың ықпалымен келген дүние. Соны Мәскеудің сыншылары «жаңалық», «жаңашылдық» деп көкке көтеріп жатты. Қазір біз дәл сондай кезеңге тап болып отырмыз.

                          ҚАЗІРГІ КӨРКЕМДІК КЕҢЕС ҚАУҚАРСЫЗ

 Демек, театрдағы қазіргі басты мәселе драматургияда да, актерлік шеберлікте де емес, режиссурада деп айтуға бола ма?

Бұл — бәрі бір-бірімен тығыз байланысты нәрсе ғой. Мен жас кезімде «Қазақ әдебиеті» газетіне бір шағын мақала жазғам. Өздері сұрап алды. Атауы – «Себебі мен салдары». Сонда айтқан сөзім әлі есімде. Біз өзі кінәмшіл халықпыз. Әсіресе, театрдың адамдары. Мысалы, спектакль сәтсіз шықса, драматург режиссерді «менің ойымды жеткізе алмады» деп кінәлайды. Режиссер актерді «ойымдағыдай ойнай алмады» деп кінәлайды. Актер байғұс костюмерді, тағы біреуді кінәлайды… Біріне-бірі «сен нашар пьеса жаздың», «сен нашар қойдың», «сен нашар ойнадың» деп тура айта алмайды. Аяғында бәрі жиналып алып, «Біз керемет спектакль қойдық, көрермен түсінбеді» деп көрерменді кінәлайды. Ал көрермен ақымақ емес қой. Бәрін түсініп отыр. Тек қабылдауы басқа.

Айтқандай, бүгінгі көрермен қандай? Өзгерді ме? Қазіргі театрдан не күтеді деп ойлайсыз?

— Қазіргі көрерменнің көзі мен құлағы ғана жұмыс істейді. Біздің кезіміздегі көрермен спектакльді санасымен қабылдап, жүректен өткізетін. Мен ылғи айтам: өнердің қай түрі болмасын ең басты миссиясы — жүрекке жету. Толғандыру. Тебіренту. Түрлі сезімдерді ояту. Ал қазіргі басым бағыт — таң қалдыру. Қайтсем таң қалдырам, мазмұны аса маңызды емес. Біздің кезімізде ондай емес еді. Мысалы, «Ана Жер — Ана» спектаклін алсақ, оны алты-жеті рет көрген адамдарды білетінбіз. Тіпті, жаттап алған. Бізде Антонова деген буфетте істейтін орыс әйел болды. Спектакль қойылса болды, буфетін тастап, балконнан тұрып көретін. Неше рет көргенін білмейміз, бірақ қайта-қайта келіп көретін. Тетя Катя деген кісі де реквизиттер бөлімінде жұмыс істейтін. Сол да спектакльді жақсы көретін, сахнаның сыртына келіп отыратын, тіпті тілін түсінбесе де, қорсылдап жылап жүретін, соншалықты әсерленіп.

Ал қазір ондай спектакльдер жоқ. Премьераға келіп бір көрсе болды, кейін көрермен аяғы сирейді. Көрерменнің талабы да төмендеп кетті. Талғам емес, театрға деген талабы.

Бұрын кездесулер жиі болатын. ЖОО-ға, мектептерге, мекемелерге актерлер шақыртулар алатын. Сол жерде көрермен өз ойын айтады, пікір білдіреді. Газет беттерінде талқылаулар, пікірталастар да көп болатын. Ал қазір ешкім газет оқымайды. Біз сапалы дүние ұсынып, көрерменнің талғамын тәрбиелеудің орнына, солардың дәрежесіне түсіп, ығына жығылып барамыз.

 Бұрын театрларда Көркемдік кеңес болды. Олар спектакльдерді алдын-ала қарап, тек сапалысын ғана сахнаға шығаратын. Қазір сол кеңестер бар ма? Бар болса, қазіргі қызметі қандай?

Бар ғой, бірақ қауқарсыз. Көркемдік кеңестің мүшелері кей театрларда сайланады, ал кей театрларда тағайындалады. Мысалға, мен қазір ресми түрде сол кеңестің мүшесімін. Біз кезінде Тұңғышбай Жаманқұлов екеуміз Көркемдік кеңеске ерте кірдік. Сол кезде репертуарға алынатын пьесалар жан-жақты талқыланатын. Чат деген жоқ, бәріміз көзбе-көз жиналып, пьесаны бір адам оқиды. Сосын оны ортаға салып, жарай ма репертуарға, жарамай ма деп талқылаймыз. Әркім өзінің ойын айтады. Менің тілімді шығарған да Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов – Ж.Қ.) еді. Сол кезде Сәбира Майқанова, Серке Қожамқұлов отырғанда, өз ойыңды айтқың келмей, соларға қосылам десем, Әзекең ашуланып: «А все, кончай, кончай! Иж ты какой хитрый, давай свое!» дейді. Сосын амалсыз өз ойыңды айтасың. Бірақ бір жақсысы, оны ешкім көңіліне алмайды. Кейде тіпті сөзге де келіп қаласың. Есімде, Сәбира апайдың пікіріне екі рет қарсы шыққанымда, «мә, енді құрыдым ғой, ренжитін болды ғой»деп жүрдім. Жоқ, олай болмады. Асханаға түссем, бұрышта отыр екен. Мені «өлмес» деп атайтын. «Әй, өлмес, бері кел» деп қасына шақырды. Мен қорқып қасына барсам, даяшы қызға:
«Қызым, мына өлмеске мәнті берші, ақшасын өзім төлеймін» деп жатыр.

Жұмыс үстінде талай нәрсе болды, бірақ сол жерде бәрі жұмыс ретінде қалатын. Адами қарым-қатынасқа ешқандай нұқсан келтірмейтін. Қазір ондай емес. Спектакль премьерадан он күн, кемінде бір апта бұрын Көркемдік кеңеске тапсырылады. Қазіргідей бір күн қалғанда емес. Ондай жалған формальность кімге керек? Сол кезде ең қорқатынымыз Көркемдік кеңес еді. Мысал ретінде айтайын, Алтыншаш Жағанованың «Беймаза әйел» спектаклі қойылды. Фарида апай (Фарида Шәріпова – Ж.Қ.) басты кейіпкерді, мен баласын ойнадық. Сол спектакльді сахнаның сыртында Көркемдік кеңеске тапсырғалы тұрмыз. Фарида апай: «Тілектес, қарашы, қорқып тұрмын» деп менің қолымды жүрегінің тұсына апарып, дүрсілін тыңдатты. Мен: «Ой, Апай, сіз неменеге қорқасыз?» десем, «Ойбай, қазір құртады ғой, қазір жейді ғой» дейді. Сол бетің бар, жүзің бар демейді, сойып салатын. Кемшіліктерімізді айтады, жақсы жақтарымызды айтады. Жәй сынап қана қоймай, «былай болса қайтеді, олай болса қайтеді» деп ақыл-кеңесін береді. Ол кезде Көркемдік кеңестің беделі күшті болды. Әділін айтатын, санасы бар адам ойланатын. Ал қазір ол да жоқ. Қазір қауқарсыз деп отырғаным, көп дүние айтылып та  жатыр, бірақ құлақ асып жатқандар жоқ. Мен сол мектептен өткендіктен, қазіргі жағдайды мүлде түсінбеймін.

                   ТЕАТР МЕНІҢ ЕРКІНДІГІМДІ ҰРЛАДЫ

  Байқағаным, әңгіме барысында Әз ағаны көп еске аласыз. Сіз сол Әзірбайжан Мәмбетовтің «шинелінен шыққандардың» бірісіз. Ол кісі режиссер ретінде қандай еді?

— Иә, Әзекең — бөлек әңгіме. Қазақтың маңдайына біткен данышпан ғой. Ол кісінің ең үлкен еңбегі — қазақ театрын тұрмыстық сөзден әрекетке көшіруі. Театрдың негізі — әрекет. Актер — әрекетші. Әз ағамыз сөзден гөрі әрекетке көбірек мән берді. Сол арқылы өзі де өсті, актерларды да өсірді. Бір емес, бірнеше буынды тәрбиеледі. Қазіргі режиссерларға қарасаң, әрбір қадамыңды, әрбір сөзіңді бақылап отырады. «Мен сияқты ойна» дейді. Ең үлкен кемшілік — осы. Ал мен басқа адаммын ғой. Менің табиғатым бөлек, рөлге деген өз көзқарасым бар. Онымен санаспайды. Ал Әзекеңде ондай болған жоқ. Ол актерден өзі де азық алатын. Үстел басында көп отырмайтын. Мәтінді сіңіруді көмекшілеріне тапсырады да, анда-санда келіп бір-екі ескерту айтып кетеді. Ал сахнаға шыққанда — басқаша. Екі апта бойы қуалайды. Сол кезде нағыз спектакль туады. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» Қодар мен Жантықтың бір сахнасы бар. Мен соны жиі айтам. Бар болғаны алты-ақ реплика. Бірақ соны жарты сағат ойнайтын. Сөз анда-санда айтылады, қалғанының бәрі — әрекет. Басқа режиссер болса, сырттан қарап тұрып-ақ: «спектаклімді бүлдірді» деп ашуланған болар еді. Ал Әзекең керісінше, сырттан қарап күліп тұратын. Бірақ солар бір сәтке де негізгі мақсатынан айнымайды. Міне, шеберлік деген осы. Актерлер бір-бірін толық түсінеді, сахнадағы серіктес ретінде бір деммен жұмыс істейді. Біз сырттарынан бақылап, рахаттанып тұратынбыз. Әзекең актерге толық еркіндік беретін. Қазіргі режиссерлар да солай істесе ғой. Бірақ істей алмайды. Сосын келіп: «менің ойымдағыдай ойна» дейді. Сонымен не режиссура жоқ, не актерлік жоқ болып шығады.

Сіз театрдағы аға буынның талай мықты өкілдерінің көзін көрдіңіз, көбісімен сахнада бірге жүрдіңіз. Солардың ішінде өзіңізге ерекше әсер еткен, үлгі тұтқан, еліктеген тұлғаларыңыз болды ма?

Еш ойланбастан айтам, менің пірім — Әнуар Молдабеков. Ол — қазақтың ұлы актері. Өте талантты, бірақ сондай қарапайым еді. Кейде тіпті өз талантына өзі қысылатын сияқты көрінетін. Неге соншама дарынды болып туғанына ұялатындай… «Қыз Жібек» дүркіреп тұрған кез ғой. Қаны жерге тимей тұрған шағы. Сонда көшеде болсын, басқа жерде болсын, халық танып қалады да:
«Ой, сіз Шегесіз бе?» деп, қолтаңба сұрайды. Қолына не түссе соған, блокнот па, сіріңкенің қорабы ма — бәрібір. Ал ол болса: «Мен емес, мен емес» деп қашып жүретін. Кейін ондай жағдай өзіміздің де басымызға келді ғой. Сонда ойлайсың: соншалықты қарапайым болуға да болмайды екен… Ондай актер енді қайталана ма, жоқ па — білмеймін. Мен ол кісі қайтқаннан кейін көптеген рөлдерін ойнадым. Бірақ бәрібір… оны қайталау мүмкін емес. Әзекең де Әнуар ағамыз қайтқанда қатты күйзелді. Жылады. Бәрімізді қара киіндірді. Сол күні демалатын бөлмесіне кіріп, жанында отырдым. Сонда бір ғана сөз айтты: «Все!…», яғни, «бәрі бітті…» дегені ғой.

Соңғы сұрақ. Театр сізге не берді? Сіз театрға не бердім деп ойлайсыз?

Турасын айтайын, білмеймін. Бұл сұрақ төңірегінде ойланбаппын да. Не бергенін білмеймін, бірақ нені алғанын айтайын. Театр менің еркіндігімді ұрлады. Бас еркіндігімді де, адами еркіндігімді де… Ертеректе, көне Грекия заманында бір данышпан айтыпты дейді ғой. Соны Асқар Сүлейменов:
«Сахнаның құлы да, патшасы да — актер» деп аударған. Міне, сол «құл» деген сөзді біздің режиссерлар жақсы меңгеріп алған. Театр басшылығы да, басқасы да. «Сен құлсың» дейді. Өмір бойы төбеңнен басып отырады.

Ал сен оның «патшасы» деген қосымша тіркесі барын айтсаң, «оны кім айтты, бос сөз» деп шығарады. Негізі олай болмауы керек қой… Сондықтан театр маған құл болуды үйретті. Кейде айту керек жерде айта алмай қалдым. Сөйлейтін жерде сөйлей алмай қалдым. Менің ұтылған жерім — сол. Мен еркіндігімнен айырылдым. Әйтпесе, бір кісілік мінез менде де бар еді… Өкінішке қарай, ол кезде жөн айтатын адам да болмады. Сондықтан бұл — өте қиын мамандық. Егер актерліктің осындай тәуелді кәсіп екенін ертерек білсем, мүмкін, мүлде таңдамас та едім…Тіптен жоламас та едім. Ал мен театрға не бердім? Оны мен емес, көрермен біледі.

Біледі, аға, біледі. Әңгімеңізге көп рақмет! Біз әлі де Сізді сахна төрінен көргіміз келеді. Өнердегі өміріңіз ұзақ болсын!

Сұхбаттасқан Жұлдыз Қапезова, театртанушы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button